Жаңалықтар

Бектенов «көлеңкелі» газ экспортына қарсы жұмысты күшейтуді тапсырды

Бектенов «көлеңкелі» газ экспортына қарсы жұмысты күшейтуді тапсырды
Фото: t.me/KZgovernment 20.08.2024 12:49 1507

Сұйытылған мұнай газын шетелге заңсыз шығарудың 14 фактісінің жолы кесілді. Олжас Бектенов «көлеңкелі» экспорттың жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов еліміздің сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету мәселесіне назар аударды.

Елімізде сұйытылған газды автомобиль отыны ретінде пайдалану көлемі артып келеді. Қазақстанда оның бөлшек саудадағы бағасы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және алыс шет елдермен салыстырғанда шамамен 2 есе төмен.

Бағаның төмен болуы ірі көлемде сұйытылған газдың шектес елдерге заңсыз шығарылуына әкеп соқты. Мен бұған дейін тиісті мемлекеттік органдарға сұйытылған газдың «көлеңкелі» экспортын, оның ішінде қылмыстық жауапкершілікті белгілеу арқылы жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырдым.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің деректеріне сәйкес, сұйытылған мұнай газын шетелдерге заңсыз шығарудың 14 фактісінің жолы кесілді.

Бұл жұмысты жалғастыру қажет. Әсіресе тұтыну көлемі негізсіз құбылып отырған Атырау және Абай облыстары мен бірқатар шекаралас өңірлердегі жағдайды ерекше бақылауға алуды тапсырамын, – деп атап өтті Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Олжас Бектенов халықты газбен қамтамасыз ету және газ құбырларын жаңғырту жөнінде бірқатар тапсырма берді. Энергетика министрлігі мен «QazaqGaz» ұлттық компаниясы тарапынан мұқият назар аударуды талап ететін проблемалық мәселелерді атап өтті.

Оның ішінде Газ өндіру мен өңдеу көлемінің ұлғаюына қарамастан біздің елімізде көгілдір отынның тапшылығы орын алып отыр. Жаңаөзенде газ өңдеу зауыттарын салу ұзаққа созылып кетті. Жаңа кен орындарын дамыту және геологиялық барлауға инвестициялар тарту да баяу жүруде.Сондықтан Энергетика министрлігі мен «QazaqGaz» компаниясына газ өңдеу зауыттарын салу және жаңа газ кен орындарын игеру бойынша нақты жол карталарын әзірлеу тапсырылды.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында халықты газбен қамтамасыз ету және газ құбырларын жаңғырту жөнінде тапсырма берді.

Осы мақсатқа «Самұрық-Қазына» қоры 105 млрд теңге бөліп отыр. Энергетика министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бөлінетін қаражаттың уақтылы игерілуін қамтамасыз етуді және жылдың соңына дейін желілер салу бойынша барлық қажетті жұмыстарды аяқтауды тапсырамын, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға