Жаңалықтар

Бектенов Қазақстандағы ең ұзын көпір құрылысының барысымен танысты

Бектенов Қазақстандағы ең ұзын көпір құрылысының барысымен танысты
Фото: t.me/KZgovernment 19.07.2024 14:20 544

Олжас Бектенов Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін Қазақстандағы ең ұзын көпір құрылысының барысымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында жол-көлік саласын дамыту жоспарларымен танысып, Бұқтырма су қоймасындағы Күршім көпір өткелінің құрылыс қарқынын тексерді. Жоба Президенттің тапсырмасы бойынша бірнеше ауданның өңірдің орталығымен көлік қатынасына байланысты тұрғындардың өтініштерін ескере отырып іске асырылуда. 

50 жыл бойы Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл, Күршім, Көкпекті және Қатон-Қарағай аудандары арасындағы көлік қатынасы жазғы уақытта паром арқылы, қыс мезгілінде мұз үстімен жүзеге асырылып келді. 2019 жылы ауқымды әлеуметтік маңызы бар жобаны – автокөпір өткелін салу міндеті қойылған болатын. Аталған жұмыс 2021 жылы басталды.

Үкімет басшысына бүгінде көпірдің барлық тіректері орнатылып, аралық құрылыстардың 20 металл конструкциясы дайындалды, оның 19-ы орнатылған, деп хабарлады көлік вице-министрі Сатжан Аблалиев. Екі жолақты автокөлік көпірі Қазақстандағы су үстіне салынған ең ұзын құрылым болады – оның ұзындығы 1316 метр, ал өткізу мүмкіндігі тәулігіне 80 мың көлікке дейін жетеді. Бүгінгі таңда нысан 80%-ға дайын. Көпірді жыл соңында пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар жоба аясында ұзындығы 18,6 шақырым болатын көпірге қосылатын жаңа автожол құрылысы қарастырылған. Бүгінде 7,7 шақырым төменгі жабын қабаты төселді. 

Премьер-министр жұмысты тезірек аяқтаудың маңызды екеніне тоқталып, көпір құрылысы жобасын іске асыру шекара маңындағы аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін атап өтті. Үкімет басшысы Көлік министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, құрылыстың уақтылы іске қосылуын және жоғары сапасын қамтамасыз етуді тапсырды.

Қазір көпірдегі көлік қозғалысын іске қосу үшін жұмыстарды тезірек аяқтап, барлық күшті жұмылдыру керек. Тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасап, аудандардың өзара көлік қатынасын қамтамасыз ету – бүгінде әкімдік үшін негізгі басымдықтардың бірі саналады. Сонымен қатар көлік-логистика саласы еліміздің экономикалық дамуының қозғаушы күштерінің біріне айналуы тиіс. Сондықтан біз осындай инфрақұрылымдық жобаларды жедел іске асыруымыз керек, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет басшысына өңірдің жол-көлік саласын дамыту жоспарлары туралы баяндалды. Мәселен, 325 шақырым республикалық магистральдарды реконструкциялау жоспарланған, жергілікті маңызы бар жолдарды орташа жөндеумен қамту 600 шақырымға жетеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға