Билікті легитимдеудің механизмдері
Саяси билікті легитимдеудің әртүрлі механизмдері бар. Назарларыңызға Польша саясаттанушысы Юзеф Гайданың классификациясын ұсынамыз.
1. Легитимдеудің әлеуметтік-психологиялық механизмі. Бұл билік институттарының құқықтық мәртебесін мойындату үшін жеке тұлғаларды психологиялық тұрғыда дайындауды қалыптастыратын механизм. Мысалыға, билік адамдарды өзінің әрекетінде кемшіліктердің болуын объективті құбылыс екендігіне сендіреді және сол үшін оны «түсініп, кешіруге» болатынына көзін жеткізеді, оның есесіне болашақта «жағдайды тез қалпына келтіретініне» уәде береді.
2. Легитимдеудің азаматтардың қатысуына негізделген механизмдері. Ю. Гайда әділ бағасын айтып өткендей, «азаматтардың басқаруда қатысуы билікті легитимдеудің ең сәтті, әрі жетілген формасы және онда саяси субъективтілікті сезінуге, саяси режиммен, оның жүргізіп отырған саясатымен теңесуге мүмкіндік береді». Адамдарға сайлау мен референдумға қатысуға, саяси партиялар құруға мүмкіндік бере отырып, билік адамдарда саясатты жүзеге асыру мен қалыптастыруда ортақтастық сезімін жаңғыртады.
3. Легитимдеудің әлеуметтік-техникалық механизмі. Бұл саяси әлеуметтену мен саяси сананы қалыптастыру механизмі. Аталмыш механизмнің көмегімен, нәтижесінде билік органдарының қызметін ақтап шығатын, адамдарда белгілі бір саяси көзқарастар қалыптастырады.
4. Легитимдеудің технократиялық механизмі. Технократиялық легитимдеу саяси билік қызметінің нәтижелілігін қамтамасыз етеді. Ол адамдардың билікке жұмсақ қатынасын қалыптастырады.
5. Легитимдеудің күш қолдану механизмі. Мұндай жағдайда билік еріксіз көндіру, қорқыту, үрейлендіру сияқты тәсілге жүгінеді. Оның көмегімен қоғамның билікке қатынасында белгілі бір жұмсақтық деңгейін қалыптастыруға жетуге болады.
6. Ішкі және сыртқы қауіптер сезімін қалыптастыру жолымен легитимдеу. Бұл билікті легитимдеудің кең тараған механизмі. Мұндай жағдайда билік шынайы және алдамшы ішкі немесе сыртқы қауіптерге сілтеме жасай отырып, биліктің заңдылығы туралы мәселені екінші деңгейге ысырып, адамдарды өз айналасына біріктіре отырып, өзінің жағдайын бекемдей түседі.
Жалпы, легитимділік дағдарысын реттеу әрекеттері саяси режимді қолдаудың төмендеп кетуі себебін есепке ала отырып жасалғаны жөн. Дағдарыстық жағдайдан шығудың жалғыз жолы, мемлекет үшін әрқашан қоғамдық пікір бағаланатын, келесілерді атап айтуымызға болады:
- Тұрғындармен байланысты үнемі қолдап отыру;
- Өзінің мақсаттарын түсіндіруге бағытталған іс-шаралар жүргізу;
- Заңдардың үнемі жаңартылып отыруы мен көзделген мақсаттарға жету арқылы құқықтық әдістердің рөлін күшейту;
- Билік тармақтарының теңгерімділігі;
- Қатысушы күштердің мүдделеріне қысым көрсетпестен, саяси ойын ережелерін сақтау;
- Мемлекеттік биліктің әр түрлі деңгейлеріне қоғамдық ұйымдар тарапынан бақылауды ұйымдастыру;
- Қоғамда демократиялық құндылықтарды бекіте түсу;
- Тұрғындардың құқықтық сауатсыздығын еңсеру және т.б.
Билікті легитимдеудің тағы бір механизмы ол сайлау. Өркениетті, демократиялы қоғамда саяси процеске қатысудың негізгі түсінігіне сайлау жүйесі жатады. Сайлау арқылы азаматтар мемлекеттің өкілетті, заң, сот, атқару органдарын қалыптастыруға қатысады. Азаматтардың саяси құқығының жүзеге асырылуын білдіреді. Сайлау барысында халықтың қалауы бойынша басқарушы элита алмасады, билік бір қолдан екінші қолға бейбіт жолмен беріледі.
Сонымен қатар халықтың басқарушы элита өз қызметін қалай атқарып отырғанына бақылау жасау мүмкіндігін береді. Сайлау жүйесі – белгілі бір билік түрінің мемлекеттік өкілеттік, заң шығаратын, атқару, сот орындарын қалыптастыруға қатысуын қамтамасыз ететін ережелер мен әдістердің жиынтығы. Жалпы алғанда сайлау жүйесіне мемлекеттік қызмет орындарына үміткерлерді ұсыну тәртібі, процесі және негізгі принциптері, оны ұйымдастыру, материалдық жағынан қамтамасыз ету, сайлаушылармен жұмыс жүргізу және т.б. шаралар кіреді.
Дәурен Өмірәлі
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Философия және саясаттану факультеті, Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының магистранты