Әбдіуақап Қара: Еуропа қазақтары әр құрылтайды сағына күтеді. ІІ бөлім
Жалғасы. Басы мына жерде.
- Аға, 1994 жылы Мюнхендегі алғашқы бас қосудан кейін 1995 жылы Алматыда Еуропалық қазақ жастарының бас қосуы болыпты. Бұдан көп адамның хабары жоқ. Ол қалай болған еді?
Еуропа қазақтарының алғашқы басқосуы елдегі бауырларымызға қатты әсер етті. Алматыдағы жиналыс соның жаңғырығы ғой. Алғашқы жиналысымызды Азаттық радиосының Алматыдағы тілшісі Саясат Бейісбай Егемен Қазақстан газетіне хабар ретінде жазыпты. «Мюнхенде қазақ жастары бас қосып жер жерден келген онға тарта қазақ футбол командасы бақ сынасты» деп.
Мұны оқыған Алматыдағы Намыс футбол командасының бапкері Нәсіп Жүнісбай, “Біз Қазақстанда футбол ойнайтын жас таба алмай тұрсақ, Еуропада оншақты команда бар екен” деп тебреніп бізге телефон соқты. Осы сайысты келесі жылы дүниежүзі қазақ жастарының футбол сайысы ретінде Алматыда өткізейік деген ұсыныс енгізді. Алғашқы жиналыстың атамекенде осындай жаңғырық туғызғанына біз де қуанып, дереу Алматыдағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен байланысқа өттік. Төрағаның орынбасары Қалдарбек Найманбаевтың ұйымдастыруы, Қазақстан туризм және спорт министрлігінің қамқоршылығында Түркия мен Еуропа елдерінден келген командалардың қатысуымен Алматыда 1995 жылы футбол сайысы өтті. Бір жасап қалғанбыз ол кезде де.
- 1997 жылы Ыстамбұлға қоныс аудардыңыз. Сол жылы Еуропа қазақтарының басын Түркияда қостыңыз. Құрылтай өткізу қиындық келтірді ме?
- Азаттықта 7 жыл қызмет істегеннен кейін 1995 жылы Ыстамбұлға қайттым. Онда әрі Мимар Синан университетінде ғылыми қызметте, әрі Түркия қазақтарының мәдени қорында басқару алқасында қызмет істедім. 1997 жылы Қалдарбек Найманбаевтың ұсынысы бойынша, Түркияда қазақтардың кіші құрылтайын өткіздік.
Оған Қазақстанның Мұхтар Мағауин, Қалтай Мұхаммеджанов және Манаш Қозыбаев сынды белгілі ғалым және жазушыларымен қатар Түркияның Тансу Чиллер (Басминистрдің орынбасары және сырты істер министрі), Тұран Язган, Неузат Ялчынташ, Мехмет Сарай, Абдүлкадир Донық және Ахад Андижан сынды белгілі саясеткерлер мен ғалымдар да қатысты.
Осы алқалы жиында болып елдеріне қайтқан Еуропадағы қоғам қайраткерлері бір екі жыл үзіліп қалған Еуропалық футбол сайыстарын қайта бастау жайында шешім қабылдады да, 1998 ж. Париж, 1999 ж. Келнь, 2000 ж. Амстердам, 2001 ж. Париж қазақ жастары футбол турнирлері өтті.
- Демек, бастапқыда бұл шара құрылтайға айнала қоймаған, тек жастардың футбол сайысы деңгейінде болған екен ғой.
- Ол 2002 жылы Кельн қаласындағы жиналысты осы орайдағы бетбұрыстық бір жиналыс десек артық айтқандық бола қоймас. Бұл іс-шараның ауқымы кенейіп құрылтайға айналуына және рәсми сипат алуына Кельн қазақ қоғамы төрағасы Әбдірахман Шетіннің еңбегі зор болды. Осыдан кейін Еуропадағы Қазақстан елшіліктері осы жиындардың өткізілуіне қолдау көрсете бастады. Мұнда, Шетін ағамыздың Кельндегі жиналыстың ауқымын “Қазақстан тәуелсіздігінің 10- жылы, қазақтардың Еуропаға қоныстауының 40- жылы мерекесі” ретінде кеңейтуі себеп болды. Сөйтіп жастарға арналған футбол сайысы осыдан кейін Қазақстанда “Кіші құрылтай”, диаспора арасында болса “Еуропа қазақ құрылтайы” деп атала бастады. Жиналыстың мазмұны да бай еді...
Жалғасы. Соңы мына жерде.