Жаңалықтар

Бектенов Шанхайда өткен VII Қытай халықаралық импорт көрмесінің ашылуына қатысты

Бектенов Шанхайда өткен VII Қытай халықаралық импорт көрмесінің ашылуына қатысты
Фото: t.me/KZgovernment 05.11.2024 11:19 1566

Премьер-министр Олжас Бектенов Шанхай қаласында өткен China International Import Expo – VII Қытай халықаралық импорт көрмесінің ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл сайынғы көпсалалы іс-шараның мақсаты – халықаралық деңгейде экономикалық интеграцияны нығайту. Көрмеге қатысу шетелдік әріптестермен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге және ұлттық өнімді халықаралық нарыққа шығаруға жаңа мүмкіндіктер туғызады. 

Халықаралық көрменің салтанатты ашылу рәсіміне Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңсесі премьері Ли Цян, Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрагим, Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов, Моңғолия премьер-министрі Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ, Сербия премьер-министрі Милош Вучевич қатысты.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қытайдың Орталық Азия елдерімен тауар айналымының жартысынан астамы Қазақстанға тиесілі болып отыр.

Премьер-министр Олжас Бектенов өз сөзінде мемлекеттер арасындағы кедергісіз сауда-саттық, электронды коммерция, көлік пен логистиканы дамыту, озық ЖИ технологияларын енгізуде өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

«Жібек жолы электронды коммерциясы» пилоттық аймағын құрудағы ынтымақтастықты нығайту перспективалы болып саналады. Қазақстандық павильондар Alibaba және JD. com ірі сауда платформаларында табысты жұмыс істеп тұр, Douyin алаңында павильон ашу, Қазақстанда цифрлық сауда арналары арқылы логистиканы жеңілдету үшін бонд қоймалары мен кешенді қойма инфрақұрылымын салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Қытайдан Еуропаға жер үсті тасымалының 80%-дан астамын қамтиды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автодәлізі, Ляньюньган портындағы логистикалық орталық, Сиань құрғақ портындағы жүк терминалы, Қытаймен шекарадағы үшінші теміржол өткізу пункті және басқа да ірі инфрақұрылымдық жобалар трансқұрлықтық экономикалық дәліздер жүйесін жетілдіруге, тауар айналымын ұлғайтуға және екі ел халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

Қазақстан цифрландыру саласында электрондық үкіметтің даму индексі бойынша 24-ші орынды, онлайн қызметтер бойынша 10-шы орынды, сондай-ақ Дүниежүзілік банктің рейтингіне сәйкес мемлекеттік технологиялардың жетілу индексінде 6-шы орынды алады. Жасанды интеллектіні қолдану мәселелері бойынша тәжірибе алмасу экономикалық прогрестің қозғаушы күші бола алады, деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға