Жаңалықтар

Әбен Нұрманов: тек орыс әдебиетінен іздегенім алдымнан шықты. Толстой шығармалары сұрақтарыма жауап бергендей

Әбен Нұрманов: тек орыс әдебиетінен іздегенім алдымнан шықты. Толстой шығармалары сұрақтарыма жауап бергендей
18.09.2018 10:24 2731

Рухани құндылық адамзат баласына ортақ: нәсіл, ұлт таңдамайды. Әдебиет өнері де көкіректің тұңғиығынан жаһұт боп шашылады. Асыл қасиеттер маржандай жіпке тізіліп, жазушы қаламынан қалықтап ұшады. Көңіл қазынасынан қалқып шыққан ойлар мен кемел пікірлер, парасатты тұжырымдар  дәуірлерден жалғасып, адамзат игілігіне айнала береді. Сонау әл-Фараби, Ибн Сина, Аристотель, Сократ ілімдерінің ғасыр алмасқан сайын құны шарықтауы соның айғағы. Көркем әдебиетте те қаламын шындықтың қаруы еткендер жетерлік. Соның бірі, әрі бірегейі, адамзатқа ортақ ойшыл-жазушы — Лев Толстой.

Кемеңгер Абай Құнанбайұлы парсы, шағатай тілдерін игеріп қана қоймай, сонымен қатар, орыс әдебиетінің шоқтығы – биік туындыларына табан тіреп, оның ішінде Толстойдың талай шығармаларын қазақ тіліне тәржімаласа, Шәкәрім Құдайбердіұлы өмірдің мәні мен сырын шығармасының тірегіне айналдырған Лев Толстойды «ұстазым» деп таниды. Сірә, адамзатқа ортақ құндылық осылайша қалам иелерін де рухани бір арнаға тоғыстырса керек.

Бүгінде дәл осы ойшыл, пәлсапашы, әрі әйгілі жазушы Лев Толстой туралы тағы бір туынды қазақ тілінде жарық көріп отыр.

Елбасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында дүниеге келген «Адамзаттың мақтанышы Идеал человечества» атты Лев Толстой жайлы роман-эпопеяның авторы ақын, жазушы Әбен Нұрманов.

Лев Толстой кім? Оның жазбалары несімен құнды? Қазақ қаламгерлерінің жаппай оның талай еңбектерін  қазақ тіліне аударуында нендей құпия-сыр бар?

Енді, міне, Толстой жайлы төрт томдық роман-эпопея жарық көріп отыр. Әрі сиясы кеппей тұрып, орыс тіліне де аударылып үлгеріпті. Осы күндері Толстой шығармалары әлемнің талай тілдеріне аударылғанымен, Толстойдың өзі туралы туынды алғаш рет қазақ тілінде жарық көріп отыр екен. Қазақ Ұлттық кітапханасына «Адамзаттың мақтанышы Идеал человечества» атты еңбектің тұсауын кесуге сонау Ресейден, нақтырақ айтқанда, Толстойдың кіндік қаны тамған Тула өңірінен арнайы қонақтар да келіпті. Ресей Федерациясының Алматыдағы бас Консулы Ирина Переверзева: «Романның өзіндік ерекшелігін байқадым. Әбен Нұрманов Толстойдың моральді-этникалық құндылықтарын, бейбітсүйгіштігі мен исламтану қырын айшықтап көрсеткен екен. Бұл өскелең ұрпақққа аса қажетті шығарма дер едім. Себебі, осы туынды арқылы өмірге деген көзқарасты тағы бір саралайсың, терең ой салады», - дейді.

Кітап авторы Әбен Нұрманов, ақиқатында, Толстой туралы еңбектің дүниеге келуінде терең мән-мағына, тәлім мен тәрбие жатқанын былайша түсіндіреді:

«Ес білгелі, қалам мен кітап өмірімдегі ажырамас сырлас-серігім болып келеді. Жаңылмасам, осы күнге дейін шамамен 30 мыңнан аса кітап оқыппын. Қойын дәптерімді алып, көңіліме қонғанын түртіп алатын әдетім бар. Лев Толстойдың «Война и мир» кітабын оқушы кезімде алғаш қолға алыппын. Айтпақшы, мына бір оқиға есімнен кетер емес. 1972 жылы Ресейге оқуға түсуге келдім. Әдеттегідей емтихан сұрақтарына жауап беріп отырғанмын. Сынақ алып отырған профессор орыс әдебиетінен кімнің шығармаларымен таныс екенімді сұрады. Бірден «Соғыс пен бейбітшілік» туындысы жайлы айта жөнелдім. Романның желісі, оқиға кейіпкерлері, жүрегімде қалған сәттер туралы зулай жөнелдім. Кенет, «Жақсы, хабардар екенсің, ал, енді осы кітаптың авторы кім?» деп сұрамасы бар емес пе? Айтайын десем, тілімнің ұшындағыны жеткізе алмай қор болғаным. Әбден титықтадым. «Емтиханнан өттің, әйтсе де, күзде, оқу басталған бірінші күні авторын біліп кел» деді. Ал, мен тілімнің күрмелгеніне қапаланып есіктен шыға бергенде, есімі есіме сап ете түсті. Аудитория есігін жабар сәтте бар даусыммен ЛЕВ НИКОЛАЕВИЧ ТОЛСТОЙ деп қалдым. Қыран-топан күлкі. Әйтсе де, сол сәттен бастап мен Толстойдың шығармаларын дендеп оқып, зерттей бастадым. Жазушының екі мыңға жуық шығармасын оқыппын. Негізі, бір сырым бар. Өзімнің үлкен әжем мұсылман дінін қабылдаған орыс қызы болатын. Сол кісі үнемі Толстойдың кітаптарын жата-жастана оқитын. Ғибратты ойларын ортаға салып отырушы еді. Бірде сол әжем «Әбен, сен Толстой туралы кітап жазсаңшы» дегені есімде қалыпты. Сірә, сол бір өсиеті де түрткі болды ма, әлде, расында да, Толстой еңбектері тереңді иіріп әкетті ме, зерттеуімді жалғастыра бердім.

Жасыратыны жоқ, кітапқұмар жандардың қатарынанмын. Әлемнің әр елінің әдебиетін  оқумен болдым. Құмық, балғар, татар, қырғыз, украин, француз, неміс, ағылшын, белорус, поляк, түрік, қысқасы талай тілдерде жарық көрген озық туындыларды қалт жібермеуге тырыстым. Әуелі, алғаш қағаз бен қалам пайда болған дәуірлердегі ойшылдардың ойларын зерделедім. Шумер, Архат жазбаларына үңілдім. Тарихи мәні бар астарлы дүниелер, әйтсе де, іздегенімді таба алмадым. Вавилонның афоризмдері де қысқа қайырып, тереңге тартпағаны жанымды жабырқатты. Ежелгі египет ойларындағы шорқақтық та көңілімді жылыта қоймады. Үндінің «Махабхаратасын» сараладым, оқиғаны жай ғана баяндаудан аса алмаған екен. Конфуцы, Лао цзы, Пифагор, Сократ, Платон, Аристотель, Цезарь еңбектерін қопардым. Орта ғасырлық жыр сүлейлері Рудаки, Фирдауси, Ибн Сина, Омар Хаям, Сағди, Румилерден сөз маржанын тапқаныммен, іздегенім табылмады. Италия, француз, ағылшын, голланд, швед, испан, американдық, бразиль әдебиетінен де хабардар едім.

Тек орыс әдебиетінен іздегенім алдымнан шықты. Соның ішінде Толстой шығармалары сұрақтарыма жауап бергендей.

Сонда мен не іздедім дейсіз бе?

«Жамандық жасау арқылы адам бақыт таба алам ма?» деген сұрақ. Бірақ, еш жерден таппадым. Ендеше, бақыттың сыры неде, өмірдің мәні қайда? Толстой өз шығармаларында «Өмірдің мәні неде?», «Не үшін өмір сүремін?», «Жарық дүниеге адам не үшін келеді» деген сұрақтарға тереңінен үңіледі. Жан түкпірімдегі өткір сауалдар Толстойдың ойымен үндесіп жатты. Әрі бір таңқалғаным, мынау жер жүзінде қазақ тіліндей бай тіл, қазыналы сөздік қорды кездестіре алмап едім. Орыс әдебиетіндегі сөздік қордың молдығы мені тәнті етті. Мәселен, қазақ тілінде, шамамен, 265 мың сөз болса, орыс әдебиетінде 194 мың сөз бар екен. Сондықтан да болар, жұтаң сөз, жұқа түсінік жоқ.

Толстой еңбектерін зерделеуімнің тағы бір сыры бар. Ол құрғақ моральмен шектелмейді, бүтін шығармасының өне бойы тәрбие мен тереңдікке тартады. Мен Толстойды жай ғана жазушы емес, мықты психолог, ғажап философ, тамаша ойшыл дер едім. Әдетте, біз шығарманы талдап, баға беріп жатамыз. Ал, сол шығарманы жазудағы жазушының рухани биіктігін, нені ескеріп, нені меңзегенін, нендей мақсатты көздегенін елеусіз қалдыратынымыз өкінішті. Тәубе дейік, қазір шындық пен ақиқатты ақтарып айтатын заман туды. Сол себепті, мен Толстойдың шығармаларындағы шындықты шынайы етіп жеткізуге тырыстым. Тіпті, Толстойдың өмірден өткеніне 100 жылдан асса да, оның ұстанымы, көзқарасы мен өмірлік қағидалары туралы бүркемеленіп келді. Байқасаңыз, орыс шығармаларында «Толстойды шіркеуден қуып жіберген» деп жазады. Жалған!

Елбасымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұсынғанда іштей қатты қуандым. Алдыма қойған 18 түрлі міндетімді ысырып тастап, бірден адами рухани жаңғырудың мәнін қаламға қару етіп, қағазға түсіруге ниеттендім. Бірден Толстой туралы кітап жазуға кірісіп кеттім. Себебі, оның шығармаларында адамның жан дүниесінің рухани шарықтауы, шындық пен тазалық жатыр еді. Ал, рухани құндылық адамзатқа ортақ қазына.

Сонда, осы шығарманы жазу арқылы нендей ақиқатты ақтарды дерсіз? Иә, Толстой тазалық пен адамдықты діннен іздеп, исламға бет бұрған адам. Оны шіркеуден қуып жіберді дейді. Қалай қуады? Толстой өзі шығармаларында «мені мұсылман» атаңдар демей ме? Ол өзі орыс ұлтынан бола тұра, неліктен шіркеуден безді? Толстойдың айтуынша, құдай мен шіркеу арасында байланыс жоқ. Толстой: «Шіркеу құдай үйі ме? Егер күнәға белшесінен батқан адам шіркеуге келіп, Поптың қолын сүйсе, күнәсі кешіріле ме? Күлкілі ғой? Олай болса, күнәға былығып жүре бере ме адам баласы» деп күйінеді. Толстой өмірінің соңғы он жылында талайлы қиындықтарды басынан өткерген. Жалған дүние, жасандылық пен қатыгездік, арамдық пен алалық оның жанын сыздатады. Өмірден баз кешеді. Өзінің бар мүлкін әйелі мен балаларына тең бөліп береді. Тіпті, Ясная Полянадағы жерінің біраз бөлігін кем-кетіктерге үлестіріп, өзі беті ауған жаққа бет түзейді. Қатты ауруға шалдығып, ажал алдында жатқанда оған шіркеу қызметкерлері келген екен. «Сен христиандықты қабылда» деп қиылады. Сонда Толстой: «Менің бір шартым, бір сұрағым бар, соған лайық жауап бере алсаңдар, христиандықты қабылдаймын», дейді. Сондағысы: «Біріншіден, тауық қайта жұмыртқаға кірген күні мен де христиан болам» деген екен. «Ал, енді, менің мына сұрағыма жауап беріңдерші, осы ақырзаман расында бола ма?» деп сұрайды, шіркеу қызметкерлері бір ауыздан «Әлбетте, ақырзаман болады» деп жауап қайырады.

  Олай болса, Иса пайғамбар жерге түседі ғой, иә.

Дәл солай.

  Иса жерге түскенде шіркеуге бара ма, әлде мешітке ме? Иса өзінің суретіне қарап, өзіне өзі шоқына ма? деп төтесінен қойып қалады. Мұндайды күтпеген шіркеу өкілдері кері шегініп, бой тасалай бастаған екен. Сонда Толстой: «Мен шындықты сүйем, мен ақиқатты сүйем» деп, жан тапсырыпты. Толстойдың рухани кемелдігі, биіктігі мен тереңдігі мені тәнті етті. Оның шығармалары мен іздеген бауырмалдық, тәрбие, тазалық, мән мен мағынаға толы.

Кітап жазбас бұрын өзім Лев Толстойдың туған жері Ясная Полянаға барып қайттым. Жазушының тұрған үйіне тоқталдым. Бейіт басына арнайы зиярат етіп, құран бағыштадым. Жазушының жатқан жерінде жай ғана төмпешік тұр. Христиандарға тән айқыштың тұрмағаны оның исламды қабылдағанының бір айғағы деуге болады. Айтпақшы, мұражайға айналған үйінен дәрет алған құмғанын да көрдік. Сондай-ақ, Толстой құранның бірнеше нұсқасы мен аудармасын ұстаған екен. Толстой, расында да, адамзатқа үлгі боларлық, рухы биік тұлға. Қазақ тілінде Толстой жайлы «Адамзаттың мақтанышы» атты төрт томдық роман-эпопея жазуымның сыры осында» дейді Әбен Нұрманов.

 Бұл ойды жазушы Әкім Тарази: «Лев Толстой әлем әдебиетіндегі биік шың. Жер бетіндегі ең биік шың Эверест болса, сол секілді әлем әдебиетінің Эвересті Лев Толстой» деп баға беріпті.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға