Жаңалықтар

Астанада тәрбие құрылымдарының офицерлері күніне арналған іс-шара өтті

Астанада тәрбие құрылымдарының офицерлері күніне арналған іс-шара өтті
Фото: Қорғаныс министрлігі 19.01.2025 21:13 337

Салтанатты іс-шараға Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштерінің, әскери оқу орындарының, тыл және қару-жарақ бастықтары басқармаларының, Қорғаныс министрлігінің Бас инспекциясының, Бас әскери-медициналық басқарманың офицерлері қатысты. Сонымен қатар Әскери полиция бас басқармасының, Армия орталық спорт клубының, Ақмола өңірлік гарнизонында орналасқан әскери бөлімдердің тәрбие құрылымдары офицерлері және олардың отбасы мүшелері де жиналды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қатысушыларды Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев мерекемен құттықтап, ардагерлердің дәстүрлерді қалыптастыруға және жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге қосқан үлесін атап өтті.

Идеология және әскери-патриоттық тәрбие, моральдық-психологиялық тұрақтылық пен әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері, ардагерлермен және жастармен жұмыс – бұл сіздер атқаратын міндеттердің негізі ғана. Сіздер әскер ұжымдарын біріктіру, әскери қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау, әскери қызметтің имиджін нығайту бойынша үлкен жұмыс жүргізесіздер. Қарулы күштер ауқымында бірде-бір іс-шара сіздерсіз өтпейді, – деді генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев.

Ол сондай-ақ әріптестеріне білім беру құрылымдарының офицерлері қатысатын алдағы іс-шаралар туралы хабардар етті.

Өткен жыл қазақ халқының даңқты батырлары Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығын атап өттік. Биылда маңызды шаралар легі көп. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы жақындап келеді. Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың жүз жылдығына орай, ол туған Ақтөбе облысында «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өтеді, – деді министр орынбасары.

Іс-шара Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы дайындаған мерекелік концертпен аяқталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға