Жаңалықтар

Берiк Садыр: "Қожанасыр атындағы партия құрып алсам деп жүрмiн"

Берiк Садыр, сатирик-жазушы.
07.08.2014 10:23 4021

Берiк Садыр, сатирик-жазушы.

Берiк Садыр: "Қожанасыр атындағы партия құрып алсам деп жүрмiн"

– «Диiрменде туған тышқан дүрсiлiңнен қорықпайды» де-гендей, сатира жазу үшiн де жүрек керек. Сiз қай «диiрменде» туылып едiңiз?

– Бiздiң елде «Сүйiндiктiң сүйкемесiнен сақтан» деген сүйiр сөз қалыптасқан. Қан жағынан мен осы сүйiндiк руының «төл туындысымын». Ал заманында от ауыз, орақ тiлдi болған Көдек Байшыған ақын – менiң сəл əрiден қосылатын бабам... Өз əкем Əкiмқожа – бай баласының «арқасында» балалар үйiнде тəрбие-ленiп, ұстаздықты 1932 жылы бастап, 1939 жылы ҚазПИ-дiң филология факультетiн тəмамдап, мұғалiмдiкте жарты ғасыр еңбек ете жүрiп, сын, фельетондардың арқасында көресiсiн көрген екен... Он баласының ортаншысы – менi математикадан үздiк бiтiрсем де, «сот боламын» деп секеңдегенiме қарамай, таныс-тамырына 500 сомды санап берiп, iзiн жалғастырар оқуға түсiрiп, арманына жеткенi бар...

Аға газетiмiз «Егемен Қазақстанда», «Сөз сойыл» де-ген мүйiстi шығарып келе жатқаныңызға 8 жыл болыпты. Бағыт-бағдарларыңызды айқындап, бет-бейнелерiңiздi танытып алдыңыздар. Дегенмен, авторлардың қатысуы қалай?

– «Бағыт-бағдардың айқындалып, бет-бейненiң танылғанына» құлдық. Бiраз жыл газеттердiң тек макетiн сызғылап, нəпақа айырып, қол қалт етсе, тек сатира-юморды ермек еткендiктен болар, ал бұған «Тамаша», «Бауыржан-шоуда» редактор болып қоржын ұстағандыкi ме, басынан-ақ бас-көз демей, төпелей жөнелдiм. «Қазақ əдебиетiндегi» «Қожанасыр қоржыны» суалып таусылған, «Ара» жабылған... сатириктер де сусап қалыпты, «Бəрекелдiмен» бел буып кiрiсiп кеттi. Қазiр құдайға шүкiр, елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен тiзiмдеп санасам, 80-ге тарта «сер-кем» бар. Мүйiзi қарағайлардан қайыр шамалы, елдегi елгезек авторлар аман болсын. Тек сұрыптай бiл, сүзгiден сiрнеле, жылт еткенiн жарияла, тегi болмаса, бесаспаптық танытып, 5 – 6 жанрда өгiз күшпен өзiме күшенуге тура келедi.

Газет бетiндегi сатиралық мүйiс атамзаманнан берi «Мүйiзтұмсық» деп аталып келiп едi. Атын өзгертуге не себеп болды?

– «Мүйiзтұмсықтың» атамзаманғы дейтiндей, өте əрiге кете қоятын тарихы да шамалы. Негiзi, ноқта иесiнiң ноқайлығынан жануар бiздiң елдi жерсiндi ме, бiр мезгiл тоңқалаң асып, тоқтап қапты... Бiз кеп қайта тiрiлтiп, ноқта жiбiн қағып, «шүу жануар» деген күннен басекеңдер тарапынан: «мүйiзтұмсық – атам-заманнан бiздiң топырағымызда болмаған аң, бастаған екенсiң, атауы табиғатымызға жақынырақ болсын» деп талап қойғасын, атауына бəйге жариялап, онымыз қаңтар айының алғашқы күнi «Сөз сойыл» боп бұрқ ете қалды. Қазiр, құдайға шүкiр, баспасөз бағында «Ел сойыл», «Сойыл сөз» деп балалап, үрiм-бұтағын үкiлеп кеткен жайы бар.

Анау бiр жылдары халықаралық «Алаш» сыйлығын алуға талпынып едiңiз, бұйырмай қалды. Бұл сыйлықты алудың да артында «алыс-берiстер» бар ма екен?

– Бiр кездерi Америкада «Чарли Чаплинге елiктеушiлер» конкурсы жиi-жиi ұйымдастырылып, қомақты сыйақы таратылып тұрыпты. Бiрде Голливудта өтетiн бəйгеге аты-жөнiн жасырып, Чаплиннiң өзi қатысыпты. Сөйтiп, бұған комиссия Чарли Чаплинге елiктегенi үшiн үшiншi сыйлықты берiптi.

Бап емес, бақ шабатын заман. Ол додаға екi-үш жылда кiтап атаулы шығарған «аш қасқырлар» түп-түгел қатысып, 21 ко-миссия мүшесiнiң бiреуi ғана Астанадан болып, бiр мен ғана емес, бiраз елордалықтар қапы қалды. Негiзi, мұндайға қатысу үшiн өзiңнiң «қабiлет-қасиетiңдi» бағамдап барып, алатыныңа көкелерiңнiң арқасында сенiмдi болғанда ғана қатысқан жөн.

Сiздi Түркияға сапар шегiп, Қожанасыр бабамыздың туған жерi мен зиратына барып қайтты дей ме?

– 2001 жылдың қазан айында Астананың Анкарадағы мəдени күнi болып, үш күнге барған болатынбыз. Соның бiр күнiнде Анкарадан 130 шақырымдай қашықтықтағы Насретдин Қожа дүниеге келген Ескiшехир уəлаятындағы Хорты ауылына барып қайттым. Қожа Насретдин 1208 жылы осы Хорты ауылында дүниеге келiптi-мыс. Қожаның əкесi Абдулла əпендi ауыл имамы болыпты. Қожа да əкесiнiң жолын қуып, Конйа қаласында медреседе оқып, имамдықты меңгерген. Ол əкесi қайтыс болғаннан кейiн, 1237 жылдары имамдық қызметiн Мехмет есiмдi кiсiге жүктеп, өзi ғылым-бiлiм орталығы – Ақшехир қаласына көшiп, 1284 жылдары осында дүние салған екен.

Насретдин Қожаның дүниеге келген Хорты (Үшкiртау) елдiмекенiне кiре берiсте есегiне шiрене отырған, қолында ұзынша таяғы бар ескерткiш орнатылып, онда «Дүниенiң кiндiгi осы жер» деп жазылыпты. Ал берiректегi (Анкараға қарай) Қожа ғұмырының бiраз бөлiгi өткен ауыл мен мектеп – Насретдин Қожа есiмiмен аталыпты. Бұл ауылға да үлкен жолдан бұрылар бұрышқа Қожекеңнiң есегiне терiс мiнген ескерткiшi қойылыпты. Ауылдағылардың көпшiлiгi өздерiн «Қожа ұрпағымыз» деп санап, ХIII ғасырда Қожаның əкесi, одан кейiн өзi тұрған үйiн көздiң қарашағындай сақтап келген. Шетiнен сөзге мəн бергiш, қуақы, əзiлқой, Насретдин бабасының хикаяларын құрмет тұтып, бағалай да, айта да бiледi екен. Түркияның Ақшехир қаласында «Насретдин Қожа жəне туризм» қоғамының ұйымдастыруымен жылда шiлде айында карикатура, мультфильм мен əзiл-оспақ əңгiмелердiң халықаралық конкурсы өткiзiлiп тұратын көрiнедi. Ал 1996 жылды ЮНЕСКО-ның шешiмiмен «Қожанасыр жылы» деп жариялап, мерекеге осы түркi жұрты мұрындық болыпты.

Мақсатқиял дегендер əр кəллəда болатынын бiлесiз?..

– Жоғарыдағы Ақшехир қаласына (Анкарадан 500 шақы-рымдағы) жолым түссе деп жүрмiн. Өйткенi, онда Қожекеңнiң мол мұрасы жинақталып, жалпы түркi жұртының əзiл орталығы сол қалада екен. Күлкi көкжиегiнде халықаралық деңгейде Болгариядағы Габрово қаласының аты əлемге белгiлi. Оған ат iзiн салу да арман. Қожанасырды құрмет тұтып отырған түрiк ағайындардан кейiн Əзiрбайжандағы Шекi қаласы аталып, ондағы аумақты бүкiл бiр Нехрем ауылы – күлкi орталығы болып ерекшеленедi екен. Дəм тартса, соған барсам деген қиял бар.

Осындайда фольклорлық орталық негiзiнде елордада «Күлкi орталығын» ұйымдастыруға болар едi-ау деген ой келедi...

Ал қиялға ерiк берсек, бабамыз есегiмен тепеңдеп жүрiп ел аралаған емес пе?! Құдайға шүкiр, ғылым-техника дамыған заман, бiзге бiр от жағып, үрлеп ұшатын шар бұйырса, соған мiнiп алып, аспаннан кең дала төсiнде қалықтап, ел-жұртқа қонақтап, бар бiлген əзiл-анекдотымызды түгесiлгенше айтып, əңгiме саясатқа ауысқанда сырғып, сырғанып кете барсақ. Сөйтiп жүрiп, уағыз айта қол жиып, Қожанасыр атындағы партия құрып алсам деп жүрмiн..

Əңгімеңізге рақмет.

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, «Ағынан жарылсақ», 2007 жыл.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға