Бейнеудегі мектеп асханасының қызметкерлерінен стафилококк табылды

Маңғыстау облысындағы Бейнеудегі Манашы орта мектебінде мектеп асханасының қызметкерлерінің бірінен стафилококк бактериясы анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Lada.kz мәліметінше, Тағы екі қызметкер уақтылы медициналық тексеруден өтпеген. Сонымен қатар, алынған сынамаларда ішек таяқшасы тобына жататын бактериялар табылған.
Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхтар Сербаевтың айтуынша, Бейнеудегі Манашы орта мектебінде оқушылардың жаппай улануынан кейін жүргізілген тексеру нәтижесінде, ас блогының 10 қызметкерінің бірінен стафилококк анықталған. Тағы екі адам міндетті медициналық тексеруден уақтылы өтпегені белгілі болды.
Зертханалық талдаулар алты дайын тағам үлгісінде зиянды бактериялардың барын көрсеткен. Сондай-ақ, қоймалардың мақсатсыз пайдаланылғаны анықталды – мысалы, көкөністер сақталуы тиіс қоймада дәнді дақылдар болған. Тоғыз сынамада ішек таяқшасы тобына жататын бактериялар табылды. Асханада уақтылы ылғалды тазалау жүргізілмеген, қабырғаларда жарықтар болған – бұл да санитарлық нормаларға қайшы.
Барлық материалдар полицияға берілді, онда сотқа дейінгі тергеу ашу туралы шешім қабылданатын болады. Қазіргі уақытта асхана жабылды, ал балалар сабаққа қатысып жүр, – деді Мұхтар Сербаев.
Еске салсақ, оқушылардың улануы туралы оқиға 1 сәуір күні белгілі болған. Балалар жүрек айнуы, құсу және әлсіздікке шағымданған. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада уланудан кейін түнде асхана қызметкерлері ғимаратты жудырып, азық-түлікті сыртқа шығарып жатқан сәттері түсірілген деп көрсетіледі.
