Жаңалықтар

Безеуді қалай емдеуге болады?

14 жылдық тәжірибесі бар дерматолог дәрігер Тоқшылықова Айнұр Бейсенбайқызымен сұхбат
Безеуді қалай емдеуге болады?
Фото: brennerclinic.com 12.08.2022 17:49 21628

Безеу – кең тараған тері ауруларының бірі. Ауру жас таңдамайтыны секілді, безеудің бетке шығуы бұрын жасөспірімдер арасында жиі кездессе, қазір бұл ересектер үшін де мәселеге айналып отыр. Көпшілігі бетіне шыққан безеуден ұялып, одан құтылу үшін өз бетінше түрлі ем-дом қолданып жататындар бар. Алайда артық қыламын деп, тыртық қылып жататындар да жоқ емес. 

Ал мұндай жағдайға жеткізбеудің жолы қандай? Безеуден қалай құтылуға болады? Емі бар ма? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын алу үшін тәжірибелі маман, дерматолог дәрігер Айнұр Бейсенбайқызымен сұқбаттасып қайтқан едік.

Айнұр Бейсенбайқызы, безеу қандай жағдайда шығады?

– Безеу асқазан, ішек-жол аурулары, зат алмасуының бұзылуының кесірінен шығады. Сондай-ақ бет терісіндегі майдың шамадан тыс көп бөлінуі, бетке дұрыс күтім жасалмауы да оған септігін тигізеді. Бұл тері ауруының түрі. Әсіресе жасөспірімдер арасында кең таралған. Себебі жастарда гормондар өсіп, түрлі өзгеріске ұшырай бастайды.

– Сол жасөспірім кездегі безеудің орны үлкейген кезде де кетпей, дақ болып қалып қалады. Оның себебі неде?

– Оның бір себебі, жасөспірім кезінде ағзадағы гормондар алмасу реті бұзылуы мүмкін. Денеге шыққан кезде дұрыс күтім жасай білетін болса, оның ізі қалмайды. Ол үшін уақытында дерматолог, косметологқа қаралу керек. Егер өз бетінше емделуге тырысып, бөртпелерді сығып, қанататын болса, артынша қызыл ісік пайда болып, ішіне инфекция кіргізіп алуына, кейін тыртықтың пайда болуына алып келеді. Сондықтан бөртпелерге мүлдем тиіспеу қажет.

– Қыздар бетіндегі кемшілікті жасыру үшін түрлі опа-далапты жағып жүреді. Бұл қаншалықты дұрыс шешім?

– Опа-далапты бетіндегі безеуді жасыру үшін жағуға болмайды. Оны бетке жаққан кезде терінің астына әртүрлі инфекция кіріп кетуі мүмкін. Негізі мүмкіндігінше бетті таза, ашық ұстап, дәрігердің кеңесімен қажетті ем шараларын қолдану керек. Бетке әр нәрсені жаға берген дұрыс емес. Әр заттың дайындалу жолы бар. Оны әркімге жеке тағайындап, ұсынатын тек дәрігерлер.

– Беттегі безеуді кетірудің қандай жолы бар? Оны қалай емдеуге болады?

– Безеуді кетіру үшін ең алғаш шыққан кезден бастап дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Ем қабылдау процессі терапевтке барудан басталады. Маман алдымен асқазан, ішек-жолдарын, хеликобактер, бәрін тексеріп барып, оның нәтижесіне қарай ем жазып береді. Яғни безеудің шығуына себеп болып отырған факторды анықтап барып қана емдеуді бастау қажет. Ол үшін бірінші ішкі ағзаны тексереді, содан кейін барып қана сыртқы теріні емдеуге кіріседі. Ішкі құрылыстан бастамай, тек сыртқы теріні ғана қарап, тазартуға тырысатын болса, одан ешқандай пайда да, көмек те болмайды.

Кейбіреулер косметолог пен дерматологқа 1-2 рет барғанның өзі жеткілікті, бірден кеңесін алып, безеуден құтыламын деп ойлайды. Енді біреулер 1-2 ай емделіп жатырмын, неге көмектеспей жатыр, дәрігер дұрыс емдеп жатқан жоқ деп реніш білдіреді. Бұл пікірлер қате. Мұндай емделушінің басты кемшілігі – шыдамсыздық танытуы. Толыққанды денені безеуден кетіру үшін емді дерматолог маманның айтқан, ұсынған әдісін қолдану қажет. Сонда ғана жақсы нәтижеге қолжеткізуге болады.

– Безеудің ұннан жасалған тағамдар мен тәттілерді жегеннен шығуы мүмкін бе? Адамның жеген тамағы оған қалай әсер етеді?

– Егер асқазан-ішек жолдарында қандай да бір аурулар болатын болса, әсер етуі мүмкін. Әр тамақты мөлшерінен тыс жемей, зиянды тағамдарды, ащы мен тәттіні азайтқаны дұрыс болады. Негізінен дәрігерлер емделу кезінде өздері диета жазып береді. Көбіне сүттен жасалған тағамдар мен аққуызды шектеуге кеңес береді. Тері ауруының пайда болуына көмірсуларды көп қолдану да әсер етуі мүмкін.

–  Дәрігер дерматолог ретінде ем алуға келген науқастарды қалай қабылдайсыз және оларға не ұсынасыз?

– Ең алдымен оларды толық тексерістен өткіземін. Ағзадағы қанның құрамын тексеремін. Лейкоциттер, ішкі қабыну аурулары бар ма, жоқ па соны қараймын. Міндетті түрде науқастың берген шағымын назардан тыс қарлдырмаймын. Оған сай зерттеу жұмысын жүргізіп барып қана, емдік шараны қолданамын. Белгіленген саты бойынша ем жүргізу қажет. Безеуден құтылу үшін ең кем дегенде 6 ай мен 1 жыл аралығында емдеу керек.

–  Уақытыңызды бөліп, бізбен сұқбаттасқаныңызға рахмет! 

P.S. Құрметті оқырман, безеуді емдеу үшін ең алдымен дәрігердің берген кеңесіне жүгініп, содан кейін ғана ем қабылдағаныңыз абзал. Сондай-ақ дұрыс тамақтанып, денсаулығыңызға күтім жасап жүруді ұмытпағаныңыз жөн!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға