Жаңалықтар

Бектенов жапон банкінің басшысымен инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Бектенов жапон банкінің басшысымен инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Фото: t.me/KZgovernment 09.08.2024 14:50 1907

Олжас Бектенов жапондық JBIC банкінің төрағасы Хаящи Нобумицумен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов JBIC (Japan Bank for International Cooperation) Жапония халықаралық ынтымақтастық банкінің төрағасы Хаящи Нобумицумен кездесті. Қаржы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.  

Жапония Қазақстанның Шығыс Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі әрі бүгінде үздік-10 ірі инвесторлар қатарына кіреді. Қазақстан мен Жапония арасындағы тауар айналымы өткен жылы 10,5%-ға өсіп, $2,1 млрд-қа жетті. Биылғы қаңтар-мамыр айларында өзара сауда көрсеткіші $768 млн-ды құрады. 1993 жылдан бері Жапонияның Қазақстан экономикасына капитал салымдарының жинақталған көлемі шамамен $8 млрд-қа жетті.

Үкімет басшысы JBIC-тің екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті. JBIC Жапония халықаралық ынтымақтастық банкі Қазақстанда энергиямен және сумен жабдықтау, тау-кен өнеркәсібі, сондай-ақ көлік-логистика салаларында құны $2,3 млрд болатын 26 жобаны іске асыруды қаржыландырды. Қазақстанның Даму банкімен бірлесіп энергетика (ЖЭК қоса алғанда), көлік саласы, машина жасау, азық-түлік өнеркәсібі және басқа да басым салалардағы бірлескен жобаларды $200 млн сомасына қаржыландыру ниеті бойынша келісімге қол қою жоспарланып отыр.

Жапонияның оңтүстігінде орын алған жер сілкінісіне байланысты хабарды өкінішпен қабылдадым. Ең бастысы, адамдар аман болып, табиғи апат ауқымды шығындарға алып келмейді деп үміттенемін.

Жапония – біздің негізгі сауда-экономикалық әрі инвестициялық серіктесіміз. Бүгінде қазақ-жапон қатынасы кеңейтілген стратегиялық әріптестік рухында дамып келеді. Қазақстан Үкіметі ынтымақтастық көкжиегін кеңейту ниетін құптайды және бірлескен жобаларды іске асыруда қажетті қолдау көрсетуге дайын, - деп атап өтті Олжас Бектенов.

 Өз кезегінде JBIC төрағасы Хаящи Нобумицу ESG (Environment, Sustainability, Governance) шеңберінде «жасыл» қаржы және транзиттік қаржыландыру саласындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға мүдделі екенін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар барлық перспективалы бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге ниет білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға