Белгілі қазақстандық композитордың шығармалары Вашингтонда шырқалды

Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігінде Вашингтонның халықаралық фортепиано өнері кеңесінің қолдауымен классикалық музыка кеші өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оның аясында белгілі қазақстандық композитор Нағым Меңдіғалиевтің, сондай-ақ америкалық және еуропалық авторлардың шығармалары шырқалды.
Іс-шараға АҚШ Мемлекеттік департаментінің, америкалық сарапшылар қауымдастығының өкілдері және мәдениет пен өнер қайраткерлері қатысты. Классикалық шығармалардың орындаушысы ретінде Вашингтондағы классикалық музыка қауымдастығының негізін қалаушы, маэстро Наталья Казарян болды.
Іс-шараны ашқан Қазақстан Елшісі Ержан Ашықбаев өнер мен музыканы дипломатия құралы ретінде пайдаланудың маңыздылығын және де бұл шекараларды еңсеруге көмектесетінін әрі ортақ құндылықтар мен құрмет негізінде берік қарым-қатынас орнатуға ықпал ететінін атап өтті. Елші бұл әртүрлі мәдениеттер мен ұлттарды біріктіре алатын әмбебап тіл екенін айтты.
Іс-шара музыка мерекесі ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының халықтары арасындағы мәдени алмасуды тереңдету мен байланыстарды нығайтудағы маңызды қадам болды.
