Жаңалықтар

Бекболат Тілеухан Ташкентте атой салған боксшыларға шапан жапты

Бекболат Тілеухан Ташкентте атой салған боксшыларға шапан жапты
Фото: instagram.com/jussupov_ablaikhan 19.05.2023 09:41 8769

Біраз уақыт Түркияда тұрып келген экс-депутат Бекболат Тілеухан Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатында топ жарған спортшыларға шапан жапты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ол Астанадағы мейрамхананың біріне қонаққа шақырған. Видеодан әлем чемпиондары Санжар Тәшкенбай мен Нұрбек Оралбай және оның егізі Айбек Оралбайды байқауға болады. Сондай-ақ Бекболат Тілеуханның жерлесі, үш рет әлем чемпионатында жүлде алған, қазір кәсіпқой бокста жүрген Абылайхан Жүсіпов те бар. 

Былтыр наурыз айында Түркияға кеткен экс-депутат қаңтардың соңында Түркиядағы зілзаланың алдында елге оралған болатын. 

Айта кетейік, Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатында Қазақстан 4 алтын, 1 күміс медаль жеңіп алды. Жалпы командалық есепте екінші орын. 

Әлем чемпиондары Халықаралық бокс қауымдастығынан (IBA) 200 мың  доллардан алды. Күміс жүлдегерлерге 100 мың, қола жүлдегерлердің әрқайсысына 50 мың доллар берілді. Биылғы доданың жалпы жүлде қоры – 5,2 миллион доллар.

Сондай-ақ Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев осы нәтижеге үлес қосқан Мырзағали Айтжанов бастаған бапкерлер қосынын, боксшыларды, дәрігерлерді, ғылыми топтың мамандарын өз есебінен марапаттайды. Бұл ретте чемпион атанған Ұлттық құрама боксшыларына сыйақы ретінде 100 мың доллардан табыстайды. Одан бөлек, Үкімет чемпиондарға 15 мың доллардан беруге міндетті. Жергілікті әкімдіктер де құр қалып жатқан жоқ. Қазірдің өзінде Асланбек Шымбергенов, Махмұд Сабырхан, Дулат Бекбауовтар туған жерлерінен пәтер алып үлгерді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға