Бектенов жол бойындағы сервисті жақсартуды тапсырды

Күре жолдың бойындағы дәмханалар, жанармай құю бекеттері мен техникалық қызмет көрсету стансалары қабылданған стандарттарға сай болуы керек. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов тапсырма берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Көлік, Сауда, Ұлттық экономика, Туризм министрліктері мен әкімдіктер жол бойындағы сервисті жақсарту жұмыстарын жалғастырсын. Күре жолдың бойындағы дәмханалар, жанармай құю бекеттері мен техникалық қызмет көрсету станциялары қабылданған стандарттарға сай болуы керек.
Сондай-ақ осы бизнесте жұмыс істейтін кәсіпкерлерді ынталандыру мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бұл ретте туристердің қауіпсіздігін арттыруға ерекше назар аударылсын. Бүкіл инфрақұрылымға – әуежайлардан бастап қонақ үйлерге, сауда нүктелеріне, тамақтану орындарына, концерт алаңдарына дейін – қауіпсіздік пен жайлылық тұрғысынан ревизия жүргізілуі қажет, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Туризм, Мәдениет, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктері, арнаулы мемлекеттік органдар алдына ауқымды мәдени, спорттық және туристік іс-шараларды өткізу кезінде барынша жәрдем көрсету міндеті қойылды.
Оларды ұйымдастыру мен өткізу деңгейі экономикалық пайда әкеліп қана қоймай, еліміздің имиджін нығайтып, инвесторлар мен туристер үшін тартымдылықты арттыра түседі, – деп атап өтті премьер-министр.
