Жаңалықтар

ӘБІЛҒАЗЫ Баһадұр хан

ӘБІЛҒАЗЫ Баһадұр хан (1603 — 1664) — Хиуа ханы (1645—63), тарихшы-шежіреші. Ә. Хорезм хандығының астанасы Үргеніште Жошы ұрпағынан тараған Арабмұхамед ханның отбасында туған. Әкесі Арабмұхамед хан 1602 ж. Хорезм ханы болып жарияланған.
28.08.2014 11:37 16306

ӘБІЛҒАЗЫ Баһадұр хан

ӘБІЛҒАЗЫ Баһадұр хан (1603 — 1664) — Хиуа ханы (1645—63), тарихшы-шежіреші. Ә. Хорезм хандығының астанасы Үргеніште Жошы ұрпағынан тараған Арабмұхамед ханның отбасында туған. Әкесі Арабмұхамед хан 1602 ж. Хорезм ханы болып жарияланған. Шешесі Меһірбану да Шыңғыс хан әулетінен шыққан, Арал теңізі маңындағы қазақ руларының ханы Жанғазы сұлтанның қызы. Ә. әкесі салдырған Арысхан медресесінде оқып, ғұлама ғалымдардан дәріс алған. Медреседе халық ауыз әдебиетін, тарихты оқып зерттеді, әскери өнер, мемл. басқару ісін меңгерді. 16 жасқа шыққанда әкесі оны үйлендіріп, Үргеніштің жарты бөлігін билеткен. Арабмұхамед ханның қартайған шағында балалары арасында билікке талас басталды. 17 жасынан бұл талас-тартысқа Әбілғазы да араласты. Оның аяғы ағайынды адамдар арасындағы қарулы қақтығысқа ұштасты. Сондай соғыстың бірінде 1621 ж. Ә. ауыр жарақаттанып, Әмударияны жалғыз жүзіп өтіп, қашып құтылады. Маңғыстаудағы түрікмендерді, қазақ хандары Есім мен Тұрсынды паналайды. Ә. Ташкентте Тұрсынхан сарайында 2 жыл тұрып, еліне қайтып келген соң, 1628 ж. ағаларының қолына түсіп, Иранға жер аударылды. 10 жылдай Исфахан қ-нда айдауда болған. 1638 ж. Исфаханнан қашып шығып, түрікмен руларының арасында жасырынып жүрген. 1640—41 ж. Жем өз. бойындағы Іалмақ ханы Хо-Орлектің ордасында тұрған. Осы жерден Арал қазақтары көп сыйлық беріп, Ә-ны қалмақ ханынан сұрап алып, өздеріне хан көтерді. 1643 ж. Ілияс би бастаған Арал қазақтары Хиуа ханы Аспандиярға қарсы көтерілгенде Ә. солармен бірге болған. Екі жыл бойы Хиуаға дамылсыз шабуыл жасап, ақыры қазақ, өзбек, қарақалпақтардың күшімен 1645 ж. Хиуаны алып, хан болып жарияланды. Хан тағына отырғаннан кейін де көп жылдар түрікмен тайпаларымен соғыс жүргізді, Хиуа хандығы жеріне баса-көктеп кірген қалмақтарға қарсы қиян-кескі ұрыс жүргізді, Бұхараға шабуыл жасады. Тек 1663 ж. ғана хандық билігін ұлы Ануш Мұхамедке беріп, бейбіт істермен айналысуға мүмкіндік алып, шығармашылық жұмысқа кірісті.

Ә. өз заманының білімді адамдарының бірі, зиялылардың ұстазы болды. Ол өзі туралы “Іұдай тағала мырзалық қылып, маған біраз нәрселер берген. Мен, әсіресе, үш түрлі өнерді жете меңгердім. Біріншісі — әскери өнер, яғни әскерді басқару, оның тәртібі т. т.; екіншісі — ақындық өнер, яғни түрлі өлең құрылысын сақтай отырып, түрік тілінде меснеуи, қасида, ғазел, рубаят тәрізді өлең шығара алу, араб, парсы, түрік сөздерінің мағынасын жетік білу; үшіншісі — бұрын Арабстан, Иран, Тұран, Моңғолияны билеген патшалардың өмірі мен мемлекеттік маңызды істерін, оларда болған ірілі-уақты оқиғаларды жатқа білу” деп жазды. Ә. жазған “Шежіре-и Тарахима” (“Түрікмен шежіресі”, 1661 ж.) және “Шежіре-и Түрк” (“Түрік шежіресі”, 1665 ж.) атты тарихи екі шығарма шығыстануда, оның ішінде түркітану мен қазақтануда кеңінен танымал болды. “Шежіре-и түрк” ғыл. ортаға 18 ғ-дың бас кезінде мәлім болды. Кітаптың қолжазбасын Ресейде тұтқында жүрген швед офицерлері Тобыл қ-сынан тауып, оны Бұхар ахунына орысша аудартқан. Көп өзгерістерге ұшырамай, қазіргі қазақ тіліне өте ұқсас таза көне түрік тілінде жазылған қолжазба алғаш рет француз (1726), орыс (1770, 1780) және неміс (1780) тілдерінде кітап болып шықты. 1825 ж. шежіренің араб әрпімен жазылған түпнұсқасы граф Н.И. Румянцевтің араласуымен Іазанда басылып шыққаннан кейін ғана ғыл. айналымға қосылды.  Акад. Х. Френ бұл басылымды “шығыстану ғылымының даңқын шығаратын үлкен іс” деп бағалады. 1854 ж. И.Н.Березин “Шығыс тарихшылары кітапханасының” 3- томына Г.С. Саблуков жасаған орысша аударманы кіргізді. Жоғарыдағы нұсқасы мен Даль коллекциясынан Азия музейіне түскен жаңа қолжазбаны пайдаланып, П.И.Демезон оның салыстырмалы нұсқасын екі кітап етіп бастырып шығарды (1871 — 74). Бұл шығарма — Шыңғыс ханнан бұрынғы және одан кейінгі дәуірлерде Орта Азия, Қазақстан, Таяу Шығыс елдерінде болған оқиғалар мен сол тұстағы ел басқарған хандар жүргізген саясат туралы жылнама. Еңбекте қазақ халқын құраған рулар мен тайпалардың көне тарихы, тұрмыс тіршілігі мен мәдениеті жайлы құнды деректер келтірілген. Ә. ханның “Түрік шежіресі” — тарихи-деректік, әдеби және тілдік жағынан өзге шежіре еңбектерден шоқтығы биік тұратын шығарма.

Әдеб.: Кононов А.Н., Родословная туркмен, Сочинение Абул-гази хана Хивинского, М-Л., 1958; Юсупов К., Абулгазы и Хивинское ханство в первой половине XVІІ в., М., 1959; Иванов С.Н., Родословное древо тюрок Абу-л-гази хана, Ташкент, 1969; Әбілқасымов Б., Әбілғазының Түрік шежіресі, А., 1992.

Б. Әбілқасымұлы 

"Қазақстан энциклопедиясы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға