Беларусь ресми түрде ШЫҰ-ға мүше болды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің лидерлері мен өкілдері Беларусь Республикасын ШЫҰ-ға қосу туралы құжатқа қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
Шанхай рухын нығайту және Шанхай принциптерін ілгерілету арқылы бірлескен күш-жігермен біз ШЫҰ-ны ең беделді халықаралық құрылымдардың біріне айналдырдық. Біздің бірлестігіміздің бірегейлігі мен орасан зор әлеуетінің арқасында әлемде оған деген қызығушылық тұрақты түрде артып келеді. Бүгін Астанадағы саммитте ұйымымызды одан әрі кеңейту туралы маңызды шешім қабылданады. Беларусь Шанхай ынтымақтастық ұйымына толық мүше болу жолында қажетті рәсімдерді орындады. Егер қарсылық болмаса, отырысты ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің құрамына Беларусь Республикасын қабылдау туралы құжаттарға қол қою рәсімінен бастауды ұсынамын, – деді.
Іс-шараға Қазақстан, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия, Әзербайжан, Қатар, БАӘ, Түркия және Түрікменстан мемлекеттері мен үкіметтерінің басшылары, сонымен қатар БҰҰ бас хатшысы және ТМД, ЭЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, ЕЭК және АҚИҰ сияқты халықаралық ұйымдардың басшылары қатысып жатыр.