Жаңалықтар

«Baytaq» жасылдар партиясы Теміртауда өз жұмысын бастады

«Baytaq» жасылдар партиясы Теміртауда өз жұмысын бастады
Фото: «Baytaq» жасылдар партиясы 12.01.2023 21:00 1945
«Baytaq» жасылдар партиясы Қарағанды өңірінде жұмыс істей бастады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Партияның басты міндеті – экологияны қалпына келтіру, қазақстандықтарды таза ауамен қамтамасыз етіп, қауіпсіз қоршаған орта мен өзге де әлеуметтік құқықтарға жол ашу болып табылады. Қарағанды облысында көптеген ірі кәсіпорындар орналасқандықтан, партияның алғашқы отырысы 2023 жылдың 10 қаңтарда Теміртау қаласында өтті.
Аталған өңірде әлемде әйгілі ірі металлургиялық кәсіпорындар бар, сол себепті бүгінде өңірдің экологиялық жағдайы да мүшкіл болып отыр.
Партия жетекшісі Азаматхан Әміртайтың қатысуымен болған отырыста ұйымның облыстық филиалын құру мәселесі талқыланып, есеп комиссиясының құрамы бекітілді. Сондай-ақ партияның облыстық және қалалық саяси кеңестерінің мүшелері мен облыстық және қалалық филиалдарының төрағалары тағайындалды.
«Baytaq» жасылдар партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы болып Сейфул-Мәлік Төреханұлы Қазитов сайланды. Қарағанды қаласы филиалының басшысы қызметіне Мұрат Тасболатұлы Күдеринов, Теміртау қаласы филиалының басшысы қызметіне Артем Валерьевич Козловский тағайындалды.
Жиынды ашқан партия төрағасы Азаматхан Әміртай жаңа ұйымның басты құндылығы адам екенін атап өтті.
 
«Жасылдар партиясын құру – барша Қазақстан халқының жеңісі. Қоршаған ортаны және адамдардың денсаулығын қорғау, салауатты өмір салтын насихаттау – біздің қызметіміздің ең маңызды бағыты. Бұл біздің басты құндылықтарымыз. Сондықтан біз әр өңірдегі әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуге баса назар аударатын боламыз», - деді ол.
 
Отырысқа «Baytaq» саяси партиясы мүшелерімен бірге барлығы 128 адам қатысты.
 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға