Behance Portfolio Reviews – жетекші веб-дизайнерлер құпиясымен бөлісті
8 қарашада Астанада дизайнерлерге арналған Behance Portfolio Reviews &Talks шарасы өтті. Behance – бұл веб-дизайнерлердің портфолиоларын қарауға және жариялауға арналған жетекші әлемдік интернет-платформа.
Behance бүкіл әлем бойынша жылына екі рет офлайн шара өткізеді. Онда веб-дизайнерлер бас қосып, дизайнның жаңа трендтері туралы ақпаратпен бөлісіп, өзара кеңесіп, тәжірибе алмасады. Қазақстанда бұл шара алғаш рет өтіп отыр.
«Неге Астанада? Неге Алматыда өтпеді?» деген сауалға, шара ұйымдастырушысы, Webicom интернет-агенттігінің бас директоры Арман Валиев жауап берді:
- Бұл шара жылына екі рет: көктем мен күзде өтетін болғандықтан, Алматылықтарға көктемде ұйымдастырамыз деп ұйғардық. Одан соң, 2015 жылдың күзінде қайтадан Астанада өтетін болады. Бұл басқосу әрі қарай жалғасын табу үшін бәрімізге де қызықты әрі пайдалы болуы керек. Сонда ғана оны жалғастырудың мәні болады.
Behance спикерлері ретінде Фархад Кучкаров, Никита Обухов және Ярослав Шуваевтар өз тәжірибелерімен бөлісті.
Фархад Кучкаров, AdAsia деп аталатын Орталық Азия және Әзірбайжандағы жарнама туралы тұңғыш сайттың негізін қалаушы әрі редакторы:
- Орта Азиядағы дизайн-жобалар индустриясы бейберекетсіз, босаң дамып келе жатыр. Өйткені бізде осы салада кәсіби көзқарас пен ортақ ереже жоқ. Ресейдегі негізгі проблема стандарттардың жоқтығында, терминдер стандарты, заң тұрғысынан бекітілген стандарттар және т.б. Сол себепті, осындай кездесулер бір-біріміздің қателіктеріміз бен жетістіктерімізді көріп, танып, дамудың жаңа сатысына көтерілуге септігін тигізеді. Менің бүгінгі тақырыбым интернет-брендинг. Брендингтегі негізгі ұстанатын қағидам – парасатты көзқарас. Маркетинг туралы кітаптардың стратегиясы белгілі принциптерге негізделген: брендингтің құндылықтарын білу, өз аудиторияңды анықтау, сайттың визуалды кейпі және т.б. Бұның бәрі күрделі нәрсе және дизайнерлерге аса қажет емес. Әрине, көзделген аудиторияға назар аудару маңызды, бірақ нарықтағы жайғасымды да естен шығармаған абзал. Ең бастысы идея. Идея мықты әрі түсінікті болу керек, сол кезде ол өз аудиториясын табады.
Келесі спикер Никита Обуховты өз ісінің маманы деуге болады. Ол Дизайн бойынша британдық жоғары мектептің арт-директоры. Бүгінгі таңда веб-дизайн саласындағы 500-ден аса сәтті веб-жобалардың авторы. Никитаның Digital Storytelling тақырыбы бойынша презентациясы мына сұрақ-жауап аясында өрбіді:
1. Неге контент қаралмайды? (негізгі жіберілетін қателіктер)
- Интернеттегі мәтінді дәстүрлі принцип бойынша (газет-журналдағы мақалалар сияқты көлемді етіп) жариялау;
- Тым көп керек емес ақпарат беру (миды шаршатып жібереді);
- Сапасыз материалдар жариялау;
2. Сонымен, көлемді мәтінді (лонгрид) оқырманға қалай сауатты жеткізуге болады?
- Тақырыпты толық аша білу
- Контент вебке бағдарлануы керек;
- Визуалды әсем жеткізе білу;
- Қолайлы навигация;
- Скриминг принципін ұстану.
Шара соңында белсенді қатысушылар мен қонақтарға Behance атынан арнайы сыйлықтар табысталды.