Жаңалықтар

Бектенов Ұлытау облысындағы жылыту маусымына дайындық қарқынын тексерді

Бектенов Ұлытау облысындағы жылыту маусымына дайындық қарқынын тексерді
Фото: t.me/KZgovernment 23.08.2024 13:12 410

Қазақстан Республикасының премьер-министрі Олжас Бектенов Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында өңірдің коммуналдық-энергетикалық секторы нысандарына барып, инфрақұрылымды жаңғырту қарқынымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Атап айтқанда, Үкімет басшысы Сәтбаев қаласының 70 мыңға жуық тұрғыны үшін жылу және ыстық су көзі болып саналатын №1 және №2 жылу стансаларын аралады. Премьер-Министрге қазіргі уақытта №1 жылу стансасында күрделі жөндеу және 4 қазандыққа, сондай-ақ газ құбырларына ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатқаны туралы баяндалды.

Жезқазған ЖЭО-да да жабдықтарды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа 13,5 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда №5 қазандық агрегатына күрделі жөндеу жасалып, жұмыстың 60%-ы орындалды, сондай-ақ №7 қазандыққа кеңейтілген-ағымдағы жөндеу жоспарлануда. Қазандық агрегаты мен турбоагрегаттарға жүргізілген жөндеу жұмыстарынан соң, тозу көрсеткіші 84%-дан 63%-ға дейін төмендеді. №8 қазандықты жаңғырту 70%-ға орындалды. Олжас Бектенов өңір басшылығына, сондай-ақ «Қазақмыс» корпорациясына жұмыс қарқынын арттыруды, алдағы қысқа дайындықты жедел әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

Халықты жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ету азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына, сондай-ақ жалпы өңірдегі жағдайға әсер етеді. «Қазақмыс» корпорациясы Жезқазған ЖЭО бойынша, сондай-ақ Сәтбаев қаласының №1 және №2 жылу стансалары бойынша барлық міндеттемелерін орындауы тиіс. Бұл жерде әкімдік пен Корпорация арасында үйлесімді жұмыс жүргізу қажет. Барлығы уақытылы жасалуы керек, — деп тапсырды премьер-министр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға