Жаңалықтар

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның 2023 жылғы жұмыс қорытындылары талқыланды

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның 2023 жылғы жұмыс қорытындылары талқыланды
Фото: gov.kz 24.12.2023 02:20 1066

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Бәйтерек» басшылығын қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жиын барысында Холдингтің биылғы 11 айдағы жұмысының қорытындысы шығарылып, қызметті одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар қаралды.

Басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаров Қазақстанның Даму Банкі мен Өнеркәсіпті дамыту қорының желісі бойынша 585 млрд теңгеге кәсіпкерлердің 226 ірі жобасы мен лизингтік мәмілелер қаржыландырылғаны туралы айтты.

«Даму» қоры жалпы кредит сомасы шамамен 1,3 трлн теңге болатын 21 мыңға жуық шағын және орта бизнес жобаларына қолдау көрсетті. Бұдан бөлек, 326 млрд. теңге ҚДБ (Қазақстанның Даму Банкі) мен KazakhExport арқылы экспорттық жобаларды қаржыландыруға бағытталды.

Қазақстан тұрғын үй компаниясының құралдары есебінен 1 512 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 17 310 пәтер пайдалануға берілді. Бұл елдегі іске қосылған көппәтерлі тұрғын үйдің жалпы көлемінің 16,6%-тін құрайды. Аталған көрсеткішке үлестік құрылысқа кепілдік беру мен 178 млрд теңге сомасына жеке құрылыс салушылардың несиелерін субсидиялау және жергілікті атқарушы органдары арқылы 140 млрд теңге сомасына тұрғын үй құрылысын қаржыландыру есебінен қол жеткізілді, - деп хабарлады Н.Байбазаров.

Сондай-ақ Отбасы банкінің қолдауымен 57,6 мыңнан астам жанұя жеңілдікті ипотека есебінен тұрғын үй сатып алды. Жалдау төлемдерін субсидиялау құралы бойынша 11,6 мың отбасына төлемдер тағайындалды.

АӨК (агроөнеркәсіптік кешен) дамыту:

Аграрлық несие корпорациясы мен Қазагроқаржы несиелеу және лизинг құралдары есебінен шарулар 514,3 млрд теңгеге қаржыландырылды. Қолайсыз ауа-райына байланысты жалпы сомасы 42 млрд теңгеге 970 фермердің қарыздары қайта құрылымдалды.

Жиын қорытындысы бойынша ҰЭМ басшысы Ә.Қуантыров Холдингтің іске асырып жатқан ірі жобаларын экономикалық тұрғыда күшейтуді тапсырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға