Жаңалықтар

Бекарыс Шойбеков: «Өмірімді өзгертемін десеңіз, 100 жаңа есіммен таныс болыңыз»

Өмірдің құндылықтары, өнерге алғаш қадамы және "Абай жолы" туралы
Бекарыс Шойбеков: «Өмірімді өзгертемін десеңіз, 100 жаңа есіммен таныс болыңыз»
07.03.2018 10:53 13277

Шымкенттегі М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған №8 гимназияда ерекше кездесу өтті. «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, ҚР Мәдениет қайраткері, «Дарын» сыйлығының иегері, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков «Өнегелі бір сағат» жобасы аясында тағылымды ой-пікірлерімен бөлісті. Облыстағы 1038 мектептің 67 мыңнан астам 10-11 сынып оқушысы кездесуді онлайн режимде тамашалап, сұрақ қойып, әсерлі әңгіме өрбітті. Сол кездесуде айтылған ойларды ықшамдап назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«ҰБТ-ны тапсыра алмадым деп күйзеліске түсуге болмайды»

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы қоғамда үлкен сілкініс тудырды. Дамуға, өркендеуге бет алған мемлекеттің тек әл-ауқаты, экономикасы ғана емес, сонымен қатар рухани жағы да қатар дамып отыру қажет. Тіпті рухани байлығымыз экономикалық байлығымыздан әлдеқайда көш ілгері болуы керек. Сонда ғана біздің ұлтымыз, мемлекетіміз өркендейді. Бұл мақаланың ішінде көптеген мәселелер аталды. Әсіресе, ұлт болашағына, ұлттық кодымызға байланысты. Ұлттық кодымыз жиынтық сөз. Оны бір сөзбен бейнелеп, тұжырымдап беру мүмкін емес. Мәдениетіміздің, таримыздың, салт-дәстүрміздің, жалпы ұлттық болмысымыздың жиынтығы. Қазақша айтқанда, ұлттық тегіміз. Осының бәрі жиналып кеп, ұлттық кодымызды қалыптастырады. Осыны ұғынып, саналарыңызға сіңірген кезде ата-бабаларымыздың осыншама ұлан-байтақ жерді қалайша сақтап қалғанына, ие болғанына, ұрпағына қалай аманаттап тапсырғанына көздерің жетеді. Тек білектің күші, найзаның ұшымен ғана емес, олардың жан байлықтарының да жемісі екенін білесің. Адам рухани жағынан бай болуы керек. Сондықтан да «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы дер кезінде шыққан деп есептеймін. Өйткені, қазіргі қоғамда кей мәселелерде рухани жағынан кейін кетіп бара жатырмыз. Тәуелсіздіктен кейінгі елең-алаң шақта мәдениетіміздің, өнеріміздің бас-аяғын жинақтай алмадық. Сол кезде ішкі және сыртты күштер өздерінің құндылықтарын тықпалай бастады. Оны біздің ұрпақ бойына сіңірді. Айналып келгенде ұлттық болмысымыздан адасуға алып келді. Халыққа осындай кезде ұлттық иммунитет керек. Ал ұлттық иммунитет салт-дәстүр, әдет-ғұрыппен, ділмен келетін нәрсе. Біз жаңғырып отырмасақ жаңағыдай күштерге қарсы тұра алмаймыз.

«Рухани жаңғыруда» жаңадан бір нәрсе ойлап табайық деп тұрған жоқ. Рухани жаңғыру деген сөз рухымызды, ата-бабамыздан қалған ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртайық деп тұр. Осыларды санамызға сіңірген кезде ұлттық иммунитетіміз қалыптасады. Алдымызға қойған ұлы мақсаттарымызға емін-еркін аяқ баса аламыз. Қанша тіл білсең, сонша ұлттың жан-дүниесін түсіне бастайсың. Сондықтан тіл үйреніңдер. Бір елдің емес, әлемнің азаматы боласыңдар. «Рухани жаңғыру» мақаласында «100 оқулық» деген жоба бар. Осы жоба аясында әлемдік өркениетке үлес қосқан белгілі шығармалар қазақ тіліне аударылып жатыр. Бұл біздің қоғамымызға, әдебиетімізге қосылатын үлкен қазына деп ойлаймын. Әлем қазір не оқып жатыр? Не түсініп жатыр?. Болашаққа не жоспарлап жатыр? Бізде соны сезіп, біліп, соған қарай бағытталып отырсақ, біздің мемлекет ұтады.

«100 жаңа есім» жобасында өз саласының үздіктерін халық дауыс беру арқылы анықтады. Біз білмей жүрген қаншама талантты, білімді адамдар бар. Мысалы,  Рахат-Би Абдысагин есімді жас композитор, халықаралық байқаулардың лауреаты болды. Ол 13 жасында студент атанып, 18 жасында өнертану ғылымының магистрі атанған. Осы жобаның жеңімпаздары туралы материалды сайттан тауып алып оқып шығыңыздар, деректі фильмін көріңіздер. Мотивация береді. Өмірлеріңізді өзгертеді. Алға ұмтылдырады.

Бізде мектеп оқушылары Ұлттық Біріңғай тестке үлкен сынақ деп қарайды. Өте алмаса  бүкіл өміріңе құрған жоба-жоспары күйреп қалғандай көрінеді. Ол өмірлік сынақ емес. Қазір мемлекет бір емес, бірнеше рет тапсыруға мүмкіндік беріп отыр. Оқуға түсіруге барлық жағдай жасалған. Сондықтан тесттен өтпедім деп күйзеліске түсуге болмайды.

Дамушы елдерде бір адам алты-жеті рет мамандығын өзгертеді екен. Өйткені оның жұмысын роботтар атқарып, маманның қажеттілігін жойып жатыр. Олар «менің жұмысымды робот алып қойды» деп қарап отырмайды. Жаңа мамандықты игеріп, басқа жұмысқа бейімделеді.

Бойымыздағы білімді, дарынды ұлтымызға одан қала берсе адамзаттың игіліне жұмсауға тырысайық.

«Ең алғашқы айтысқа анам жазып берген өлеңді жаттап шықтым»

1980 жылдың басында Жүрсін Ерман ағамыздың ұйымдастыруымен жер-жерде ақындар айтысы өте бастады. Ол кезде әр облыста дайын тұрған ақын жоқ. Оның үстіне бұл өнер кенжелеп қалған. Қазақтың домбырадан, сырнайынан алыстап бара жатқан кезі ғой. Соны қалпына келтірейін деп сол кезде де бір жаңғыру жасаған.

Соның нәтижесінде біздің облыстан да ақындар шықты. Әселхан Қалыбекова, Тәушен Әбуова апамыз, Қаныбек Сарыбаев, Әбдікерім Манапов, Мұхтар Құралов ағамыз біздің облысымыздың намысын қорғап, республикалық айтысқа қатысты.

Сол кезде Әселхан апамыздың жасы 40-тарға кеп қалған. Әбдікерім ағамыз да солай. Қаныбек, Мұхтар ағамыз елуді еңсеріп бара жатқан шағы. Ал Тәушен апамыз алғаш рет айтыс сахнасына 60 жасқа қараған кезінде шықты.

Содан ол кісілер бізден кейін айтысқа кім келеді? Біздің ізбасарларымыз кім болады? Көзге көрініп тұрған дап-дайын ақын жоқ. Соны  біз ел ішінен іздестірейік деп, бастама көтеріп, мектеп оқушылары арасында айтыс ұйымдастыра бастады.

Алдымен мектепаралық айтыстар өтті. Әрбір сынып өздерінің ақындарын шығарып қатыстыру керек болды. Біздің сыныпта ән салатын, домбырамен күй тартатын оқушылар болды. Бірақ ақын жоқ еді. Сынып боп не істерімізді білмей дағдардық. Сонда сынып жетекшім маған қарап, «сен шығасың» деді. «Мен бір ауыз өлең құрай алмаймын. Мен қалай шығамын? Жазығым не деймін ғой?» Ұстазым «Сен сыныптың топ жетекшісісің. Осындай кезде сыныпты құтқарып, тығырықтан алып шығуың керек» деді. Үйге келіп анама айттым. Анам тойларда, отырыстарда әуелете ән салатын. Ақындығы да бар еді. Төрт-бес шумақ өлең жазып берді. Жаттап алдым. Әпкелерім қолыма домбыра ұстатып, бір мақамды үйретті. Ежіктеп отырып тартамын. Сол кезде алтыншы сыныпта оқимын ғой. Межелі күн жеткенде жаттап алған өлеңімді айтып, көрші сыныптың қызын айтыста жеңіп кеттім.

«Сыныптың намысын қорғадым, құтқардым» деп жүргенде бір күні ұстазым аудандық айтысқа барасың» деді. «Ақын емеспін, мен өтірік ақынмын, анам жазып берген» деп басымды ала қаштым. Көнбеді. Көрші сыныпқа арналған өлең ауданға жарамайды ғой. Анам тағы жазып берді. Жаттап алдым. Сөйтсем, аудандық айтысқа келген оқушылардың бәрі мен сияқты жаттап алыпты. Тіпті дәптерін жайып қойып, қарап айтып берген балалар да болды. Сол айтыста финалға өттім. Үйден алып келген өлеңімнің айтылмай екі ғана шумағы қалған. Қоғам ауылынан келген қарсылас қыз «сен жаттап алған өлеңінді айтып отырсың, сен ақын емессің» деп тиісті. Намыстан булығып, қалай екені есімде жоқ, екі шумақ өлең шығардым. Жиналғандар қол соғып, қолпаштап жатты

Сол оқушылар айтысынан Маржан Есжанова, Жәркен Омаров, Айгүл Асанова, кейін Анар Жаппарқұлова, Мұхтар Маханов сынды мықтылар шықты.

Әселхан мен Ханбибі апамыз сол оқушылар айтысына қатысқан 30 ақынды жинап алып, аудандағы мәдениет сарайында апта сайын бізбен шеберлік сабағын өткізетін. Жұп қылып айтыстыратын. Соңында төрт-бес бала қалдық.

Біз қалайын деп қалған жоқпыз, ұстаздарымызға байланып қалдық. Айтыстың қызығына қалай кіріп кеткенімізді байқаған жоқпыз. Тіпті шыққымыз келмейтін. Ұстаздарымыздың әңгімесіне қанбай, үйіне қонып қалатынбыз.

Міне, өнерге келу жолым осылай басталды.

«Абай жолын» түсінбесем де 8-сыныпта оқып шықтым»

Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» кітабын барлық бала сүйіп оқиды деп ойлаймын. Мен де жата-жастана оқыдым. Айтысқа қатыса бастағаннан кейін ұстаздарымыз «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайдыны»  жаттата бастады. Ақындар айтысы жинақталған кітаптарды алып оқыдық. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген кітап бар еді. Өте қалың кітап. Соны қалай бастағаныңды емес, қалай бітіргеніңді білмей қаласың.

8-сыныпта бір айтыстан келе жатқанымда химия пәнінен сабақ беретін Асылбек Төребек деген ағайыммен автобуста бірге келдік. Жөн сұрады. Айтыста болған қызықтардың бәрін айттым. «Соны өзге сыныптастарыңа айтып бер, көрген-білгеніңмен бөліс» деп 10 мен 11 сыныптың оқушыларын жинап, кездесу ұйымдастырды. Керемет кездесу болды. Сонда ағайым Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы»  романын сыйлап «Бұл бір оқып тастайтын кітап емес, өмір бойы оқитын кітабың болады» деген еді. Шынында да, бір оқып ешнәрсе түсінбедім. Ең бағалы, құнды сыйлық болды. Әр оқыған сайын әртүрлі ой түйемін. Кітап қазына, байлық ғой. Қазір көбіне тарихи романдар оқимын. Әр қазақ Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз», «Соңғы көш», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» кітабын оқуы керек деп ойлаймын. Сіздер өмірлеріңізге бүгін, ертең таусылмайтын қазына жинаңыздар. Ал таусылмайтын қазынаны кітап пен театрдан табасыздар.

Фото: Әйгерім Бегімбет

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға