Жаңалықтар

Белтемірде құм толған қап секілді ілініп тұрудан ұялсаңыз, талпыныңыз, жаттығу жасаңыз – Ганнибал фор Кинг

Белтемірде құм толған қап секілді ілініп тұрудан ұялсаңыз, талпыныңыз, жаттығу жасаңыз – Ганнибал фор Кинг
Фото: USA Today Sports 30.11.2023 08:12 1314

H a n n i b a l F o r K i n g – к ө ш е спортының негізін қалаушылардың бірі. Оның есімі қазақстандық спорт жанкүйерлеріне де бейтаныс емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын стритворкауттан Астанада өткен алғашқы әлем біріншілігіне АҚШ-тан арнайы келіп, бұл бағыттың еліміздегі дамуына да жоғары бағасын берген болатын. Ал оның HannibalForKing деп аталатын бағдарламасы бүгінде мыңдаған адамның көше спортын жанына серік етуіне септігін тигізген. Оның айтуынша, калистеника деп аталатын жаттығулар жүйесі адамның өз денесіне құлақ асып, оны басқаруын да үйретеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

– Ганнибал, айрықша есіміңізге «король» деген атақ қосып алған екенсіз. Мұны сіз өзгелерден ерекшеленіп тұру үшін ойлап таптыңыз ба?

– Ата-анам есімімді адамзат тарихында үздік болған ежелгі қолбасшылардың бірінің құрметіне қойған екен. Өзімді Hannibal For King деп атап, король деген атақ қосуымды көздеген межеге жеткенімді аңғартқым келгенімен байланыстыруға болады. Бұл маған үнемі мақсатыма ұмтылуға күш береді. Яғни мінсіз адамның болмайтындығын, жетістікке жету үшін талмай-тынбай еңбек ету керектігін көрсеткім келеді.

– Ерекше есіміздің тарихын білдік. Енді сіздің балалық шағыңыз, отбасыңыз туралы өз аузыңыздан естісек дейміз. Сізді қиындық көп көрген деп жатады...

– Киындық көп көрсем де, өзімді бақытты балалардың қатарына жатқызамын. Ол үшін алдымен туыстарыма алғысым шексіз. Кішкентайымнан әжем Лоррейн Персон өмірдегі ақ пен қараның аражігін ажырата білуді түсіндірді. Ал анам Гейл Деррик қандай жағдайда да тек өз күшіңе сену керектігін айтып отыратын. Әкем Ларри Мэш Деррик боксшы болған, Golden Gloves турнирінің қатысушысы. Ол қай кезде де соққыға және тағдырдың сынына дайын болу керектігін үйретті. Сол тәрбие менің өмірде өз жолымды табуыма көмектесті деп сеніммен айта аламын. Одан бөлек ағам мен үш қарындасым бар, солардың арқасында әр таңды күліп қарсы аламын. Бүгінде өзім де әкемін, үш қыз бен бір ұл өсіріп отырған жайым бар.

– Әкеңіздің жолын неге қумадыңыз?

– Әкем ағам екеумізге бокстың негіздерін үйретті. Сондықтан бала күнімде мен де чемпион атанамын деп ойлайтынмын. Бірақ әкемнің жаттықтырушысы өмірден озған соң, басқа бапкерге барғым келген жоқ.

– Сонда көше спортына қалай бет бұрып жүрсіз?

– Осыдан 20 жылдай бұрын ағам өзімен бірге ауладағы алаңқайларға ертіп шығып, бірге жаттығу жасап бастадық. Міне, сол кезден бері белтемірден айырылған жоқпын.

– Бұдан бөлек қандай спорт түрлерімен шұғылданып едіңіз?

– Футбол ойнайтынмын, бірақ өзіме ұнағаны үшін ғана. Мектеп командасы сапында өнер көрсету мүмкіндігін мүлт жіберіп алған соң, воркаутқа біржола көңіл бөлемін деп шештім.

– Өзгелерді адам нанғысыз қимылдарыңызбен ғана емес, дене бітіміңізбен де таңғалдыратыныңыз анық. Дайындыққа қанша уақыт бөлесіз?

– Негізі мен о баста арық әрі кішкентай болғанмын. Анама ұқсасам керек. Бірақ есімді білгелі ағаштарға өрмелеп шығып, белтемірге тартылып жүрмін. Әдетте саябаққа барғанда, неше рет тартылдым екен деп санап тұрмаймын. Шамамен екі сағаттай уақытымды жаттығуға бөлемін. «Қанша рет тартыласың?» деп сұрайтындар көп. «Әр талпыныста 10 реттен» деп жауап берем. Одан көп жасап, асыра сілтеп жібергім келмейді. Сол 10-ы да жетеді. Ал брусьяда денені көтеру жаттығуын 25 рет жасаймын. Онан соң фристайл бар. Бұған планшты қосыңыз. Өз басым бір жаттығумен шектелгім келмейді, бірақ бұлшықетімнің базалық әдістерді ұмытып қалғанын да қаламаймын. Сондықтан негізгі әдістерді де қайталап жүремін.

– Жаттығу арасында тынығуға уақыт табыла ма?

– Қажет деп тапқанда, яғни ағзамның шаршағанын түсінсем, міндетті түрде үзіліс жасаймын. Кейде жаттығу арасында шаршағанымды сезсем, терең тыныс алып, біраз бой жазып аламын да қайта жалғастырамын. Негізі тыныс алуға көп көңіл бөлу керек. Басымнан өткен бір жағдаймен бөліссем деймін. Медициналық тексеріс кезінде дәрігерлер омыртқааралық диск жарығын анықтады. Ол кезде тым жас ем, емделуді өзіме ар санадым. Сөйтіп жүргенде жағдайым қиындап, денем қозғалған сайын ауыра беретін болды. Соған қарамастан планш жасауды тоқтатпадым. Кейіннен дәрігер ағама осы жайтты айтып барсам, тексеріп болған соң, бел бұлшықеттерімнің өзгелерге қарағанда анағұрлым жақсы дамығанын айтты. Яғни жарақатқа байланысты өсе берген ғой. Кейде дене мүшеңді жарақаттап алсаң, уақыт өте келе ол қатайып кетеді. Қазір белім тақтайдай теп-тегіс. Бірақ ол үнемі солай бола береді деген сөз емес. Сондықтан стритворкаутпен шұғылдану үшін алдымен арқаны жақсылап жаттықтыру керектігін қаперіңізде ұстаңыздар дегім келеді.

– Ал тамақ талғайсыз ба?

– Етті жақсы көремін. Бақытыма орай кез келген тағамды жей беремін. Пайдалы асты да ұнатамын. Ас мәзірімнен салатты да, гамбургер, фастфудтарды да табуға болады. Диета ұстаған емеспін. Еттен бөлек, картоп, бекон, ірімшік пен жұмыртқаны сүйсініп жеймін. Бірақ қалағаныңды жеу үшін де көп еңбек ету керек. Ондайда жаттығулардың күрделі болатындығына әрі ұзаққа созылатындығына дайын болу керек. Өз басым диетамен шектелгенше, жаттығу жасаған дұрысырақ деп ойлаймын. Бұдан бөлек әр адамның ағзасы, тағамды қабылдауы әртүрлі екендігін де ұмытпаған жөн. Бұл артық салмағы бар адамдарға да қатысты. Әркім өзіне ыңғайлы болатын жолды таңдауы керек. Мысалы, HannibalForKing бағдарламасы бойынша жаттығу жасайтындар көп. Бірақ мен оларға бұл бағдарламаны меңгерген соң, өздеріңе қолайлы жаттығулар таңдаңдар, тіпті, өздерің ойлап табыңдар деп айтып отырамын.

– Дене қалпыңыздың көңіліңізден шығуы үшін қанша уақыт қажет болды?

– Шамамен бір жарым жыл. Аптасына жеті күн дайындалатынмын. Ол кезде бар ойым тек жаттығуда болды. Қыдыру, демалыс, көңіл көтеру дегенді біржола ұмыттым. Сондықтан көше спортына енді ғана бет бұрып жүргендерге ерінбеңіздер, тек ұмтыла беріңіздер деймін. Белтемірге тартыла алмайтын жігіттер бар. Қолымнан келмейді деп құм толған қапшық секілді ілініп тұра беруді доғару керек. Өз күшіңізге сеніңіз, ең бастысы, осы жаттығулардың сізге қажет екендігін сезініңіз. Сонда ғана нәтиже болады.

 – Ал қосымшы күш беретін, бұлшықетті шығаратын стероидтерге қалай қарайсыз?

 – Мені стеорид қолданады деп ойлайтындар аз емес. Шынымды айтайын, олардың түрі қандай екенін де білмеймін. Сондықтан қандай стероид қолдануға болатынын, қай жерден сатып алу керектігін сұрайтындардан жалыққаным рас. Зиянды тамақтарды жей беремін, бірақ дәрі-дәрмекті жақтаушылардың қатарынан емеспін. Біреулер беконды да есірткі деп жатады. Мысалы, мұсылмандар оны мүлде жемейді. Бірақ менің талғамым бөлек. Етті жемейтіндер де көп. Меніңше, менің денем мен веганның сырт келбетін салыстыруға да келмейді. Дегенмен бұл да адамның өзіне байланысты. Бар айтарым, жаттығуды денеңізді толық басқаруды үйрену үшін бастаңыз. Мен әрбір бұлшықетімнің қалай қозғалып, қалай жұмыс істейтінін жақсы білемін. Сондықтан дене мүшелерімнің қателік жасауына жол бермеймін. Менен кеңес сұрайтындарға «алдымен ұялмаңыз, базалық жаттығуларға көбірек көңіл бөліңіз, оңай элементтерден бастаңыз, бұл алдымен сізге керек» деп айтып жүремін.

– Ганнибалды жігерлендіретін, алға ұмтылуға күш беретін не нәрсе?

– Мен үшін мотивация дегеніміз – айналамдағы адамдар, олардың жаттығу жасауға деген ұмтылысы. Жанымдағы не мүлде танымайтын адамдармен бір бағытта келе жатқанымызға қуанамын. Олардың арасында балалар, тіпті, әйелдер де көп. Оларға адамның мүмкіндігі шексіз екендігін дәлелдеу, жол көрсету ұнайды. Бұрын YouTube-тегі парақшаларымызда сыни пікірлер көп болатын. Ал қазір бізге еретіндердің қатары күннен-күнге артып келеді. Міне, осының барлығы маған шабыт береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға