Жаңалықтар

Биліктің беделін түсіру үшін жалған ақпарат тарататындар көбейді - Тоқаев

Биліктің беделін түсіру үшін жалған ақпарат тарататындар көбейді - Тоқаев
Фото: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 28.01.2025 12:57 325

Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында интернет пен әлеуметтік желідегі алаяқтық туралы сөз қозғады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жаппай цифрландыру мемлекеттің азаматтармен және бизнес өкілдерімен қарым-қатынасын айтарлықтай жеңілдетеді. Сондай-ақ бюрократияны және сыбайлас жемқорлық қатерлерін азайтады. Бұл – түсінікті. Алайда таяқтың екі ұшы бар, цифрландыру дамыған сайын алаяқтық көбейіп барады. Қоғамдық пікірге теріс ықпал ету, биліктің беделін түсіру және ел ішінде алауыздық тудыру үшін жалған мәлімет таратып, ақпараттық шабуыл жасау белең алуда. Мұндай әрекеттер азаматтардың қауіпсіздігіне және елдегі тұрақтылыққа үлкен қатер төндіреді. Сондықтан интернет-платформаларда арандатушылық сипаттағы ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартуды заңмен бекіту мәселесін ойластыру керек. Бірақ киберқауіпсіздікті күшейту шаралары цифрландыру үдерісіне тосқауыл болмауға тиіс, - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы азаматтардың жеке деректерін қорғауды тапсырды.

Қоғамда мемлекеттің азаматтарды кибералаяқтардан қорғау үшін қабылдап жатқан шаралары нәтижесіз деген қасаң пікір қалыптасып келеді. Статистика да көңіл көншітпейді. Жыл сайын 20 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркеледі. Қылмыстың 80 пайызға жуығы әшкереленбейді. Сондықтан Үкімет құқық қорғау органдарымен және қаржы саласын реттеушілермен бірге азаматтардың жеке деректерін қорғауды мейлінше қамтамасыз етуі керек, - дейді Президент.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға