Жаңалықтар

Бейжіңде өтіп жатқан COTTM халықаралық көрмесіне отандық делегация қатысып жатыр

Бейжіңде өтіп жатқан COTTM халықаралық көрмесіне отандық делегация қатысып жатыр
Фото: gov.kz 18.11.2023 04:29 819

Қытайдың Бейжің қаласында өтіп жатқан COTTM (China outbound Travel&Tourism) халықаралық көрмесіне отандық делегация қатысып, шетелдіктерге еліміздің туристік әлеуетін кеңінен таныстырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жалпы көлемі 96 ш.м. құрайтын қазақстандық стендті Туризм және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Kazakh Tourism ҰК», Алматы қаласы мен Алматы облысының туризм басқармалары ұйымдастырды.

««Kazakh Tourism және Алматы қаласы және Алматы облысының біріккен стенді қытайлық туркомпаниялардың ерекше ықыласына ие болды. Өзара визасыз режимнің енгізілуіне және 2024 жылы Қытайдағы Қазақстан туризмі жылына орай біз екі елдің туристік нарығы тарапынан белсенділік артқанын байқап отырмыз», - деді Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Қазақстанның ұлттық стенді бай мәдени бағдарламасының нәтижесінде көрмеге келушілер арасында кеңінен танылды. Қазақ батырларының бейнесі, сондай-ақ домбыра мен қобызда орындалған ұлттық күйлер туристердің көңілін өзіне аударды. Сондай-ақ стендке келушілер ұлттық тағамдарымыздан дәм татты.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, әлемдік пандемиядан кейін елімізге саяхаттайтын Қытай туристерінің ағыны қалпына келе бастады. Мәселен, өткен жылы Қазақстанның қонақ үйлеріне 45 мыңға жуық қытайлық турист тоқтаған болса, биыл олардың саны саны екі есеге өсіп, eQonaq ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес 10 айдың қорытындысы бойынша орналастыру орындарында 84 мыңнан астам турист тіркелген.

Делегация құрамына Қазақстанның туристік индустриясының 25 өкілі, атап айтқанда 18 туроператор, 5 қонақ үй, 1 сауда орталығы және Global blue Tax free енді.

Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара визасыз режим биылғы 10 қарашада күшіне енді. Сонымен қатар 2024 жыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды. Соның шеңберінде туризм және спорт министрлігі қытайлық туристерді Қазақстанға тарту үшін іс-шаралар кешенін өткізуді жоспарлап отыр.

Қытайдағы халықаралық туристік көрме – шығу туризмі мен шетелде демалуға бағытталған. Көрмеге жыл сайын ҚХР-дан 5000 туризм мамандары қатысады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға