Жаңалықтар

Белгiсiз этрустер

Ендi Үндiстан мен Қазақстанды қоя тұрып, Кiшi Азия мен Еуропаға назар аударайық.
30.06.2014 12:03 3709

Ендi Үндiстан мен Қазақстанды қоя тұрып, Кiшi Азия мен Еуропаға назар аударайық.

1882 жылы Америка Құрама Штаттарында Игнатиус Донелли дегеннiң «Атлантида. Топанға дейiнгi дүние» атты кiтабы жарық көрдi. Кiтапта мынандай қызықты дерек бар: «Қоладан жасалған бұйымдарының өңделу, дайындалу мәнерiне қарап бiз түбi Атлантидадан шыққан деп есептеп жүрген, бiр кездерi Италияны мекендеген этрус аталатын құпия халық тұран семьясының бiр бұтағы болып шықты».

«Англия тiл ғылымдары қоғамының жақында өткен мәжiлiсiнде пiрадар Исаак Тэйлордың этрустердiң сан атаулары жөнiнде жасаған хабарландыруы зор қызығушылық тудырды. Ол көптен құпия болып келген этрус тiлiнiң сырын ашатын кiлттiң табылғаны туралы мәлiмдедi. Археологиялық қазба жұмыстары кезiнде бiр қабiрден алты жағына әдеттегiдей нүкте ноқаттар емес, сөздер кертiлген екi ойын сүйегi табылған болатын. Пiрадар осы сөздердiң тұран тiл семьясының (алтай-түркiлiк деп түсiнген жөн - Ә.Б.) алтай тармағына жататын тiлдердiң алғашқы алты сан атауымен бiрдей екендiгiн дәлелдеп бердi. Осы жаңалыққа сүйене отырып, жалпы саны 3 мыңдай болатын этрус жазба ескерткiштерiнiң грамматикасы мен сөздiк қорының да түбi алтайлық екендiгiн жеңiл дәлелдеуге болады-ау деймiз. Оның үстiне жазбалардағы тiлдiк ұқсастықтарды аңғартатын есiмдiк сөздер мен жiктеу, септеу тәсiлдерi де сiбiр халықтарының тiлдерiндегiдей екендiгi байқалады. Қазiргi уақытта этрус мифологиясы деп жүргенiмiз фин халқының ұлы эпосы «Калевала» екендiгi де жан-жақты дәлелденуде» (Игнатиус Донелли. Атлантида. Мир до потопа, Самара, «Агни», 1998, стр 367).

Өткен ғасырда пiрадар Исаак Тэйлор оқып, жұртты таң қалдырған сөздер қандай сөздер едi? Шынымен түркi сан атаулары ма? Амал қанша, ол жағы бiзге беймәлiм. Тек тұжырым ғана белгiлi. Дегенмен, осы тақырыптың жалғасы ретiнде Олжас Сүлейменов талдаған тағы бiр ойын сүйегiндегi сөздердi мысалға келтiруге болады. Олар: i-va-est-orti-kaius-volote. Этрустануда «отен сүйектастары» деген атпен мәлiм ойын сүйектерiндегi осы сөздердi Олжас Сүлейменов жекелеген әрiптерiн ғана алға жылжытып i-va-es-tort-ikaius-volote деп оқуды ұсынады. (О.Сүлейменов. Язык письма, Рим, San Paolo, 1998, стр 399-400). Ақын i-дiң – бiр, va-ның екi деген сан атауларының көне қытайлық немесе славяндық нұсқалары болуы мүмкiндiгiн (i – көне қытайдан мәлiм бiр санының цифрлық таңбасы, va – два деген славян сан есiмiнiң ескiше аталуы) ескерте отырып, қалған сөздердi түркi сөздiк қорындағы сан атауларымен байланыстырады. Яғни, es – үш, tort – төрт, ikaius – екi және үш сандарының қосындысынан тұратын бес, volote – алты деген сан атаулары болып шығады. Бұл жерде, әттең, Иссак Тэйлор оқыған этрус-түркi сан атауларын да бiр рет көз алдымыздан өткiзiп алар ма едiк демеске лаж жоқ!

Олжас Сүлейменов Голлини сағанасынан табылған этрус­тер­дiң zate ad aidas деген атақты сөз тiркесiнде түркi тiлiнiң кө­мегiне сүйенiп оқуды ұсынады. Ақын ғалымның түсiн­дi­руiнде бұл сөздердi «жатыр ат айдаушы» немесе бүгiнгi қа­зақ тiлiнiң қалыбына салғанда «ат айдаушы жатыр» деп оқу­ға болады. (О.Сүлейменов. Язык письма. Стр 418-423). Бұ­дан кейiн бiзге түркi тiлдес (нақты дәлелденбесе де) этрус­тер Апеннин түбегiне қайдан келдi деген сауалға жауап iздеу ға­на қалатындай. Шынында да этрустер Италияға қайдан ке­луi мүмкiн?

«Аңыз бойынша ахейлiктермен соғыста Троя құлағаннан кейiн Дардан патшаның ұрпағы, троялық қаһарман Эней (Рим ақыны Вергилийдiң (б.д.д. 70-19 ж.ж) атақты «Энейда» поэмасының бас кейiпкерi) ұлы Аксаниймен бiрге Италияға қоныс аударады. Жергiлiктi италиктер тайпасымен қақтығыста оларды жеңiп, Латын патшаның қызы Лавинияға үйленедi. Әйелiнiң есiмiмен аталатын қала салдырады. Өлгесiн жергiлiктi халықтар арасында құдай ретiнде дәрiптеледi. Ұрпақтары ағайынды Ромул мен Рем Рим қаласы мен Рим империясының негiзiн қалаушылар ретiнде белгiлi. Рим бастаухаттары бойынша Юлийлер әулетi (атақты Цезарь шыққан - Ә.Б.) осы Энейдiң ұлы Аксаний-Юлдан тарайды деп есептелiнедi. Қазба жұмыстары бiр қарағанда ойдан шығарылғандай көрiнетiн осы аңыздың расында да шындыққа жанасатындығын дәлелдеп отыр» (Древние цивилизации. Москва, «Мысль», 1989, стр 387).

Яғни, этрустердiң Апеннин түбегiне Кiшi Азиядан қоныс аударғаны бүгiнгi тарих ғылымы күмән келтiрмейтiн шындық деуге болады.

Ендi Троя тұрғындары кiмдер болған едi деген сұраққа аз-маз тоқтала кетелiк.

Бiрқатар зерттеушiлердiң пiкiрiнше, «Гомер Троясының (атақты «Илиададағы») тұрғындары хэттер мен лувия­­­лықтар, фракия мен фригия тайпалары болған секiлдi. Со­­нымен бiрге Трояда iшiнара гректер де өмiр сүрген болуы мүмкiн. Троя патшалығының гүлдену дәуiрi б.д.д. 1800 жылдар мен 1300 жылдардың аралығына тура ке­ледi» (История древнего Востока. Москва. «Высшая школа», 1979, стр 208).

Осы үзiндiдегi хэттер Гомер «Илиадасында» кете деп аталады. Олардың Трояны қорғауға қатысқандығы анық. Бәл­кiм бiздiң этрус деп жүрген жұмбақ халқымыз осы хэт­тер болар? Тарих мұндай жорамалды да жоққа шы­­ғар­­майды. Өйткенi «... төркiнi құпия этрус мәдениетiн ли­­кия мен лидияның (хэт империясының мұрагерлерi - Ә.Б.) бай мәдени ғұрып-дәстүрiмен байланыстыратын да бол­жам бар» (Г.В.Синило. Древние литературы Ближ­­него Вос­­тока и мир Танаха, Минск, «Экономпресс», 1998, стр 154).

Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға