Жаңалықтар

Бектенов «Талдықорған – Үшарал» газ құбыры құрылысының барысымен танысты

Бектенов «Талдықорған – Үшарал» газ құбыры құрылысының барысымен танысты
Фото: t.me/KZgovernment 19.08.2024 17:36 474

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Жетісу облысына жұмыс сапары аясында мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры құрылысының барысымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырының жалпы ұзындығы 302,4 км құрайды. Жоба аясында алты газ бұру құбыры мен автоматты газ тарату стансаларын салу көзделген. Газ құбырының өткізу мүмкіндігі – жылына 385 млн м3 газ. «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов нысан «Алматы – Талдықорған» магистралды газ құбырының қолданыстағы бірыңғай жүйесінің құрамында пайдаланылатынын, құрылысты аяқтап, іске қосу 2026 жылдың соңына жоспарланып отырғанын баяндады.

Жаңа «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры 124 мың тұрғыны бар Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының 66 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз етеді. Құрылысы аяқталып, іске қосылғаннан кейін облысты газдандыру деңгейі 90%-ға дейін өседі.

Премьер-министр жаңа газ құбыры өңірдегі тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандар мен өнеркәсіп кәсіпорындарын энергетикалық қауіпсіздікпен және тұрақты газбен қамтамасыз ететінін атап өтті. Бұл өңірдің тұрақты дамуына және тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді. Сондай-ақ іскерлік белсенділіктің артуы, жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын және орта бизнестің дамуы қосымша оң нәтиже бермек.

Жалпы, Жетісу облысында 358 елді мекеннің 192-сі газдандыруға жатады, 37 елді мекен газбен қамтылды, 334 мың адам (47,6%) газға қол жеткізді. Елімізде барлығы 2023 жылдың қорытындысы бойынша халықты газбен қамту деңгейі 60%-ды құрады (12 млн адамға газ қолжетімді).

Мемлекет басшысы бастамашылық еткен ауқымды инфрақұрылым жобаларын іске асыруға Үкімет ерекше мән береді. Экономика үшін басым жобаларды қаржыландыруғ «Самұрық-Қазына» және «Бәйтерек» холдингтерінің, ішкі капитал нарығының ресурстары мен қаражаты, тікелей шетелдік инвестициялар мен жеке капитал белсенді түрде тартылуда. «Самұрық-Қазына» қаражаты есебінен 42 газбен қамту жобасын іске асыруға 10,4 млрд теңге бөлінді. Бұл жыл соңына дейін Жетісу облысындағы тағы 30 елді мекенді газбен жабдықтауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы жобаларды іске асыру кезінде тауарлар мен қызметтердегі қазақстандық қамтудың барынша жоғары үлесін қамтамасыз ету қажеттігіне тоқталды.

Энергетика министрлігіне және «QazaqGaz» ұлттық компаниясына, облыс әкімдігіне белгіленген мерзімдерді сақтай отырып, жобаларды сапалы іске асыру үшін барлық шараны қабылдау тапсырылды. Сонымен қатар жеке үйлерге газдың қосылуын бақылауды күшейту тапсырылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға