Жаңалықтар

«Бекболат Тілеухан – теріс ағым өкілі»: Ермұрат Бәпи өзіне айтылған сынға жауап берді

«Бекболат Тілеухан – теріс ағым өкілі»: Ермұрат Бәпи өзіне айтылған сынға жауап берді
Фото: instagram/bekbolat.tleukhan / t.me/mazhilis_kz 15.11.2023 15:35 2079

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи өзін «популист» деп атаған Бекболат Тілеуханға жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Естеріңізде болса, осыдан бірнеше күн бұрын Нұрсейіт Жылқышыбай Бекболат Тілеуханмен көлемді сұхбатының үзіндісін жариялап, онда экс-мәжілісмен бүгінгі әріптестері туралы ойын айтқан.  

Жалақының өмірі 300 мың теңге болмайтыны түсінікті (бұған дейін Ринат Зайытов ең төменгі жалақыны 300 мың теңгеге дейін көтеру керектігін айтқан – ред.). Ашық популизм. Аңғал жұртты алдау. TikТok-та хит болу үшін шығар. Нартай Аралбайұлы да, Ермұрат Бәпи де популистер ғой, – дейді ол.

Тілшілер Бәпиден бұл сөзге қатысты пікірін сұрады.

Бекболат Тілеухан сияқты жігіттер ойына келгенін айта береді. Бұл азаматтар ең бір өткір және саяси тұрғыда айтылмай жүрген тақырыптарды көтеріп, оны билік алдында, қоғам алдында ашық айтып жүр. Сондықтан оларды кекету, мұқату тұрғысында Бекболаттың айтқан әлдебір бықсық сөзіне көңіл бөлетіндей мұршам жоқ, – деді депутат.

Популизм туралы нақтыланған сауалға депутат сауалмен жауап қатты.

Популизмнің өлшемі қандай екенін сіздер анықтамасаңыздар, мен өз азаматтық ұғымымда ел перзенті ретінде қоғамға қажет шаруамен айналысып жатырмын деп есептеймін. Еш жерде ұрандатып, атымды, затымды жарнамалау үшін далбасалап жүрген жағдайым жоқ. Соңғы көтерген мәселем – қоғамдағы теріс діни ағымдарға байланысты. Оның қай жерінде популизм болуы мүмкін? Қоғамды жайлап бара жатыр. Әрине, ол Бекболат Тілеуханның шымбайына тиеді. Өйткені ол – теріс ағым өкілі. Содан кейін ол бізге қарсы айтып жатыр, – деді Бәпи.

Айта кетейік, Мәжіліс отырысында депутат Ермұрат Бәпи жат ағымдарға қатысты бастама көтеріп, қоғамды салафизм, арабизм дертінен сақтау керектігін айтқан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға