Жаңалықтар

Бекіре балықтың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жаза күшейеді

Бекіре балықтың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жаза күшейеді
Фото: atr.kz 09.03.2023 13:22 1647

Бұл туралы El.kz ақпараттық агенттігі Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, бүгінге, Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының үйлестіруімен уәкілетті органдармен заңсыз балық айналымына қарсы күресте бірқатар жұмыс атқарылды.

Атап айтқанда, балықтарды, оның ішінде бекіре тұқымдас балықтарын заңсыз қолға түсіру, иемдену, тасымалдау, сақтау және өткізу қылмыстары үшін 93 адам сотталды, оның 26-сы – нақты бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Олардың заңсыз іс-әрекеттері нәтижесінде мемлекетке 1,2 млрд теңге залал келтірілген.

Мысалға, азамат «Ш.Р.» бекіре тұқымдас балықтарын заңсыз иемденгені және сақтағаны үшін мемлекетке келтірілген 130 млн теңге залал өндіріліп, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған.

«Табиғатқа келтірілген залал тек бекіре тұқымдас балықтары мен оның дериваттарын аулағандарға ғана емес, оны заңсыз иемденген, сақтаған және тасымалдағандарға да қойылатынын атап өту қажет. Осыған байланысты, облыс тұрғындары мен қонақтарын бекіре тұқымдас балықтары мен дериваттарын арнайы дүкендерден және олардың заңдылығын растайтын құжаттары болған кезде ғана сатып алу қажеттілігіне назар аударамыз»,-делінген хабарламада.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға