Жаңалықтар

«Бейбітшілік сабағы» астананың №59 мектеп-лицейінде

«Бейбітшілік сабағы» астананың №59 мектеп-лицейінде
30.05.2019 18:51 2688

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған жыл сайынғы «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық жобасы аясында «Бейбітшілік сабағын» өткізді.

Іс-шара оқушылар мен оқытушылардың қатысуымен астананың №59 мектеп-лицейінде ұйымдастырылды.

IMG_4603.jpg

Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Алматы қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сарапшылық тобының мүшесі Меңдіғаным Шаймерденова кездесуге қатысушыларға бұл форум жыл сайын әр қалада өтетінін, биылғы жылы Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылып жатқанын жеткізді. Халықаралық жоба алғаш рет он жыл бұрын Талдықорған қаласында бастау алды. Жоба аясында астанада маңызды іс-шаралар өтіп жатыр.

IMG_4635.jpg

Профессор аталмыш жобаға Қазақстан халқы Ассамблеясы мұрындық болғанын және Ассамблея Қазақстандағы тың идеялардың бастамашысы екенін атап өтті.

«Бейбітішілік сабағында» дәріс оқыған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласының «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шерзод Пулатов: «Біздің еліміздің басты байлығы – бірлік. Соның арқасында біздің елімізде тыныштық тұрақтаған, біз осы бірліктің арқасында бір-бірімізге құрметпен қараймыз. Яғни, бәріміз бір халық болып өмір сүріп келеміз», – деп сөзін бастады. – Бұл еліміздің әрі қарайғы дамуының басты кепілі деуге де болады. Біздің ата-бабаларымыз да талай қиындықтарды басынан кешкен. Бірақ сонысына қарамастан, депортацияланған халықтарға мейірімділік танытып, шаңырағымен, нанымен бөліскен. Қазіргі кезде барлық этностар қазақ халқына алғысын білдіріп келе жатыр.

IMG_4612.jpg

Төрағаның орынбасары сонымен қатар қазақ халқының бауырмалдығы басқа да ұлттарда мінез қалыптастырып, бүгінде Қазақстанда тұратын халық қазақи болмысқа ие болғанына тоқталып өтті.

Қазақстан Республикасы Президенті архивінің Құжаттарды ғылыми жариялау басқармасының бас сарапшысы Евгения Чиликова кездесуге қатысушыларды «Депортациялар тарихынан. Қазақстан. 1939–1945 жж.» деректі жинағының 3-томымен таныстырып өтті. Сонымен қатар ол Архивтегі құжаттарға он сегіз жасқа толған азаматтардың барлығына көруге рұқсат етілгенін айтты.

IMG_4624.jpg

А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің Тарих кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Айбек Шалғымбеков пен Көкшетау қаласының №5 «Таңдау» көпсалалы мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі, Ақмола облысы бойынша ҚХА мүшесі Әлия Ахетова көпұлтты Қазақстанда тұрып жатқан халықтардың татулығы мен депортация жылдарында халықтардың бастан кешкен азапты күндерінен естеліктермен бөлісті.

IMG_4628.jpg

Танымды «Бейбітшілік сабағы» қатысушылардың жадында сақталып қалатын қызықты әрі тағлымды мәліметтерге толы болды.

IMG_4643.jpg

Әлия Ахетова қатысушыларға ақын-жазушылардың саяси-қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарына арналып жазған шығармаларынан үзінді оқыды. 

Сталиндік басқару жылдары Қазақ ССР-не сегіз жүз мың неміс, бір жүз екі мың поляк, он тоғыз мың корей отбасы, бес жүз жеті мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері жер аударылды. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстан лагеріне бес миллионнан астам адам әкелінді.

1937-1938 жылдары республикада саяси бап бойынша бір жүз мыңнан астам адам сотталып, олардың жиырма бес мыңға жуығы атылды.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға