Белгілі блогер Dragon KNM есірткіге қарсы акцияға еріктілермен бірге қатысты

«Заң және тәртіп» акциясы аясында елорданың Сарыарқа ауданында есірткі граффитилерін анықтау мақсатында профилактикалық рейд өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Астана әкімдігінің ресми сайтының жазуынша, акцияға танымал қазақстандық блогер Нұргелді Кердеш қатысқан. Шараға Астана қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының, Сарыарқа аудандық прокуратурасының қызметкерлері, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері қатысты. Бұл акцияны Dragon KNM деген лақап атпен танымал белгілі блогер Нұргелді Кердеш те қолдап, еріктілер қатарына қосылды.
Блогер Нұргелді Кердеш жастарды мұндай есірткілік граффитиден аулақ болуға және оның соңы жақсылыққа апармайтынын есте ұстауға шақырды.
Бұл акция арқылы біз жастарды мұндай есірткі граффитилеріне жоламауға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырғымыз келеді. Есіңде болсын, есірткінің зияны мол, - деді ол.
Есірткі жарнамасымен күресуде есірткінің граффитиін өшіру ғана емес, әлеуметтік желілерде белсенді профилактикалық жұмыс та көмектеседі.
Мұндай суреттерді өшіру – есірткінің таралуымен күресудің нақты шарасы. Бүгін біз еріктілермен бірлесе отырып, мұндай граффитилерді тез арада жойып, оны жастардың назарын аударуына жол бермеуге әрекет етіп жатырмыз. Есірткі заттардың заңсыз айналымы мен таралуы үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, - деді елордалық Сарыарқа ауданы әкімдігінің бас маманы Дамир Хисматуллин.
Елорданың есірткіге қарсы күрес департаментінің аға анықтаушысы полиция подполковнигі Ләйлә Рахимова елордадағы есірткі қылмысының ауқымы туралы статистикалық мәліметтер келтірді.
2024 жылдың 12 айы мен 2025 жылдың қаңтарында 1238 есірткі қылмысы тіркелді, оның ішінде 304 есірткінің заңсыз айналымы. Заңсыз айналымнан 358 келіден астам есірткі, оның ішінде 41 келі синтетикалық есірткі заттары тәркіленді. Сондай-ақ, соңғы кездері қылмыскерлер есірткіні тасымалдау мен өткізудің және жасырудың әртүрлі тәсілдері мен әдістерін ойлап тауып, жетілдірілді. Сондықтан есірткі қылмысын азайту мақсатында есірткіні жарнамалайтын граффити суреттерін жою жұмыстары жүргізілуде. Осылайша, 2024 жылы 2747 ұқсас графити анықталып, жойылды, - деді ол.
