Жаңалықтар

БЕРІК ӘБДІҒАЛИ: БҮГІНГІ ТАҢДА ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ЕКІ ЖҮЗГЕ ЖУЫҚ, ӨҢІРЛІК БЕС ЖҮЗГЕ ЖУЫҚ ҚАСИЕТТІ ЖЕРЛЕР ТІЗІМІ ЖАСАЛДЫ

БЕРІК ӘБДІҒАЛИ: БҮГІНГІ ТАҢДА ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ЕКІ ЖҮЗГЕ ЖУЫҚ, ӨҢІРЛІК БЕС ЖҮЗГЕ ЖУЫҚ ҚАСИЕТТІ ЖЕРЛЕР ТІЗІМІ ЖАСАЛДЫ
14.06.2019 16:39 3505

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын әзірлеу туралы тапсырмасына орай «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, қызу жұмысқа кірісіп кеткен еді.

Біз де осы жоба аясында орталықтың жетекшісі, тарихшы Берік Әбдіғалимен сұхбаттастық.

— Берік аға, «Сакралды Қазақстан» ба, «Киелі Қазақстан» ба? Әр жерде әртүрлі аталып жүрген сияқты.

— Ресми түрде «Қасиетті Қазақстан» деп аталады. Бастапқы кезде ауызекі тілде сакралды делініп, аралас айтылып кеткен ғой. Негізі қасиетті, яғни, «Қасиетті Қазақстан» деген дұрыс.

Жалпы сакралды деген сөз әулиелі, киелі деген ұғымды білдіреді ғой. Бір кездері діни сөздерге қатысты айтылған, дәлірек айтқанда, құдайға байланысты қолданылатын болған. Кейін ол ғылыми термин болып қалыптасты.

Сакралды (ағылшынша sacral және латынша sacrum – қасиетті, құдайға қаратылып айтылады) сөзі – кең мағынада – құдайға, дінге, көкке, тылсым дүниеге, мистикаға, әдеттегі заттардан ерекшеленетін заттарға, кейбір ұғымдарға, құбылыстарға қатысы бар.

Қазақша киелі, қасиетті, қастерлі, әулиелі, әруақты деп тізбектеліп кетеді. Қазақ елінің киелі жерлеріне тоқталған соң, оның үстіне қазақ киелі деген сөзді әр нәрсеге қолдана бермейтін халықпыз ғой, қасиетті дұрыс болады деген тоқтамға келдік. Сонымен қатар жобада тек қана бір дінге, салт-дәстүрге ғана емес, сонымен қоса қазіргі ескерткіштерге, басқа ұлттың, діннің ескерткіштеріне, тарихына байланысты жерлер бар болғандықтан, жалпыға саятын ортақ ұғымды алдық.

Қасиетті жерлер географиясы қасиетті, киелі, қастерлі, сондай-ақ қасіретті жерлерді қамтыды. Бұл арада түсінікті болу үшін айта кететін тұс – қасіретті жерге тарихымыздан белгілі отызыншы жылдардағы зұлматқа байланысты ескерткіштер және осы сияқты басқа да ескерткіш жатады.

Жобаның арқасында халық Қазақстандағы қасиетті жерлерді толық білетін болады. Оның тарихымен танысады. Барып көруге деген қызығушылығы туындайды. Әркім туған жердің тарихына, белгілі бір нысанға байланысты мәліметтермен қамтылады.

— «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы 2017 жылы бастау алғаны белгілі. Осы уақытқа дейін жасалған жұмыстарға кеңірек тоқталып өтсеңіз.

— Елбасының бастамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан ұлттық музейінде «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды және аталған жылы 15 мамырдан жұмысын бастады. Мақсаты – Қазақстандағы қасиетті тарихи жерлерді, нысандарды, орындарды анықтап, оларды ұлттық-идеологиялық деңгейге көтеру, жалпыға насихаттау.

Ал енді айтылған жобаны күтілген деңгейде сапалы атқару үшін орталықта ғылыми-сараптамалық кеңес құрылды. Құрамына жергілікті өлкетанушылар, этнограф ғалымдар, аймақтағы салалық мекеме қызметкерлері кірді. Өңірлерде де облыстық мәдениет басқармаларының төңірегінде жұмыс топтарын құрдық.

Кеңес ең алдымен әдістемелік нұсқау дайындауға кірісті. Ол өңірлердегі жүргізіліп жатқан жұмыстардың жолын айқындау үшін әзірленді. Яғни, әдістемелікте қай жерлерді киелі, қасиетті деп айта аламыз, оны қалай анықтаймыз деген сұрақтарға жауап қарастырылды. Бұл жөнінде өзара пікір алмасып, ақылдастық.

Әдістемелік нұсқау өңірлерге таратылып, құрылған топтар ақпарат жинады. Бұл тұрғыда алдымызда бірнеше жол тұрды. Біздің бірінші кезекте ұстанғанымыз ғылыми жол болған жоқ, өйткені ғылымның түсінігі бөлектеу. Біз халыққа сүйендік – халық бұрыннан киелі деп жүрген жерлерді, күні бүгінге дейін толассыз баратын орындарын, оның басына түнеп, ем-шара жасап жүрген жерлерді түгендедік. Оның тарихымен, аңыз-әпсаналарымен, шығу тегімен таныстық. Заман өзгерсе де, мемлекет өзгерсе де, өңірлердегі тарихи орындар өзгермейді қашанда.

СҰХБАТТЫҢ ТОЛЫҚ МӘТІНІН МЫНА ЖЕРДЕН ОҚЫҢЫЗ...


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға