Жаңалықтар

Берік Уәли Семейді жасыл қалаға айналдыру қажеттігін айтты

Берік Уәли Семейді жасыл қалаға айналдыру қажеттігін айтты
Фото: Абай облысы әкімдігі 27.04.2025 18:40 357

Абай облысының әкімі Берік Уәли Семейді жасыл қалаға айналдыру қажеттігін тапсырды. Бұл туралы ол Қарағайлы ықшам ауданында өткен сенбілікте айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аймақ басшысы мемлекеттік қызметкерлермен бірге «Арена» спорт кешені аумағындағы алаңқайға ағаш көшеттерін отырғызды «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы шара барысында 350 түп терек егілді.

Өз сөзінде облыс әкімі қаланы көгалдандыру, абаттандыру бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын атап өтті.

Бұрын Семейдің жасыл желекті қала болғанын тарихтан білеміз. Соны қалпына келтіруіміз керек. Ағашты көп егуіміз қажет. Бізде бұған барлық мүмкіндік бар. Қасымызда қарағайлы орман тұр. Алдағы уақытта облыс орталығының көркін кіргізіп, ажарын ашу үшін қаланың шетіндегі мың гектардан астам аумақта жаңа ықшам аудан салуды жоспарлап отырмыз. Онда әкімшілік ғимараттар, мәдени-спорт нысандары, жаңа саябақтар бой көтереді. Төрт апта бойы жалғасқан сенбілік барысында қаламыз айтарлықтай тазарып қалды. Тұрғындар белсенді қатысуда. Әлі де бірлесе атқаратын жұмыс көп, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімдігі жалпықалалық сенбілікке 20 мыңға жуық адам қатысқанын атап өтті. 2500 текше метрден астам қоқыс қалалық полигонға шығарылды. Сенбілік барысында 15264 аула мен жалпы ұзындығы 4000 метрге жуық арық тазартылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға