Жаңалықтар

"Бейбіт күннің батырлары": Маңғыстаулық полицей ұшақ апаты кезінде алғашқылардың бірі болып жәрдем берген

"Бейбіт күннің батырлары": Маңғыстаулық полицей ұшақ апаты кезінде алғашқылардың бірі болып жәрдем берген
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі 29.12.2024 18:16 985

Ақтауда болған ұшақ апаты кезінде дәрігерлер, төтенше жағдай мамандары, полиция қызметкерлері алдыңғы шепте жүрген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі otpannews.kz-ке сілтеме жасап. 

Күні кеше Ақтау маңындағы ауылға құлаған ұшақтың жағдайы, ондағы жолаушылардың үзілген өмірі, аман қалғандардың өмірге қайта келгендей қуанышты сәті — әлем жұртының аузында. Ұшақ апаты кезінде оқиға орнына тиісті қызметкерлердің жетуін күтіп, қол қусырып отырғандар болмады. Керсінше бәрі қолдарынан келген қарлығаш көмектерін көрсетіп, әуе кемесінің ішінен адамдарды алып шығуға атсалысты. 

Қатарында Түпқараған аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Ақманов Сәкен де бар. Түпқараған аудандық тәртіп сақшысы сол сәттегі әсерімен бөлісті. 

Мереке қарсаңында көңілдері жайдарлы полицейлер әдеттегідей өздеріне бекітілген аумақты тексеру жұмыстарына кіріскен еді. Алайда, бір мезетте олардың жаңа жылдық көңіл-күйлері су сепкендей басылды. Аспанда қисая ұшқан ұшақ санаулы уақытта жерге құлағанын көрген бойда тәртіп сақшылары оқиға орнына бет алған. Ұшақтың ішіндегі адамдардың жан айқайын естіген полицейлер сол маңда қызметте жүрген "Маңғыстау өңірлік электротораптық компаниясы" мамандарымен бірлесе әуе бортындағы жолаушыларды сыртқа шығарып, жедел жәрдем қызметіне тапсырған. Әдетте мұндай көріністі тек киноларда көріп жүрген қызметкерлерге жүрек түршігерлік жағдай болған. 

Түпқараған аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Ақманов Сәкен құқық қорғау саласында 10 жылдан бері қызметте, алайда мұндай оқиғамен алғаш рет кездескен. 

Ал, Өргешбаев Абай «Маңғыстау өңірлік электротораптық компаниясы» (МӨЭК) электромонтер болып қызмет етеді. Сол күні олар да күнделікті қызмет барысында жүрген. Әуе кемесінің құлағанын көрген мезетте оқиға орнына жетіп, жолаушыларды құтқаруға атсалысқан. Қолдарынан келгенін жасаған қызметкерлер әуе апатынан демі үзілген жолаушылардың ағайын-туыстарына қайғыра көңіл айтады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға