Баж салығы: 50-ден астам мемлекет АҚШ-пен келісім жасамақ

Ондаған мемлекет АҚШ-қа Трамп енгізген баж салығын қайта қарау туралы келіссөздер жүргізу өтінішімен жүгінген. Бұл туралы Ақ үйдің Ұлттық экономикалық кеңесінің директоры Кевин Хассетт ABC телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оның сөзіне қарағанда, бұл өтініштер бойынша шешім қабылдау және жаңа сауда келісімдерін жасау – АҚШ президентінің жеке құзырында.
50-ден астам ел президентпен осындай мәртебе туралы келісім жасауға тырысуда, — деді Хассетт.
Естеріңізде болса, 2 сәуір күні Дональд Трамп барлық импорттық тауарларға баж салығын енгізетінін жариялаған. Негізгі тариф мөлшері 10 пайызды құрайды, алайда кейбір елдер үшін бұл көрсеткіш 50 пайыздан жоғары.
Айта кетерлігі, бұл тізімге Ресейден бөлек Беларусь, Иран, Канада және Мексика енбеген.
