Жаңалықтар

Берел қорымы – теңдессіз олжалар мекені

Темір дәуірінің құндылықтары
Берел қорымы – теңдессіз олжалар мекені
Фото: ашық интернет ресурстарынан алынды 13.09.2017 19:12 123417

Берел ескерткішін ең алғаш болып 1865 жылы Вильгельм Радлов зерттеп, осы ауамақтағы ең алып нысан «Үлкен Берел қорымын» ашқан болатын. Мыңжылдықтар тарихын арқалаған Берел қорымы – Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары қатарына енген қасиетті мекен.

Берел қорымына Вильгельм Радловтың зерттеуінен кейін 100 толғанда Ресей Федерациясының мемлекеттік Эрмитажынан Сергей Сорокин археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді.

Одан кейінгі кезекте есімі Берел ескерткіштерімен қатар аталатын зерттеуші Зейнолла Самашев. Ол алғаш қазба жұмыстарын 1998 жылы қорғанның «патшалық оба» кезеңін зерттеу барысында №11 нысаннан алтынмен апталған 13 тұлпар мен сол заманның көсемі болған бекзада мен әйелдің сүйегін тапты.  

Зейнолла Самашевтің «Берел» атты зерттеу еңбегінде: «Берел ескерткіші Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының әкімшілік аумағында, ресей, Моңғолия мен Қытай мемлекеттері шекараларының түйіскен жерінде орналасқан. Ежелгі көшпелілер өз көсемдерін жерлеуде Қазақ Алтайының табиғаты ғажап бұл өңірді тегіннен тегін таңдамаған. Обалар орналасқан жазық жан-жағынан қалың орманмен көмкерілген биік таулармен қоршалып, өзге жерлерден әлдеқайда асқақтап тұр. Берел жазығы кейінгі көшпелілер үшін де киелі мекен болып қала берген: осы жерде орта ғасырларға жататын обалар да орналасқан. Берел қорымы төрт обалар тізбектерінен тұрады. Оның негізін СБ-ОШ бағытында созылған бірнеше қаз-қатар орналасқан обалар құрайды. Ең ірі тізбекте, үстінен қарағанда, эллипс тәріздес обалар болса, ал басқа тізбектегілер дөп-дөңгелек келген. Әрбір тізбекте доминат оба болады. Бұдан туындайтын ой – әрбір тізбекте, мүмкін, осы кеңістікте бірін-бірі алмастырып билік жүргізген көшпелілер әулеттердің билік мұрагерлері, олардың қандас туыстары мен қоғамның бекзадалары жерленуі мүмкін» деген деректер кездеседі.

Жоғарыда атап өткенміздей 1865 жылы түркітанушы ғалым Вильгельм Радлов алғаш рет жерлеу камерасында мұздың кристалдары болғанын күнделігінде жазғаны белгілі. Қорымнан табылған құнды жәдігерлер бүгін де Мәскеудегі Мемлекеттік тарихи мұражайда сақталған деген дерек бар.

Зейнолла Самашев «Берел» атты кітабында «Берел жазығының ежелгі тұрғындары өз билеушілеріне арнап тұрғызған орасан зор қабірлерде, бәлкім, марқұмадардың денелерін шірітпей ұзақ уақытқа сақтамақ болса керек. Олар адам мәйітін бальзамдаудың құпия әдістерін білген, ал тас құрылыстарды тұрғызу тәжірибесі обаның жерлеу камерасында маусымдық тоң қабатының қалыптасу мүмкіндігін есептей білген деген де болжам бар, себебі, табиғи тоң әдетте 2500-2700 м биіктіктерден бастап қалыптасады, ал Берел теңіз деңгейінен 1120 м ғана биіктікте орналасқан. Бұл мақсатқа жету үшін жерлеу ғұрпына байланысты атқарылар шараның бәрі қатаң регламентке бағынған, марқұмды о дүниеге аттандыру тек жылдың белгілі бір мерзімінде ғана іске асқан деген болжам бар. Берел қорымындағы ең атақты №11 оба 1998-1999 жылы зерттелді. Біз қазба жұмыстарының екінші мауысымында, ескерткіштің құндылығы өте жоғары екендігі анықтала бастағаннан кейін, одан жан-жақты мәлімет алу үшін, көптеген жаратылыстану саласындағы мамандарды, солардың ішінде, геологтарды, геоморфологтарды, палеоботаниктерді, палинологтарды, медицина саласы қызметкерлерін, архитекторларды, топырақтанушыларды, дендрохронологтарды, паразитологтарды, палеозоологтарды, палеоветеринарларды, археоастрономдарды генетиктерді, этнологтарды, өнертанушыларды және тағы басқаларын Берел құндылықтарын бірігіп зерттеуге жұмылдыруды жөн көрдік. Бұл жұмыстардың біразы өз нәтижелерін бере бастады» деп жазады.

Берел қормындағы обалардың ішкі құрылымдары мен жерлеу ғұрпы туралы Зейнолла Самашев келесідей деректер келтіреді: «№11 ең үлкен обада, сөзссіз, көшпелілер қоғамының билеушісі жерленген. Ер адам мен әйелдің мүрдесі жер үстінен төрт метр тереңдікткегі кең көлемді қабірдің түбіне орнатылған қима-таған ішіне орналастырылған көп ғасырлық самырсын ағашынан ойылған астау-табыт ішіне, бастарын күншығыс жаққа қаратып, ер адамды шалқасынан, әйелді аяғын бүгіп жатқызған. Ер аадамның басы ағаштан жасалған арнаулы жастықта жатты. Берел материалдарын сұрыптауға атсалысып жүрген генетика саласы ғалымдарының болжауына сенсек, әйелдің денесі ер адамға қарағанда ертерек қойылғанға ұқсайды. Шынында да, ағаш табыт алғашында бір адамға арналып ойылған, ол айқын. Ағаш табыттың ішіндегі патша мен әйелдің мүрделері толық тонауға ұшыраған, киімдерінің бәрін сыпырып алған, тек сүйектері ғана анатомиялық пошымын сақтап қалған. Ерекше құрылым мен жерлеу рәсімі №36-шы обада тіркеліп отыр. Онда адам жерленген қима-таған мен ағаш табыттың сыртынан текше тас қоршаумен қаланған да оның үсті көлемді текше және сопақ, салмағы ондаған, тіпті жүздеген килограмм тас блоктармен ұзынынан және көлденеңінен аса мұқият қаланып жабылған. Бірақ, шаралар да тонаушылардан құтқармапты, олар көрдің бүйірінен тура адам жататын тұсынан тесіп кірген де, түк қалдырмай, барлық заттарын алып, мәйітті лақтырып кеткен».

Осы кітапта Берел обаларынан табылған әшекей бұйымдардың біразы қабанның азу тісінен жасалғандығы жазылады. Деректерге сенсек, №10 обадан бірегей жапсырма кестелері бар он ертоқымның үлгісі табылған. Ол жапсырма кестелерде адам іспетті сақалы мен мұрты бар, басы тау ешкінің мүйізі секілді, қанатты жыртқыштардың денесі бар, құйрығы беде тәрізді, арыстанды еске түсіретін қияли болмыс бейнеленген. Автордың жазуынша, мифтік жыртықштардың бейбіт шеруін бейнелейтін мұндай өнер туындылары Орталық Азия көшпелілерінің мұраларының ішінен алғаш табылып отырғандықтан бұл өнер шыңының түпнұсқалылығы мен бірегейлігі және жергілікті екендігі талас тудырмайды.

Деректерге сүйенсек, Берел қорымындағы обалардың ішінде қайталанбас ерекшелігі бар №36 оба екені жазылады. Онда 66 тал маралдың мүйізінен жасалған жылқы мен оның әшекейлері табылған. Маралдың мүйізінен жасалған ат әбзелдерінің ішіндегі ең негізгі бейне – грифон. Бұланның мүйізіндегі кейбір элементтерді айдар ретінде бедерленгендіктен оның синкретикалық бейнесі өсе түскен.

Грифондар туралы «Берел» кітабында келесідей қызықты дерек кездеседі: «Заттарға құрылымдық-технологиялық сараптама көпшілік заттар мүйіздің белгілі бір қабаттарынан ғана және белгіленген мөлшерде жасалғандығын көрсетті. Ең ұзындары ер тоқымнан тарайтын қайыстарға, орташалары жүгеннің маңдайлығы мен өмілдірік, құйысқандарға пайдаланылған. Грифондардың бейнелерін төртбұрышты пластиналармен жасаған. Барлық қолданбалы-декоративтік сонымен қатар культтік-рәсімдік затттарда кездесетін қызыл, ақ және сары түстердің белгілі бір мифтік, поэтикалық көзқарастармен символикалық байланыстары бар болуы мүмкін. Мүйізден жасалған барлық бұйымдар ашық қызыл бояумен, кей жерлерде қалайымен жәнеалтын фольгалармен қапталған. Бояу жағудың жүйелілігі былай жүрген: ең бірінші қызыл, сосын ақ, ең соңынан киелі сары түсті жаққанға ұқсайды. Барлық бояулардың қосындысы келіп, жылқы иесінің жердегі шексіз билігінің құдіреттілігін айғақтайды».

Темір дәуіріндегі көшпелі мәдениет кезеңінің қалыптасуы ақсүйек өкілдерінің мәйіті мен жылқылардың бальзамдалған қалдықтарынан аңғарылады. Қайталанбас көне өнер үлгілердің сақталуы және серілік-батырлық дәуірдің сипаты болып табылатын Тоң басқан оба-ескерткіштер үлкен құндылық.

Сақ-сібір аңдар стилінде жасалған жәдігерлердің табылуы – елімізді әлемге танытқан жаңалық болды. Берел қорымы – еліміздегі теңдесі жоқ органикалық олжалар сақталған киелі мекен.

2008 жылы 4 шілдеде «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ашылды. Ал, 2016 жылы Берел қорымына арнайы іссарапмен барған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов №2 қорымның үстіне саяхаттап келушілер бірегей археологиялық құндылықтарды жақыннан көру үшін шыны саркофаг салу туралы ұсыныс айтқан болатын. 40 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінеді деген жобаның құрылысы қолға алынып, жүзеге асырылуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға