Білектің көркі – білезік
Алғашқы қауымдық дәуірде өмір сүрген сақтар қолөнер туындылары ретінде әйелдердің зергерлік бұйымдарын жасай бастаған. Олар: білезік, жүзік, сақина, алтыннан жасалған моншақтар. Зергерлік бұйымдар негізінен ғарыштық, геометриялық ою-өрнектердің қарапайым элеметтерінен бедерленген.
Қазақ зергерлері, негізінен, түсті металдардан сан алуан әсемдік бұйымдар жасап отырған. Әсіресе, күмістен соғылатын көптеген сәндік бұйымдар — сәукеле әшекейлері, сырға, шолпы, шекелік, алқа, өңіржиек, қолтықша, тұмарша, білезік, сақина, жүзік, белбеу, қапсырма, түйме, тана, тіс шұқығыш ертеден-ақ кең тараған заттар.
Білезік бұйымдары б.з.б. ІІІ ғасырда Қазақстан аумағында белгілі болған полихрамдық дәстүрді жалғастырған біртектес мәнерде жасалған. Бірақ ХҮІІІ ғасыр шеберлерінің қолданатын басты шикізаты күміс болды. Қазақтар күмістің қарығыңқы реңін алтын реңмен тең көрген. Көпшілік әшекейлердің ақшыл сұрғылт өңі қазақтардың ұлттық киімдерінің түсіне үйлесіп келіп отырады. Салмақты және көлемді бұйымдарды Батыс Қазақстандық шеберлер құйып жасамаған, оларды қапталған күмістен соққан. Оның бетіне қалыпты өрнектер мен бедерлерді зерлеу жеңіл болған. Әшекейлердің тегістеу бетіне бедерлер шекіліп, ол бұйымның жоғары бөлігіне алдын-ала шекіліп дайындалған пластинкалар бекітілген. Зерлеу мен бүршіктеу сияқты әшекейлеудің күрделі техникасы қалтқысыз меңгерген Батыс Қазақстандық зергер-шеберлер сірә, Қазақстандағы жеке дара құбылыс болса керек. Бұл әдістермен, әдетте, көркемдік тұрғыдан аса бағалы және қымбат әшекейлер дайындалған.
Қазақ зергерлері таза алтыннан білезік, сырға, сақина, жүзік соққан, сонымен қатар құю әдісімен де жасаған. Бірақ, таза алтыннан жасалатын сәндік бұйымдар өте қымбатқа түсетіндіктен, оны тек ірі байлар ғана жасатқан. Қазақстанның батысы мен оңтүстігіндегі күміс әшекейлердің бетіне алтын жалату, алтынмен булау немесе қақталған жұқа алтынмен көркемдеу жиірек кездеседі. Зергерлердің айтуынша, күміс бетіне алтын жалату мен алтын булаудың айырмашылығы болмаған. Бұл тәсілді «алтынмен аптау» деп атаған. «Аптау, булау, жалату» деген ұғымдар бір-бірімен үйлеседі. Бетіне сынаппен араластырылған дәнекер себілген күміс бұйымға алтын ұнтағы қоса себіліп, отқа қыздырылғанда, алтын жылдам ериді. Алтын ерітіндісін түтікпен үріп, күміс бетіне түгел жаюды алтын жалату, алтынмен аптау не булау дейді.
«Білезік» сөзінің шығу төркіні – білек пен жүзік сөз тіркестерінен құралған немесе оны білекке салынған жүзік деуге де болады. Оны қыз-келіншектер де, орта жастағы әйелдер мен үлкендер де салады. Білезік көбіне күмістен, кейде таза алтыннан да жасалады. Тек күмістен соғылған білезіктердің өзі Қазақстанның әр өңірінде әр түрлі болады. Жергілікті өзгешеліктер оның жасалу, әшекейлеу тәсілінен де, көлемінен де, сыртқы мүсінінен де байқалады. Мәселен, Қазақстанның шығыс, оңтүстік-шығыс аудандарына, негізінен, жұмырланып және төрт қырланып соғылатын білезіктер тән болса, солтүстік және орталық Қазақстанға жұқартыла соғылған жіңішке білезіктер тән, оңтүстік өңіріне құйма сом білезіктер, ал батыс пен оңтүстік-шығысқа өте көлемді сырты алтынмен буланатын көзді білезіктер тән. Әрине, осы келтірілген білезік түрлерінің әрқайсысының ішінде айтарлықтай өзгешеліктер байқалады. Ол, негізінен, әр атырапта көптеген шеберлер мектебінің болғандығының айғағы. Бұған қоса бірнеше асыл тастардан тұратын үзбелі білезіктер де кездеседі. Олардың негізі күмістен жасалады да, сырты алтындалып, әр үзбенің үстіне әр түрлі тастардан көздер орнатады. Мұндай білезіктерге жиі қолданылатын тастар — ақық, ағат, т. б. Қазақстанның батысы мен оңтүстік-батысында жасалатын көлемді білезіктерге арнайы тағылатын шынжырлар ұшына 2-3 сақина, жүзіктер ілінеді. Мұндай білезіктердің сыртына сіркелеу әдісімен, негізінен, геометриялық өрнектер жүргізіледі.
Әзірлеген Айша КЕРЕЙ