«Bek Air» ұшағының апатқа ұшырауына байланысты тергеу аяқталды
Көліктегі полиция департаменті Алматы әуежайында 2019 жылдың 27 желтоқсанында орын алған «Fokker-100» «Bek Air» ұшағының апатқа ұшырау фактісі туралы қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттерінің аяқталғанын мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
4 мыңнан астам тергеу әрекеттері (2000 тексеру, 1350 жауап алу, 250 алу), 150 сот-медициналық сараптама және арнайы зерттеулер жүргізілді.
Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде прокуратура Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің көмегімен Бельгия, Германия, Люксембург, Нидерланды және тағы басқа шет мемлекеттерден халықаралық құқықтық көмек көрсету туралы өтініштерге іс үшін маңызы бар қажетті құқықтық-техникалық ақпарат алынды, - делінген Бас прокуратура таратқан ақпаратта.
Қазіргі уақытта процеске қатысушылар сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарымен танысып жатыр.
Айта кетейік, 2019 жылы 27 желтоқсанда Bek Air жолаушылар ұшағы Алматыдан ұшып шыққаннан кейін бірден құлады. Ұшақ бетон қоршауға құлап, екі бөлікке бөлінді. Апат салдарынан 12 адам қаза болды. Экипаж командирі оқиға орнында көз жұмса, ауруханадан шыққаннан кейін екінші ұшқыш қайтыс болды.