Жаңалықтар

«Бетон каналға лақтырып кетті». Талғарда біреулер ер адамды соққыға жыққан

«Бетон каналға лақтырып кетті». Талғарда біреулер ер адамды соққыға жыққан
Фото: pixabay.com 22.10.2024 12:17 869

Желіде соққыға жығылдым деген ер адамның видеосы тарады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Онда ер адам Талғар қаласының тұрғыны екенін, өзіне белгісіз біреулердің шабуыл жасап, қатты соққыға жыққанын айтады.

Оқиға 28 тамызда болған. Талғар тұрғыны жаңа мотоциклын сынау үшін БСРка аумағына кіргенде, құмға батып, тоқтап қалады. Осы кезде оның қасына белгісіз екі жас жігіт келіп, не істеп жүргенін сұрай бастаған. Жәбірленуші оларға ескерту жасағаннан кейін екеуі ер адамға шабуыл жасап, басынан ұрған.

Олардың біреуі «оны ұйықтату керек», «басынан теп» деп айқайлап тұрды. Біреуі мені тұншықтырып, мен ес-түсімді жоғалта бастадым. Олар мені аяғымнан ұстап, төңкеріп, бетон каналға лақтырып жіберді, – дейді жәбірленуші.

Оның айтуынша, ауруханада өзіне бірнеше қабырғасының сынуы, жабық бас-ми жарақаты, денесінде де көптеген жарақаттар бар деген диагноз қойылған. Ер адам полицияға арыз жазып, шабуыл жасағандар анықталған. Алайда бірнеше күннен кейін жәбірленуші өзінің үстінен іс қозғалғанын білген.

Алматы облыстық полиция департаменті бұзақылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Қазір сараптама тағайындау арқылы барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша оқиғаға құқықтық баға беріледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға