Жаңалықтар

«Библия» және тарихтағы хэттер

«Библиядағы» «Хэттiң балалары» тарихта шындығында да болғандығы өткен ғасырдың соңында белгiлi болды.
30.06.2014 12:05 6702

«Библиядағы» «Хэттiң балалары» тарихта шындығында да болғандығы өткен ғасырдың соңында белгiлi болды. ХХ ғасырдың басында, Түркияның астанасы Анкарадан жүз шақырымдай жерде орналасқан Богезкей қаласынан белгiсiз тiлдегi сына жазулардың мол мұрасы табылды. Жазуларды бiрiншi боп оқыған чехословак ғалымы Б.Гроз­­­ный бұл жазулардың хэт империясы патшаларының архивi екендiгiн дәлелдедi (қазiр Богезкей орналасқан жерде ер­­теде хэттердiң астанасы Хаттушас қаласы болғандығы белгiлi бо­лып отыр).

Дегенмен, хэт империясының тарихта болғандығы жайлы болжамдар, бұдан ертерек, 1829 жылы Ф.Шампольон Мысыр перғауыны II Рамзестiң жазбаларын ашқанда, ХIХ ғасрдың қырқыншы жылдары Р.Лепсиус «Кадештегi соғыс» деп аталатын көне мысыр поэмасы мен египет-хэт патшалары арасындағы келiссөздердiң мәтiнiн аударып жариялағанда-ақ айтыла бастаған-ды. Бүгiнгi күнi б.д.д. ХҮIII-ХIII ғ.ғ.-да Кiшi Азияда Таяу Шығыспен Жерорта теңiзi маңайындағы өзге мемлекеттерге үрей төндiрген құдiреттi хэт империясының салтанат құрғандығы ешқандай құпия емес. Бiр құпия болса, ол Кiшi Азияға хэттердiң қайдан келгендiгi болса керек. Бұл турасында өзара кереғар екi болжам бар. Бiрi «хэттер Кiшi Азияға Кавказ тауларын асып Солтүстiк Шығыстан келдi десе» (этрустердiң де осы жақтан кеткендiгi белгiлi болып отыр), екiншiсi оларды Батыстағы Балкан түбегiнен шығарады. Бiз осы хэттердi және олармен тiлi де, мәдениетi де ұқсас қарларды түркi тектес халықтардың арғы бабалары, яғни прототүркiлер деп санаймыз. Мұндай пiкiрдi бiрiншi болып бiздiң айтпағанымыз да кеудеге сенiм ұялата түседi: «...Керiсiнше, кейбiр түрiк зерттеушiлерi хэттердi түркiлер деп дәлелдеуге тырысты. Олардың пiкiрiнше, көне хэт ескерткiштерi түркiлiк сипат-мазмұнға ие» (История Древнего Востока. Москва, «Высшая школа», 1979, стр 173).

Олжас Сүлейменов хэт тiлiнiң үндiеуропалық тiлдер тобына жатқызылуына күдiкпен қарайды. «Жiктеу кате­­го­риясы салыстырмалық-тарихи тiлтануда (компа­ративис­­ти­ка) үлкен беделге ие болды. Ғасыр басында етiстiктерiнiң жалғаулары латын және грек тiлiндегi жiктiк жалғауларымен ұқсас болғандығы үшiн ғана Кiшi Азиядан табылған белгiсiз көне тiл осы тiлдермен туыстастырылып жiберiлдi. Хэт тiлi үндiеуропалық тiлдер семьясына дәл осы­лай енгiзiлдi. Әрi оның ең көне өкiлi (б.д.д. II мың­­жыл­дық) болып та­­­нылды.

Бiздiң талдауымыз грамматикалық схема мен формант­­тар­дың жүйелi түрде дәл келуi «генетикалық» емес, тек мәдени байланыстардың нәтижесi ғана болуы мүмкiндiгiн аңғартады. Әйтпесе, жiктеудiң еуразиялық ең байырғы формасы сақталған түркi тiлi де үндiеуропалық тiлдерге туысқан тiл ретiнде қаралуға тиiс» (О.Сүлейменов. Язык письма. стр 177).

Үзiндi астарынан Олжас Сүлейменовтiң хэт тiлi мен түркi тiлiн байланыстырғысы келетiндiгi аңғарылады. Егер шынымен солай болып жатса, бұл пiкiрге бiз де қосыламыз.

Б.д.д. 1200 жылдары Хэт мемлекетi өмiр сүруiн тоқтатты. Алып империяның орнында жекелеген ұсақ мем­ле­­кеттер пайда болды. Ал хэттердiң өмiрде болғандығы, «Биб­лияда» кiмдер екенi беймәлiм «Хэттiң балалары» деген сөз тiркесi сақталғаны ғана болмаса, тарих үшiн өткен ғасырға дейiн белгiсiз болып қала бердi. Қазiр хэт им­­­пе­­рия­­­сының ахейлiк гректермен соғыста жеңiлiс тапқаны бел­гiлi. Шамасы, Трояны қоршаумен бiр мезгiлде («Илиа­­­да­­­­­­дағы» соғыс қимылдары он жылға созылады) гректер оның төңiрегiндегi елдерге де шапқыншылықтар ұйым­дас­­­­тырып отырса керек. Апполодор «Кiтапханасында» мұн­дай жорықтардың бiрнешеуi аталады. Сонымен Кiшi Азияда бес ғасырдай салтанат құрған хэт империясы тарих сахна­сы­нан көштi. Империялардың құлауы тарихи заңдылық де­­­лiк, ал халқы қайда кетуi мүмкiн? Тұтастай жойылып кет­­­­тi ме? Әйтпесе хэт атауының тарихта сақталмауы қалай? Бiз­­­­дiң ендiгi мiндет – осы жұмбақты шешу. Ол үшiн ал­­­­дын ала тұжырым жасап алуымыз артықтық етпейтiн секiл­дi.

 

Тұжырым

Бағзы түркiлер, дәлiрек айтқанда бүгiнгi түркi тектес халықтардың генотипiн, негiзiн қалауға қатысқан халықтардың бiр тармағы Кiшi Азияда, қасиеттi Анадолы жерiнде оғыз-түркiлер Осман империясын (б.д. ХI-ХII ғ.ғ) құрғаннан көп бұрын, дәлiрек айтқанда бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi ХҮ-ХII ғасырларда-ақ өмiр сүрген. Тiптi мемлекетi де болған. Олардың бiр қауымы бiздiң жыл санауымызға дейiнгi ХIII ғасырда, яғни Гомер «Илиадасында» жырланатын Троя соғысынан кейiн (б.д.д. 1240 жылдар шамасы) теңiз және құрлық жолдары арқылы Апеннин түбегiне қоныс аударып, жергiлiктi тайпалармен бiрге ақындар тамсанып айта беретiн мәңгiлiк қала Римнiң iргетасын қалауға тырысса (бұл туралы бұрын бiршама әңгiмелегенбiз. «Гомер «Илиа­­да­сы», түркiлер және мәңгiлiк қала, «Жас Алаш» газетi, 16.02.99) ендi бiр бөлiгi өздерiнiң байырғы ата-мекендерi бүгiнгi Каспий-Арал теңiзi маңайына, Сыр бойына, Жетiсу өңiрiне қайта көш түзеп, жергiлiктi тайпалармен араласа келе бүгiнгi мазмұндағы түркi халықтарының қалыптасуына мұрындық болады. Олар ендiгi жерде тарихқа гет, массагет, юечжи деген атаулармен ендi. Яғни, өздерiнiң байырғы атауларын жоғалтқан жоқ. Осы атаумен бiздiң дәуiрiмiздiң I ғасырына дейiн сайын далада даңқты тiршiлiк кештi. Жебiрейлерге, «Тәуратқа» топан су мен Нұх пайғамбар жайлы аңызды тарту еткен де осы халық болатын.

 

Тұжырымды тарату

Хэттер мен массагеттердi шынында да неге байланыстырмасқа? Мысалы, массагет атауының көп хэт, қалың хэт деген ұғымды бiлдiруi де мүмкiн ғой. Егер массагет этнонимi тайпаның грекше атауы екендiгiн ескерсек, бұлай да пiкiр өрбiтуге болады. Сонымен бiрге массагет атауының қытай жылнамаларында аталатын тайпалармен салыстырылуына да мән берген жөн секiлдi. «Қытайларға тюгу (дүлу), жужань, юечжи деген атпен белгiлi болған халықтар кiмдер екен? Кейбiр синологтардың пiкiрiнше Шығыс Қара қытайы Қидан әулетi де, ал ендi қытай алтын хандары Жочжо әулетi-мiс. Иван Ильичтiң айтуына қарағанда олар юечжи атанып жүргендi геттер, массагеттер деп бiлетiн көрiнедi» (Ш.Уәлиханов, 5 томдық шығармалар жинағы, I том, 398-бет).

Осы гет-хэттер жергiлiктi ортаазиялық тайпалық одақ­­тар­ға кiредi. Тұмар (Томирис) анамыздың қолбас­шы­­лығымен Кир бастаған ирандық басқыншыларға тойтарыс берген қаһарман далалықтар да Кiшi Азиядан қайта ауып келген сол хэттер екендiгiне күмән жоқ. Апполодор кiтабында Томирис есiмiмен бiрге Төлеп, Тархан секiлдi та­за түркiлiк есiмдер де ұшырасады. «Илиада» зама­нын­дағы Кiшi Азияда мұндай есiмдердiң жүруi кездейсоқтық бол­маса керек. Сондай-ақ қар және сақ-скиф генеологиялық аңыздарының желiлiк ұқсастықтары да тосын ойларға бастайды. Көне грек жылнамашылары олардың салт-дәстүрi көшпелi түркiлердiкiндей екендiгiн әсерлi-ақ суреттеген. Бертiнiректе Мүденiң (Модэ) ғұндарынан жеңiлiс табатын юечжиларымыз да осы масса-хэттердiң бiр атасы. Олар ғұндардың батысқа жорығына тосқауыл болмай, оңтүстiкке жылжып, кейiн Үндiстан мен Шығыс Түркiстан аралығын қамтыған атақты Кушан империясын құрады.

Рас, гет және хэт атауларының ұқсастығы кездейсоқтық болуы мүмкiн дейтiндердiң де табылатындығын жақсы бiлемiн. Оларға бiздiң дәуiрiмiздiң оныншы ғасырына дейiн бабаларымыз пайдаланып келген тохар тiлiнiң басқа емес, дәл осы Кiшi Азиялық хэт және қар тiлдерiмен туыстас тiл болып саналатындығын айтқым келедi.

Тохар тiлiнде сөйлейтiндердiң Шығыс Түркiстанда алғашқы пайда болуы кезiнен бастап-ақ, бұл тiл мен көне түркi тiлiнiң жан-жақты байланысқа түскендiгiн байқауға болады. Олардың байланысы бұл өңiрде жазу пайда болмай тұрып-ақ басталған секiлдi. Тохар тiлi Шығыс Түркiстанда б.д.д. I мыңжылдықтан ерте болмаса, кейiн пайда болма­­ған­дығы анық. Бұған дейiн бұл тiлде сөйлейтiндер Батыстан Шығысқа жылжыған (алдымен Шығыстан Батысқа, кейiн Батыстан Шығысқа қайта жылжыған халықтың хэт-массагеттерден басқа кiм болуы мүмкiн?).

«...Үндiеуропалық лингвистикалық жағрапияның мәлiметтерi бойынша оған дейiн тохар тiлiнде сөйлейтiн­дер­дiң кейiнiрек анадолы тiлдерiнiң қалыптасуына септiгiн тигiз­ген диалектiлерде, яғни бертiнiректе үндiеуропа тiлдерiнiң италян-кельт тобының пайда болуына мұрындық болған тiл­де сөйлеушiлермен байланыста болғандығы күмәнсiз» (Язы­кознание, Москва, «Большая Российская энциклопедия», 1998, стр 517). Ақиқат осындай. Тохар тiлiн кейбiр ға­лым­дарымыздай парсы-иран тiлiмен туыстастыра салудың еш жөнi жоқ. Бұл тiлде прототүркiлердiң бiр тармағы, яғни Кi­шi Азияда, бүгiнгi Түркия территориясында осыдан үш жарым мың жылдай бұрын мемлекет құрып дәуiрлеген хэт-массагет бабаларымыз сөйлеген. Бүгiнгi түркi тiлдерi ғана емес, атақты латын тiлi де осы баба тiлдiң мұрагерi бо­­лып табылады.

Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға