Жаңалықтар

Бейбіт Шүменов жазадан қашып кеткісі келе ме? Төбелеске қатысты деректер белгілі болды

Бейбіт Шүменов жазадан қашып кеткісі келе ме? Төбелеске қатысты деректер белгілі болды
Фото: Видеодан кадр 12.07.2023 10:15 8892

Әлеуметтік желіде таралған атақты боксшы Бейбіт Шүменовтің баласын көтеріп алған ер азаматты соққыға жыққан видеосы көпшіліктің талқылауына түсті. Зардап шеккен тараптың адвокаты Қанат Тілеужан полиция мен прокуратураның істі жүргізуге келгенде құлықсыз екенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

18 маусым күні Астана қалалық полиция департаментіне Mega Silkway сауда орталығындағы мейрамханалардың бірінде екі азаматтың төбелесіп жатқаны туралы қоңырау түскен.

Екі ер адамның арасындағы жанжалға балаларының төбелесі себеп болған. Ойын алаңында жүрген балалар ұрысып, соңы төбелеске ұласқан. Балалары үшін әкелері де қалыс қалмай, жанжалдасып, одан әрі болған оқиға видеоға түскен.

Оқи отырыңыз:

Полиция қызметкерлері төбелесіп жатқан бұрынғы әлем чемпионы Бейбіт Шүменов пен қала тұрғыны Азизбек Қадіров екенін анықтады. Соңғысы белгілі жағдайларға байланысты жекпе-жекте жеңіліп, дене жарақатын алғандықтан, сот-медициналық сараптамаға жіберілді.

Осыдан кейін материалдар учаскелік полиция қызметкеріне жолданып, одан қылмыс құрамын таппай, іс аяқталған. Ал талап бойынша сараптама нәтижелері дайын болғанда қандай бап бойынша іс қозғалатыны шешілуі тиіс еді. Бірақ, полиция қызметкерлері істі жылы жауып қойған.

Әлеуметтік желіде таралған видеодан кейін ғана бұзақылық фактісі бойынша іс қайта тіркелді. Ауырлығы орташа қылмыс 2 мың АЕК-ке дейін айыппұлмен не түзеу немесе қоғамдық жұмыстармен, 2 жылға дейінгі мерзімге шектеумен немесе бас бостандығынан айырумен жазаланады.

Зардап шеккен азаматтың адвокаты Қанат Тілеужанның айтуынша, полиция мен прокуратура қылмыскерді қорғап жатыр. Прокуратура органдары адвокаттың ешқандай өтінішін қанағаттандырмаған.

Зорлық көрсеткен адамға полиция қызметкерлері тарапынан ешқандай шара қабылданбады.  Қылмыстық кодекске сәйкес, құқық бұзылғаны көрсетілген қолда бар бейнежазбаларға қарамастан іс қозғалмады. Жәбірленуші тараптың полиция органдарына берген өтінішінен соң да қылмыстық сипаттағы құқық бұзушылық бойынша нақты іс жүргізілмеді. Зорлық көрсетуші кім болса да, бұл жерде ер адамнан бөлек бала да жәбір көргенін ұмытпаған жөн. Сондықтан қандай жағдай болмасын ол жазасын алуы керек, - деді адвокат Қанат Тілеужан.

Айта кетейік, атақты боксшы Бейбіт Шүменов кішкентай баласын көтеріп алған ер адамды соққыға жыққаны туралы жазған едік.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға