Жаңалықтар

Бибигүл Жексенбай: Қазақстандағы заңсыз көші-қон қауіп төндіреді

Бибигүл Жексенбай: Қазақстандағы заңсыз көші-қон қауіп төндіреді
Фото: parlam.kz 28.11.2024 13:02 106

Сенат депутаты Бибигүл Жексенбай Қазақстандағы заңсыз көші-қонның өсуі еліміздегі әлеуметтік тұрақтылық пен қауіпсіздікке қауіп төндіретін басты проблеманың біріне айналғанын айтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сенатор депутаттық сауалында Бас прокуратураның деректерін келтіріп, еліміздің заңдарын бұзған шетелдік азаматтардың саны 2024 жылы едәуір өскенін атап өтті. Биылдың өзінде 82 мыңнан астам мигрант әкімшілік жауапкершілікке тартылған, ал 1,2 мыңға жуық жұмыс беруші шетелдік еңбек күшін заңсыз пайдаланған екен.

Жалған еңбек шартын, медициналық анықтамаларды жасап, заңсыз есепке қойған халыққа қызмет көрсету орталықтары мен емдеу мекемелерінің қызметкерлері тұратын қылмыстық топ анықталған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігінің дерегі бойынша қазір 13,2 мың шетел азаматы ресми түрде жұмыс істейді. Еңбек мигранттарының дерлігінде жұмысқа шақыру рұқсат қағазы жоқ. Заңды және заңсыз мигранттардың жинақталуы әлеуметтік-экономикалық ғана емес, қауіпсіздік мәселелерінің туындауына әкелуі мүмкін, - деп атап өтті депутат.

Бибигүл Жексенбайдың пікірінше, жаһандану және көші-қон ағындары күшейген жағдайда Қазақстанға шетел азаматтарының қозғалысын бақылауды күшейту, еңбек мигранттарын заңдастыру жүйесін дамыту және заңсыз көші-қонды мен еңбек ресурсын пайдалануды ұйымдастырушыларға жазаны қатаңдату қажет.

Шекарада қатаң шаралар қолдану, бақылауда инновациялық технология пайдалану және мигранттар арасында хабардарлықты арттыруды көздейтін кешенді тәсіл ғана өсіп келе жатқан қауіпті жеңуге көмектеседі, деп санайды сенатор. Қазақстан өзінің экономикалық мүддесін қорғап қана қоймай, қоғамда тұрақтылықты сақтап, барлығына қауіпсіз және әділетті түрде жұмысқа орналасуды қамтамасыз етуі маңызды, - деді Бибигүл Жексенбай.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға