Жаңалықтар

Бейбіт Шүменов АҚШ-қа кетіп қалған болуы мүмкін - министр

Бейбіт Шүменов АҚШ-қа кетіп қалған болуы мүмкін - министр
Фото: instagram.com/beibutshumenov 08.08.2023 12:40 783

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Бейбіт Шүменовке қатысты қылмыстық істің қалай жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет кулуарында журналистер министрге: «Бейбіт Шүменов АҚШ-та болуы мүмкін деген дерек бар. Шүменовті Қазақстанға қайтару мүмкіндігі бар ма? Қазақстан мен АҚШ арасында экстрадиция туралы келісім жоқ. Сонда тергеу қалай жалғасады?» деген сұрақ қойды.

Бәлкім, ол сонда (АҚШ-та) болар. Қазір жеке ұйғарым жіберілді, қажетті тергеу жұмыстары жүргізілуде. Ол жасаған қылмыс орташа ауыр санатына жатады және барлық қажетті тергеу жұмыстары жүргізіледі. Біз істі әрі қарай да жалғастыратын боламыз. Ол қайтып оралған жағдайда оның қатысуымен толыққанды сот тергеуі жүргізіліп, заңды процессуалдық шешім қабылданады, - деді министр.

Осыдан біраз күн бұрын әлеуметтік желіде Астанадағы қоғамдық демалыс орындарының бірінде боксшы Бейбіт Шүменов кішкентай баласын көтеріп алған ер адамды соққыға жыққаны туралы жазған болатынбыз. 

Зардап шеккен адамның қорғаушысы Қанат Тілеужан полиция мен прокуратураның істі жүргізуге келгенде құлықсыз екенін мәлімдеді. Кейін ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сүнтаев Бейбіт Шүменовтің төбелесі туралы толығырақ таратып, түсініктеме берді. 

Сонымен қатар Бейбіт Шүменов қоғамда шу тудырған төбелеске қатысты өз ойын білдірді.  Бұдан бөлек, бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева қолында баласы бар ер адамды соққыға жыққан Бейбіт Шүменовті жазалауды талап етіп, мәлімдеме жасады. 

Кейін ІІМ Бейбіт Шүменовке қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша боксшының 5 жылға дейін сотталуы мүмкін екенін атады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға