Беларусьтің жаңа елшісі сенім грамоталарының көшірмелерін табыстады
![Беларусьтің жаңа елшісі сенім грамоталарының көшірмелерін табыстады Беларусьтің жаңа елшісі сенім грамоталарының көшірмелерін табыстады](/storage/storage/element/2025/02/09/mainphoto/141775/1200xauto_UXOFcuQaXMRTCAeNQBcF9rOdNrV60BvCD8RQeKxV.jpg)
Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев Беларусь Республикасының Қазақстандағы жаңадан тағайындалған Елшісі Алексей Богдановтың сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Е.Қоныспаев Елшіні тағайындалуымен құттықтап, оған жұмыста табыс тілеп, оның қызметі екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді. Сұхбат барысында тараптар 2024 жылы екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының өзара іс-қимылының жемісті қорытындыларын атап өтіп, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективаларын талқылады.
Өткен жылдың қараша айында Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтың Беларуське жұмыс сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар тараптар халықаралық ұйымдар мен өңірлік интеграциялық бірлестіктер шеңберіндегі екі ел ынтымақтастығының өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кездесу соңында Беларусь Елшісі жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, достық пен серіктестік рухында өз елінің Қазақстанмен көпжоспарлы ынтымақтастығын үдемелі дамыту үшін бар күш-жігерін салуға дайын екенін растады.
![Telegram](https://el.kz./static/site/images/tel26.png)