Білікті маман — ел болашағы
Қазіргі таңда еліміздің біраз өңірінде түрлі салада маман тапшылығы сезіледі. Осындай мәселе Маңғыстау өңіріне де тән. Өңірдегі жастардың әлеуетін арттырып, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына ықпал ету мақсатында екі жыл бұрын «Жарқын Болашақ» бағдарламасы іске қосылған болатын.
Бағдарлама аясында маңғыстаулық жастар Астана, Алматы, Қарағанды, Өскемен, Семей сияқты қалалардағы оқу орындарында білімін шыңдай алады. Жобаның жұмысы мен алдағы жоспары туралы білу үшін бағдарлама кураторы Назерке Дабылмен сұхбат құрдық.
El.kz: Назерке ханым, алдымен «Жарқын Болашақ» бағдарламасының негізгі мақсаты мен міндеттері туралы айтып өтсеңіз...
Назерке Дабыл: «Жарқын Болашақ» бағдарламасы Маңғыстау өңіріндегі жастардың білім алуына, кәсіби және әлеуметтік дамуына ықпал етуді көздейді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жастарды еліміздің жетекші колледждері мен мектептерінде оқытып, біліктілігін арттыру, жаңа ортаға бейімделуіне көмектесіп, еліміздегі адами капиталдың дамуына үлес қосу.
El.kz: Бағдарламаға кімдер қатыса алады және білім беру мүмкіндіктері қандай?
Назерке Дабыл: Бағдарламаға Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау облысына қарасты Түпқараған, Маңғыстау, Қарақия, Бейнеу және Мұнайлы аудандарының мектептерінде оқитын жасөспірімдер қатыса алады. Оларға Қазақстанның 11 өңіріндегі 65 білім беру ұйымында, соның ішінде Астана, Алматы, Қарағанды, Өскемен, Семей сияқты қалалардағы оқу орындарында білім алу ұсынылады. Біз жастардың сапалы білім алып қана қоймай, кәсіби және тұлғалық тұрғыда дамығанын қалаймыз.
El.kz: Алыс аймақтардан келген жастарға жаңа ортаға бейімделу қиын болуы мүмкін. Бұл бағытта қандай қолдау көрсетесіздер?
Назерке Дабыл: Иә, сұрағыңыз орынды. Жастардың көбі үлкен қалаға келгенде өздерін сенімсіз сезініп, тілдік кедергіге тап болуы мүмкін. Сондықтан біз оларға орыс және ағылшын тілдерін үйренуге көмектесеміз, сондай-ақ психологиялық және әлеуметтік бейімделу тренингтерін ұйымдастырамыз. Сонымен қатар мәдени іс-шараларға, музейлер мен театрларға экскурсиялар ұйымдастырып, жастардың сапалы уақыт өткізгенін қалаймыз. Мұндай іс-шаралар студенттерге өзін еркін сезініп, жаңа қызығушылықтар табуына мүмкіндік береді.
El.kz: Бағдарлама балалардың сапалы білім алуын ғана емес, кәсіби түрде жетілуін де мақсат етеді дедіңіз.Қатысушылардың кәсіби машықтарды меңгеруіне қандай жағдай жасалған?
Назерке Дабыл: Біз еліміздің 13 өңіріндегі Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен ынтымақтастық жөнінде құжат – меморандум жасастық. Соның аясында бағдарлама қатысушыларына SMM, видеография, аспаздық сияқты заманауи және еңбек нарығында сұранысқа ие машықтар мен дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беретін тегін курстар ұсынылады. Сонымен қатар студенттер кәсіби тренингтер мен шеберлік сабақтарына қатысып, қосымша машықтарды игере алады.
El.kz: Бағдарламаға қазір қанша бала қатысуда?
Назерке Дабыл: Бағдарламаға осы уақыт аралығында мыңнан аса бала қатысуда. Бүгінгі күнге дейін 118 түлек бағдарламаны сәтті аяқтап, олардың 112-сі жоғары оқу орындарына түсті. Олардың ішінде еліміздегі беделді Назарбаев университеті, Қазақ-Британ Техникалық университеті және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті сияқты беделді оқу орындарына білім алып жатқан студенттер де бар. Сонымен қатар біраз түлегіміз қазірдің өзінде өз мамандығы бойынша жұмыс істеп жүр.
El.kz: Ал нақты мысалдар келтіре аласыз ба?
Назерке Дабыл: Әрине, бағдарламаның қаншалықты сәтті екенін дәлелдейтін түлектер екені сөзсіз. Мысалы, бағдарламаның алғашқы қатысушыларының бірі – жаңаөзендік скрипкашы Дария Сүлейман. Ол бағдарламаның қолдауымен Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжіне түсті. Осы күнге дейін оркестр құрамында Айман Мұсаходжаева және Димаш Құдайбергенмен бір сахнада өнер көрсетті. Ал биыл Еуразиялық симфониялық оркестр құрамымен Дубайда өткен Middle East Classical Music Academy фестиваліне қатысты. Алдағы уақытта Дария үлкен сахналарды бағындырып қана қоймай, Маңғыстау өңірінде классикалық музыканы дамытуды армандайды.
Талапты жастың бірі — Жәнібек Мақсатов. Ол бала күнінен ветеринар болуды армандаған. Жаңаөзеннің өзінде мұндай мамандыққа дайындамайтындықтан, былтыр Жәнібек біздің бағдарлама арқылы Павлодар облысындағы Ertis жоғары инновациялық аграрлық колледжіне оқуға түсті. Қазір ол колледжде зерттеу жасап, жануарларға операция жасауды үйреніп жүр. Ал болашақта жануарларға кез келген көмек түрін көрсете алатын білікті ветеринар болсам дейді.
Тағы бір болашағынан үміт күтер қатысушымыз – Нұржан Дүйсен. Ол қазір Астанадағы қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің екінші курсында білім алуда. Нұржан елорданың белгілі қонақүйлері мен кофеханаларында тәжірибеден өтіп, тіпті бір күнде 200-ге жуық круассан пісірген кезі де болған. Қазір Нұржан аспаз мамандығының қыр-сырын үйреніп, әлемдік деңгейдегі мейрамханаларда шыңдалғысы келеді. Ерекше рецептер ойлап тауып, Мишлен жұлдызын иеленсем деген арманы бар.
Сонымен қатар бағдарлама тек колледжге түсетін оқушыларға ғана емес, жоғары мектепке түсуге ынталы балаларға да көмектеседі. Мысалы Қарақат Аманқос деген қатысушымыз біздің бағдарлама туралы біліп, Тараздағы 125 High School мектебіне грантқа оқуға түсе алды. Мектепте білімін шыңдап, ҰБТ-да 120 балл жинады. Қазір Maqsut Narikbayev университетінде құқықтану мамандығы бойынша білім алуда. Яғни, біз балалардың білімін арттыруға барлық жағдайды жасаймыз. Жобаға «ҚазМұнайГаз» компаниясы мен «Samruk-Kazyna Trust» қоры қолдау білдіретіндіктен, балалар тегін білім алып, арнайы шәкіртақыға ие болады. Осылайша балалар бар назарын тек оқу мен кәсіби дамуға арнай алады.
El.kz: Бағдарлама түлектерінің болашағы туралы не айтасыз? Жұмысқа орналасу мүмкіндігі қарастырылған ба?
Назерке Дабыл: Атап өткенімдей, «Жарқын Болашақ» бағдарламасы тек білім берумен шектелмейді, сонымен қатар түлектердің тұрақты жұмысқа орналасуына да көмектесуді көздейді. Түлектер таңдаған мамандықтары бойынша тәжірибеден өтіп, жұмысқа орналасуға қажетті машықтарды меңгере алады. Біз олардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттігін арттыру үшін барынша жағдай жасаймыз.
El.kz: Бағдарламаның алдағы жоспары қандай?
Назерке Дабыл: Біз алдағы уақытта қатысушылардың қатарын көбейтіп, жастардың сапалы білім алуына арналған мүмкіндіктерді арттырғымыз келеді. «Жарқын Болашақ» бағдарламасы жастардың өз күшіне сеніп, жаңа мүмкіндіктерге ашық болуына жағдай жасауды көздейді. Сондықтан әр баланың болашағы жарқын болуына барымызды салуды мақсат етеміз.
El.kz: Әңгімеңізге рахмет!