Бес жылға сотталған Мырзахметов түрмеден шығуға өтініш берді
"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы төрағасы, алаяқтық үшін сотталған Абылай Мырзахметов жазасының қалған бөлігін бас бостандығын шектеу жазасына ауыстыруды сұрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мырзахметовтің өтініші 28 қаңтарда қаралды. Ресми деректерге сәйкес, сот жазаны өтеу кезеңіндегі сотталушының тәртібі мен жағдайын, оның ішінде қамауда ұстау уақытын зерттеп, сот отырысына қатысушылардың пікірін тыңдады. Қылмыстық-атқару кодексінде сотталғандардың оң тәртібі және жазаны өтеу жағдайлары (жалпы, қатаң, жеңілдетілген және жеңілдікті) қарастырылған.
Сотталушының тәртібіне оң баға берілмеген және жазасын өтеудің жалпы жағдайында отыр. Жаза мерзімі ішінде сотталған тек бір ғана көтермелеу алды, ол – еңбекке адал көзқарасы үшін марапат. Алайда, заңға сәйкес, бұл оның сотталған тұлға ретіндегі негізгі міндеті. Осыған байланысты, сот жазаның қалған бөлігін бас бостандығын шектеуге ауыстыруға негіз жеткіліксіз деп таныды. Осы себепті сотталған азаматтың өтініші қанағаттандырылмады, – деп хабарлады Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі.
Ал Мырзахметов алты ай өткен соң қайта өтініш беруге құқылы. Қазіргі таңда жазасын Павлодардағы қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеп жатыр.
Айта кетейік, Абылай Мырзахметов сот үкімі бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылып, 5,8 млрд теңге көлеміндегі қаржысы тәркіленді.