Білім беру жүйесіне бақылауды күшейту қажет – саясаттанушы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде бірқатар салаларға тоқталып, өзекті мәселелерді тілге тиек етті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Мемлекет басшысы соның ішінде білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсартуға баса мән беру қажеттігін айтты.
Оның сөзінше мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез-келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды. Мұндай әрекет ұстаздардың біліктілік деңгейін күрт төмендетеді. Сол себепті, мұғалім даярлау ісін жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін мәлімдеді. Сонымен қатар білім беру жүйесі өскелең ұрпақтың болашағына байланысты өте маңызды міндет екендігін жеткізді.
Осы мәселеге қатысты саясаттанушы Айдос Бәделұлы өз пікірімен бөлісті. Оның сөзінше, мұғалімдерді жұмысқа қабылдауда үлкен саяси идеология мен жауапкершілік болуы шарт. Ұлтқа білім беру, қызмет ету және жол көрсету мемлекеттің саясатындағы стратегиялық басым бағыттардың бірі.
«Идеологиялық жағынан мұндай талаптарды қою маңызды деп есептеймін. Оның ішінде мұғалімдерді жұмысқа қабылдауда мемлекеттік тілді білу деңгейі мен оған деген құрметі де ескерілу керек. Өзіміз де естіп, көріп жүрміз. Көп ұстаздардың мемлекеттік тілді менсінбейтіндігі байқалып жатыр. Мәселен сабақ барысында Ресейді насихаттайтын дәрістерді оқуы. Орыс тілді сыныптарда тарих мұғалімі Қазақстан тарихын толық түсіндіре алмайды деген сөз тағы өріп жүр. Бұл да үлкен қателіп болып отыр. Сондықтан орыс сыныптарына беретін мұғалімдерге қойылатын талап қатаң болуы тиіс. Ал бұл жағдайда өскелең ұрпақтың болашағына қатысты Президенттің ден қойып жатқандығы қуантады», - деді ол.
Бұдан өзге Мемлекет басшысы Президенттік жастар кадр резервіне де тоқталды. Кадр мәселесі жоғары білім беру жүйесі үшін де өте өзекті екенін айтты. Бұл жөнінде сарапшы аты айтып тұрғандай бұл да бір шектеулі деңгей екенін алға тартты. Елімізге тәуелсіз, еркін ойлай алатын жастарды жұмысқа тарту керек деп санайды.
«Бір жағынан ойлап қарасақ, кадр резерві бойынша бәрібір де саяси және жеке тұлға жағынан болсын тәуелді көзқарасты жастардың болуы әбден мүмкін. Ал бізге кең ойлап, оқушылардың алдында өзін еркін ұстайтындар керек. Сол себепті кадр мәселесі аса маңызды. Ал шектеу тұрғысынан қарау дұрыс емес. Бір мың маманды арнайы дайындықтан өту керектігін айтқан екен. Мұны нақтылау қажет. Мәселен мың адамды қабылдаудың критерийлері қандай немесе оған қандай адамдар өтуі мүмкін деген мәселе тағы бар. Қабылданғаннан кейін білімді ақтай алуы тиіс. Бұл мәселені идеологиялық жағынан да қарастыру керек. Себебі білім беру жүйесіне қазір әртүрлі көзқарасты адамдар мен шовинисті насихаттайтындар келіп жатқанын білесіздер. Мұның бәрі білім саласындағы бақылаудың жоқтығынан деп ойлаймын», - дейді саясаттанушы.