Жаңалықтар

Бес баласы бар 29 жастағы флорист: Кәсібіме туыстарым қарсы болды

Бес баласы бар 29 жастағы флорист: Кәсібіме туыстарым қарсы болды
Фото: Жанна Әлжанбайдың жеке мұрағаты 24.07.2024 14:00 837

Түркістан облысы Түлкібас ауданының орталығы Тұрар Рысқұлов ауылында тұратын жас кәсіпкер Жанна Әлжанбай мемлекеттен берілетін қолдаудың арқасында қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр. 29 жастағы келіншек – бес баланың анасы. Бала тәрбиесімен қатар гүл бизнесін табыс көзіне айналдырған ол бұл саланың өз қиындығы мен қызығы мол екенін алға тартты. Жас кәсіпкер алдағы уақытта өз ісін дамытқысы келеді. El.kz тілшісіне сұхбат берген көпбалалы ана үйде отырған қыз-келіншектерге екі қолға бір күрек табу үшін кеңестерімен де бөлісті.

El.kz: Жанна, мемлекеттен қолдау алып, кәсіп бастаушы нәзік жандылардың көбі сұлулық салоны, кондитерлік өнімдер немесе тігін тігу ісін таңдап жатады. Ал сіз гүл бизнесіне бет бұрыпсыз. Идея қайдан туды? Неліктен бизнестің осы түріне таңдау түсті?

Жанна Әлжанбай: Мен өзім Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы Көктерек ауылында туып-өстім. Тұрмыс құрып, балалы болған соң аудан орталығы Т.Рысқұлов ауылына көшіп келдік. Ол кезде мұнда гүл сататын тек бір дүкен болатын. Шынымды айтсам, бірақ ондағылардың гүл шоқтарын безендірулері аса ұнамайтын. Өзім бала тәрбиесімен декретте отырған көпбалалы анамын. Бірақ үйде отырсам да бос жатпай, туған күн, түрлі мерекелік шараларды шармен, түрлі баннерлмен безендіру жұмыстарын жасап жүретінмін. Әрине, ол кезде тапсырыс бірде болады, бірде бола бермейді. Кейін жолдасыммен ақылдаса келе, бизнес бастап көрейік деп шешім қабылдадық. Алғашында бизнестің қай түрін қолға алсақ болады деп ұзақ ойландық. Сөйтіп жүріп мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант алып, бизнесті дөңгелетуге болады дегенді естіп, былтыр аудандағы «Мансап» орталығына бардым. Ондағы мамандар кеңестерін айтып, грант алудың жолдарын түсіндіріп берді. Бірақ өтімді бизнес жоспар болу керектігін бірден айтты. Үйге келдім, жолдасыммен ары ойландық, бері ойландық. Ауданда қарапайым тұрмысқа қажетті бизнестің барлық түрі бар. Содан ойлана келе таңдау гүл бизнесіне түсті. Нар тәуекел деп флористика, фуд-флористика және шоколадпен қапталған клубника деген үш жобаны біріктіріп, құжаттарымды өткіздім. Конкурс нәтижесін тағатсыздана күтіп жүрдім. Сонша еңбектеніп, бизнес жоспар түзген соң үмітің болады ғой, әрине. Бірақ грант ұтып аламын деген аса бір қатты сенім болмады. Ең қызығы, 1 млн 380 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант есепшотыма түскен кезде басталды. Ақша қалтада. Ал енді неден бастаймыз? Жолдасым екеуміз қайта-қайта бір-бірімізге қараймыз. Жан-жақты зерттедік. Сөйтіп «мынадан бастасақ, былай дұрыс болады» деген сияқты ішкі түйсікпен бизнесті бастап кеттік.

El.kz: Бизнесім жүрмей қалады, шығынға батып қалам деген сияқты қорқыныш болмады ма?

Жанна Әлжанбай: Қайтарымсыз грант бойынша конкурстан өте алмай қаламын ба деген қорқыныш болғанымен, бизнесті әрмен қарай дөңгелетіп әкетерде ешқандай үрей болмады. Ондай қорқыныш қайта керісінше, күйеуімде болды (күліп). Біз гүл сататын дүкенді ашпас бұрын осы салада кәсібін дөңгелетіп отырған таныстарымыздан ақыл-кеңес сұрадық. Шымкентте бір келіншек бар. Осы бизнестің қыр-сырымен жақсы таныс. Сол кісінің айтуы бойынша бірінші кезекте салқындатқыш сатып алдық. Кейін бизнес жоспарда көрсетілген өзге де жабдықтарды түгендедік. Қалған қажеттіліктерге өзіміз жиған-терген ақшамызды қостық.

El.kz: Ал жолдасыңыз қай саланың маманы?

Жанна Әлжанбай: Жолдасым бұған дейін біздің Түлкібас ауданы мен Шымкент қаласы ортасында такси жүргізуші болып жолаушы тасымалдайтын. Гүл бизнесін бастағалы жолаушы тасымалдауды қойды. Қазір отбасылық бизнесті екеуміз қатар алып жүрміз.

(Фото: Жанна Әлжанбайдың жеке мұрағаты)

El.kz: Көпбалалы анамын деп қалдыңыз. Жалпы шеттей бала түгілі, бір баланы тәрбиелеудің өзі үлкен жұмысты талап ететіні анық қой. Бала тәрбиесімен қатар бизнесті қатар алып жүру қиын емес пе?

Жанна Әлжанбай: 19 жасымда тұрмысқа шықтым. Негізгі мамандығым – фельдшер. Бірақ тұрмысқа ерте шыққан соң ол сала бойынша мүлде жұмыс істемедім. Қазір жасым 29-да. Үш ұл, екі қыздың анасымын. Барлығының арасы екі жастан. Тұңғышым – қыз баласы. Жасы 10-да. Ал кенжем – ұл бала. 1 жас 3 айға келдік.

Жолдасым көбіне дүкендегі шаруалардың басы-қасында жүреді. Өзім көбіне күндіз үйдемін. Тек тапсырыс көбейген кездерде тез-тез көмектесіп кетемін. Негізі менің жұмысым кешкі сағат жетіден түнгі бірге дейін жалғасады. Сол кезде тапсырыстың бәрін реттеп, жеткізіп береміз. Дүкенде міндетті түрде түнгі сағат 1-ге дейін отырамын. Өйткені біздегі өзге гүл дүкендері ертерек жабылып қалады. Негізі сауда кешкі уақытта басталады ғой. Кейде жұмыс уақытымыз аяқталса да хабарласып, шұғыл гүл керек деп өтініш айтатындар бар. Тіпті сатылымдағы гүлдер таусылып қалса, «тым болмағанда солып қалған гүлдеріңіз де жоқ па?» дейтіндер бар (күліп).

Күйеуім екеуміз ата-енемізден бөлек тұрамыз. Ара-тұра бала тәрбиесіне өз анам көмектесіп тұрады.

El.kz: Гүлдерді қайдан алдырасыздар?

Жанна Әлжанбай: Гүлдердің көп түрін Ташкенттен алдырамыз. Ал голландиялық раушан гүлдерін Шымкент пен Тараздағы көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлерден сатып аламыз. Оны аптасына бір рет арнайы өзім барып, тапсырыспен алып келемін.

El.kz: Гүл шоқтарын безендірумен кім айналысады? Көмекшілеріңіз бар ма?

Жанна Әлжанбай: Мереке күндері тапсырыс көбейген кезде көмекшілерді шақырамын. Басқа күндері өзім безендіремін. Жоғарыда айтып өткенімдей, бұған дейін түрлі мерекелік шараларды шарлармен безендіріп, баннерлерді жасаумен айналыстым ғой. Сондықтан гүл шоқтарын әсем етіп дайындау аса қиын емес. Қолым әбден жаттыққан.

El.kz: Идеяны қайдан аласыз? Белгілі бір курстарға қатысып, тәжірибе жинадыңыз ба? Әлде клиент өзіне қажетті гүл шоғының фотосын көрсетсе немесе ауызша түсіндірсе, бірден іліп аласыз ба?

Жанна Әлжанбай: Қазір ғаламтор дамыған заманда талғам да, таңдау да артып келеді. Гүл шоқтарының түрлерін өзім көбіне сол ғаламтордан қарап, безендіріп отырамын. Шынымдай айтсам, менің бір көргеннен еста сақтау қабілетім жоғары. Мәселен, гүл шоғының суретін көрдім бе «неге жасап көрмеске?» деп бірден кірісіп кетемін. Сонымен қатар белгілі флористердің еңбектерін үнемі қарап отырамын. Яғни, бір орнында тоқтап қалмай, үнемі түрлі идеялармен өзімді-өзім жетілдіріп отырамын.

Бұдан өзге кей клиенттер өз ұсыныстарымен келеді. «Мынандай түсті гүл болса, жапырағы мына жерге оралса, гүл шоғын орайтын жылтыр қағазының түсі осындай болса» деп өз қалауларын айтып жатады. Тіпті кейбірі дайын гүл шоқтарының суретін көрсетеді. Еш қиындықсыз гүл шоғын орап, әдемілеп безендіріп беремін. Біздің басты ұстанымыз – кез келген сатып алушының көңілінен шығу және оны тұрақты клиенттер қатарына қосу. 

El.kz: Шыны керек, гүл бизнесін дөңгелетіп отырған кейбір кәсіпкерлерден бизнестің бұл түрі аса тәуекелді қажет ететінін жиі естиміз. Жалпы гүл шоқтары мен композицияларды неше уақытқа дейін сақтауға болады?  

Жанна Әлжанбай: Ол бірінші кезекте күтімге байланысты. Гүл сақталатын орын салқын болуы қажет. Ары кетсе екі аптаға жетер-жетпес уақытқа шыдауы мүмкін. Мен сондықтан көтерме бағамен сатып алатын гүлдерді белгілі бір сұранысқа, сатылымға қарай шамалап тапсырыспен аламын. Сондықтан мендегі гүл шоқтары мен гүл композициялары 1-2 күнде сатылып кетеді.  Әр апта сайын гүлдердің түсімі жаңарып тұрады.

Өзім мынандай бір жағдайды бастан өткердім. Менің екінші қызым би үйірмесіне қатысады. Жеткен жетістіктері де жаман емес. Алматыға жарысқа алып бардым. Байқауда бас жүлде алып, Түркияға жолдама жеңіп алған болатын. Сол кезде биден сабақ беретін апайына гүл алайын деп дүкендердің біріне кірдім. Ондағы гүлдерді көрсеңіз, қатты көңілім түсті... Өзім осы салада жүрген соң бір қарағаннан-ақ ажырата аламын ғой. Әлгі гүлдер солыңқырап қалған. Менің дүкенімдегі гүлдер бірнеше күн сатылмай тұрып қалса, солыңқырамай жатып жеңілдік жасап, төмендеу бағамен сатып жіберемін және оны міндетті түрде сатып алушыға ескертемін. Кейде клиенттің қалтасы көтермей жатады. Сондай сәттерде жеңілдіктегі бағаларды ұсынамын. Өйткені бизнесте жүрген кез келген адам клиенттің көңілінен шығып, алдағы уақытта ол сіздің тауарыңызды өзі іздеп келетіндей қарым-қатынас таныта білу керек. Ал солып қалған гүлді сату – меніңше ұят.

Осыдан біраз уақыт бұрын дүкенге бір жігіт келді. Сүйіктісінің туған күніне гүл сатып алмақ екен. Бірақ қаржысы жетіңкіремей тұрғанын, қолындағы бар қаржысына көзге көрінерлік гүл шоғын безендіріп беруімді айтты. Сүйіктісі болған соң 5-7 дана гүл сыйлау ұят екені анық. Кемінде 15 шақтысы керек. Ойлана келе барлығын есептеп, төмендетілген бағада сатып алған қаржыдан бөлек жол шығынын есептеп, жеңілдетілген бағаны ұсындым. Әлгі жігіт риза боп кетті. Сенесіз бе, арада бір ай өтер-өтпес уақыт ішінде жаңағы клиент маған қайта келді. Ол кезде ешқандай жеңілдік сұраған жоқ.

(Фото: Жанна Әлжанбайдың жеке мұрағаты)

El.kz: Бір гүл шоғын безендіру неше уақытты алады?

Жанна Әлжанбай: Енді ол тапсырыстың көлеміне қарай әртүрлі уақытта алады. Шамамен 10-15 минут кетеді.

El.kz: Бүгінде гүл шоқтарының қай түріне сұраныс жоғары?

Жанна Әлжанбай: Голландиялық раушан гүлдеріне, раушан гүлдерінен безендірілетін француздық және эсперанто мен Голландиядан жеткізілетін гортензия гүл шоқтарына сұраныс көптеп түседі.  

El.kz: 101 дана раушан гүліне деген сұраныс қаншалықты көп? Әлде ол сәннен қалды ма?

Жанна Әлжанбай: Жоқ, сұраныс әлі де бар. Бірақ көп жағдайда оны Ташкенттен алдырып, безендіріп беремін. Өйткені оның бағасы клиент қалтасына қонымды, 101 данасы 38-40 мың теңге аралығында. Ал ұзындығы бір метрлік голландиялық раушан гүлдерінің 101 данасы 100 мың теңгеден асып кетеді. Жарты метрлік 101 дана голландиялық раушан гүлін шамамен 70 мың теңгеге бағаланады.

El.kz: Гүл шоқтарын безендіруде флорист маманының көңіл күйі аса маңызды дегенді естіп қалғаным бар. Келісесіз бе?

Жанна Әлжанбай: Менің тәжірибемде ондай жағдай кездеспеген. Бірақ бір оқиға болды. Клиент 4 сағат бұрын хабарласып, өз талғамы бойынша тапсырыс берді. Асықпай, барлық фантазиямды қосып тұрып безендіріп шықтым. Неге екені белгісіз, ол гүл шоғы клиенттің көңілінен шыға қоймады. Тағы бір жағдай болған, дүкенге кезекті сатып алушы келіп, тез арада көлемді әрі көз жанарын алатын гүл шоғы қажеттігін айтты. Сенесіз бе, 5 минуттың ішінде дереу безендіріп, қолына ұстаттым. Клиент дән риза болды. Осы екі жағдайдың себебін әлі де түсінбеймін. Бәлкім бұл алғашқы клиент өз талғамын жеткізе білмеуімен байланысты шығар.

Аудан орталығы Тұрар Рысқұлов ауылында бүгінгі таңда гүл сататын 6-7 дүкен бар. Біздің дүкенге келушілердің көбі сапаны мақтап жатады. Жаңа айтып өткенімдей бізде апта сайын жаңа гүлдер жеткізіледі. Одан кейін біздің безендіру жұмыстарымызға, гүл шоқтарының көлемінің үлкендігіне риза боп кететін клиенттеріміз көп.

El.kz: Сіз безендіріп берген гүлдер көңілінен шықпаған клиент не істеді? Алмай кетті ме?

Жанна Әлжанбай: Алды, әрине. Бірақ жүзінен аса бір таңданысты байқай қоймадым. Мүмкін көңіл күйі болмай тұрды ма?..

El.kz: Клиенттеріңіздің арасында ерекше есіңізде қалып қойғандары бар ма?  Бәлкім талғамы өте ерекше сатып алушы болған шығар? Сондай-ақ гүл сатып алушылар қатарында белгілі бір мына жас аралығындағылар көп деп айта аламыз ба? 

Жанна Әлжанбай: Гүл шоқтарына деген сұраныс белгілі бір жасты таңдамайды. Дегенмен олардың көбі ерлер қауымы дегенмен келісемін. Дүкеніміз былтыр күз айында ашылған болса, сол уақыттан бері апта сайын тұрақты келуші клиентіміз бар. Ол өзіммен құрдас 1995 жылғы ер жігіт. Кездесіп жүрген сүйіктісіне міндетті түрде еш себепсіз аптасына бір рет гүл сыйлайды. Мына бір жағдай есімде қалып қойғаны бар (күліп). Әлгі жігіт бір күні хабарласып, өзіне 42 дана раушан гүліне тапсырыс берді. Бізде гүл сыйлаудың этикеті бар ғой. 1, 3, 5 секілді тек тақ сандарды сыйлауға болады. Ал мен клиентке 41 немесе 43 дана раушан гүлін ұсынамын. Ал ол айтқанынан қайтпайды. «42-сін бер» деп тұр. Былай түсіндіремін, көнбейді. Кейін тапсырыс берген гүлдердің 41-ін әдемі безендірумен гүл шоғы етіп орап беруімді, қалған бір данасын өзіне алатынын айтты. Түк түсінбей тұрмын. Сөйтсем ол өзіне алған гүл қай уақытта солыңқырай бастайды, сол кезде сүйіктісіне қайта жаңа гүл шоғына тапсырыс беріп, қуантуды жоспарлаған екен. Көрдіңіз бе, нағыз романтиктің өзі екен.

Тағы мына бір жайтты да айтып өтейін. Түнгі уақытта бір тапсырыс беруші хабарласып, түнгі сағат 12-де анасын туған күнімен құттықтайтынын, сол үшін 17 дана раушан гүлі бар гүл шоғы қажеттігін айтты. Содан жолдасым екеуміз дереу оны әсем етіп арнайы жылтыр қағазбен орап, безендіріп алдық. Көлікке отырдық. Тапсырыс берушінің мекенжайы біздің аудан орталығынан алыстау. Арада екі ауыл бар. Жолда раушан гүлдерін тағы бір санай қояйыншы деп қолыма алсам, 17 емес, 16 дана. Арада санаулы минуттар ғана бар. Себебі клиент сағат түнгі 12-ге дейін жеткізіп беруді өтінген. Әйтеуір не керек, кері қайттық. Дүкенге келіп, тағы бір дана гүл қосып, клиентке жеткізіп бергеніміз бар.     

El.kz: Гүл сыйлаудың мәдениеті мен өзіндік этикеті бар екенін жақсы білеміз. Ал клиенттер бұдан қаншалықты хабардар?

Жанна Әлжанбай: Иә, гүл сыйлаудың да өз мәдениеті бар. Мәселен, біздің дүкенге гүл сатып алуға келген кез келген клиенттен алдымен оны кімге сыйлайтынын сұрап аламын. Досына немесе әріптесіне болса, міндетті түрде сары түстес гүлдердің ассортиментін ұсынамын. Ал егер анасына немесе әжесіне, әпкесіне, сондай-ақ үйлену тойларына алып баратын болса, ақ түсті гүлдерді алуға кеңес беремін. Егер сүйіктісіне немесе сырттай көңілін білдіре алмай жүрген жандарға алатын болса, қызыл, қызғылт түсті гүлдерді ұсынамын. Себебі қызыл түстес гүлдер – махаббат пен құштарлықтың символы ғой. Ақ түс – тазалық пен шынайылықты, құрметті білдірсе, сары түс – достықтың белгісі. Бастысы, кез келген сатып алушыға гүлдің санына мән беру қажеттігін үнемі ескертіп отырамын. Гүл саны міндетті түрде тақ болуы қажет.

Жалпы гүл сатып алушылардың, соның ішінде жас жігіттердің талғамы өте жоғары деп айтуға келеді. Олар гүл шоғының ұсақ-түйегіне дейін мән беріп жатады. Тіпті түстерін таңдайтын кезде де аса талғампаздық танытады. Осы ретте ерекше айта кеткім келіп отыр, біздің дүкенде тек гүл шоқтары емес, түрлі кәдесыйлар, жұмсақ ойыншықтар да сатылады. Одан өзге шоколадпен қапталған құлпынай мен кептірілген жемістерден безендірілген букетті те табуға болады. Екеуін де алдын ала тапсырыспен өзім жасаймын. Өйткені біз дүкен ғимаратын жалға алып, бизнесімізді жасап отырмыз. Сондықтан қосымша табыс көзі қажет-ақ.  

(Фото: Жанна Әлжанбайдың жеке мұрағаты)

El.kz: 8 наурыз мерекесі қарсаңында гүл саудасы қызатыны айтпаса да түсінікті. Одан бөлек жылдың қай мезгілінде немесе қандай мерекелерде сұраныс артады?

Жанна Әлжанбай: Бізде 1 қыркүйек пен 25 мамыр күндері клиент қатары көбейеді. Бұдан бөлек жаңа жыл мерекесі қарсаңында да сұраныс жоғары болады. Биыл әсіресе мынау соңғы қоңырау кезінде сұраныс артты. Тіпті Халықаралық әйелдер мерекесіндегідей клиент келді деуге болады. Өйткені 25 мамырда мектеп бітіруші қыздарға ата-анасы мен бауырлары арнайы келіп, гүл сыйлау сәнге айналып келеді.  

El.kz: Өзіңіз секілді декретте отырған және өз кәсібін бастағысы келетін аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

Жанна Әлжанбай: Бастысы, ештеңеден қорықпау керек. Идеяңыз бар ма, нар тәуекел етіңіз. Адамда ең алдымен мақсат, жоспар бола білгені дұрыс. Алға қарай ұмтылса, кез келген істің берекесі болады. Шыны керек, жолдасым екеуміз бұл бизнесті бастамас бұрын көп туыстарымыз «Біздің ауданға ондай бизнестің қажеті қанша? Неге гүл сатуды таңдадыңдар?» деп қарсылық танытты. Бірақ ешкімнің кері тартпа сөзіне құлақ аспадық. Себебі шешіміз сол болды. Бүгінде сол теріс пікір айтқан туыстардың кейбірі қазір дүкенімізге келіп, арнайы жеңілдік қарастырып беруімізді сұрап жатады. Сондықтан үйде отырған қыз-келіншектерге айтарым, ешкімнің сөзін елемеңіздер. Көзді жұмып, істі бастап кетіңіз. Бастысы, мемлекет кәсіп бастаймын деушілерге көмекті аяп жатқан жоқ. Сол мүмкіндікті пайдаланып қалыңыздар. Қазақта «Әрекетке берекет» деген жақсы сөз бар.  

El.kz: Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?

Жанна Әлжанбай: Арман да, мақсат та көп қой, әрине. Алдағы уақытта осы гүл бизнесін ары қарай кеңейткім келеді. Тараз, Шымкенттегі кәсіпкерлер секілді гүлдерді өзім тікелей жеткізіп, көтерме бағамен сатумен айналыссам, үлкен қойма ашсам деген арманым бар.  Қысқасы, Қазақстанға белгілі флорист болғым келеді. Егер мемлекет тарапынан бизнесті ары қарай дамытуға мүмкіндік берілсе, бірден бағымды сынап көрер едім. Өйткені жолдасым екеуміздің қазір дөңгелетіп отырған кәсібіміз – балаларымыздың болашағы. Соларды қатарынан кем етпей, тәрбиелеп өсірсек дейміз.

35 жасқа дейінгі жастарға мемлекеттен 5 млн теңге көлемінде грант беріледі дегенді естігенім бар. Сол бағдарламаға қатысып, бағымды сынап көрсеп деп отырмын. Бірақ нақты шарттары мен талаптарынан әзірге хабарым жоқ. Айтпақшы, біздің 2 гектар жеріміз бар. Сол жерге жылыжай соғып, гүл өсірсек дегенім ниетіміз бар.

El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға