Жаңалықтар

«Байдың балалары» неге спортқа бармайды? Спортта әлеуметтік лифт бар ма? Мамандар пікірі

«Байдың балалары» неге спортқа бармайды? Спортта әлеуметтік лифт бар ма? Мамандар пікірі
Фото: Коллаж El.kz 15.08.2024 12:30 1728

Бокстан Париж Олимпиадасында күміс медаль алған Нұрбек Оралбайдың бір сұхбатында «Боксқа  байдың балалары келмейді» дегені бар еді. Шынымен де жекпе-жек түрлеріне кімдер көбірек барады? Осы сұраққа жауап іздеп көрген едік.

Боксты 2009 жылы бастағанбыз. Қазір 14 жыл болды ғой. Сегіз жыл интернатта оқығанбыз. Негізі, қиыншылық көріп өскен балалармыз ғой. Боксқа байдың балалары келмейді. Қиыншылық көрген, мотивациясы бар адамдар келеді, - дейді Нұрбек Оралбай 2023 жылы әлем чемпионы атанған соң.

Сол секілді бокстан 1997-2001 жылдары Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтырған, даңқты бапкер Тұрсынғали Еділовтің де пікірі осындай. Сидней 4 боксшысы финалға шыққан жаттықтырушы боксқа көбінен тұрмысы төмен отбасылардың балалары келеді деп отыр.

Негізі боксқа бай отбасының балалары келіп, чемпион боламын демейді. Көпбалалы, тұрмысы төмен отбасының балалары боксқа әуес. Бәлкім, өзін-өзі қорғағысы келгендіктен де спортпен айналысқысы келетін шығар. Балалар фитнес залдарына баратын болса, айына кем дегенде 10-15 мың төлеу керек. Кейбір отбасы ондай ақшаны таба алмайды, - дейді Тұрсынғали Еділов.

Спортқа бай, ауқатты, дәулетті отбасынан шыққан балалар спортқа бармайтынын психолог Серікгүл Сәли де мойындап отыр. Ол маман ретінде себебін де түсіндірді.

Спортқа баратын адамда рух болуы керек. Рух аш адамда, қиындықты көп көрген адамда ғана болады. Қарны тоқ адам, сұранысы жоқ адам спортқа бармайды. Олар көбінесе интелект, білім жолына қарай дамиды. Белгілі боксшы Майк Тайсонның көпке үлгі керемет сөздері бар. Оның баласы әкесі сияқты спорт жолын қуып, боксшы боламын деген кезде «жоқ, балам, сенің қарның тоқ, аш емессін, сені аш болып өскен балалар рингте жеп қояды» деп айтқан. Бұл сөзді әлемге танымал спортшы жайдан жәй айтқан жоқ. Қарсыласты жеңу үшін дайындық пен талант аздық етеді, жеңіске деген үлкен құштарлық пен мұқтаждық керек, - дейді  маман.

Серікгүл Сәли өзінің балаларын да спортқа беретінін айтты.

Мен өзімнің балаларымды спортқа жақын етіп өсірдім. Қазір олимпиадаға қатысып жатқан біраз жастарды жеке танимын. Кішкентай кездерінен ата-анасына өздерінің мықты екенін дәлелдегісі келеді. Себебі ата-анасы бала қанша марапат алып жатса да, оның спортта жүргенін қолдамай, қошеметін көрсетпей жатады. Жұмыстан қолдары босамайды. Көбінесе сезім жетпейтін отбасындағы қарым-қатынас жағынан мұқтаждық адамға үлкен рух береді. Ал рухтыны ешкім жеңе алмайды. Сондықтан байдың балаларынан рухты өсіріп шығару өте сирек кездеседі, - дейді психолог.

Төменнен жоғары көтерілген спорт жұлдыздары

Жоғарыда психолог Сәрікгүл Сәли аты аңызға айналған спортшыларға қатысты бір ғана мысал келтірді. Дегенмен айта берсек мұндай мысалдар өте көп. Солардың бірі – Мұхаммед Әли. Ол қарапайым тап өкілінен шыққан. Америка Құрама Штатының Кентукки өлкесінде кедей отбасында дүние есігін ашқан. Соған қарамастан алға қойған мақсатына жете білді. Жыл боксшысы атағына 5 рет ие болған бүгінге дейінгі жалғыз спортшы болып табылады. Мұхаммед Әлиді өзіне пір тұтқан тағы әлемге аты белгілі тұлға – Майк Тайсон. Ол да қарапайым таптың баласы. Майк әлі күнге дейін ешкім бұза алмаған бірнеше әлем рекордын қойған. Тайсонның ең қысқа жекпе-жегі жарты минутқа созылды.

Бүгінде футболшылардың қомақты қаржы табатынын барлығы біледі. Әрқайсысының ондаған жылға өмір сүруге жететін қоржынында қаржысы бар. Салыстырмалы түрде қарапайым халықтың жалақысымен айырмашылығы орасан зор. Дегенмен де ең танымал ойыншылардың қарапайым отбасынан шыққанын көбісі біле бермейді. Ал кейбіреулері тіпті кедейшіліктің шегінде болған. Мәселен, Криштиану көп балалы отбасынан шыққан. Анасы аспаз болып жұмыс істеді, ал әкесі ішімдікке салынды, сондықтан оны жиі жұмыстан шығарып жіберген көрінеді. Криштианудың тәрбиесін ешкім қадағаламады, Болашақ «Алтын доптың» иегері 14 жасында нашар үлгерімі үшін мектептен қуылды. Сол сәтте оның Спорт академиясына оқуға түсуі бақыт болды. Оның тамақтануға жағдайы жетпегендіктен күнделікті достарымен бірге McDonald's-ке басқа адамдардың тамағын жеуге барған. Дұрыс тамақтанбаудың салдарынан Криштиану құрдастарының арасында ең арық болды, сондықтан түнде фаст-фуд сатып алу үшін мұндай сапарлар болашақ футболшыға салмақ қосуға көмектесті.

Жақында қазақстандық аралас жекпе-жек файтері Ернат Түгелбеков анасының еміне қаржы керек болған соң сегіз бұрышқа шыққанын айтқан еді. Жекпе-жек алдында үш сағат бұрын анасы қайтыс болса да, төбелесуге мәжбүр болған. Өйткені тіпті анасын ақтық сапарға шығарып салуға да ақша қажет екенін түсінді.

UFC арқылы әлемге танымал болған Конор Макгрегордың да ММА-ға дейінгі өмірі тәтті болған жоқ. Ол тұрмысы төмен отбасында дүниеге келді және жақсы білім алуға мүмкіндігі болмады. Ол спортқа дейін сантехник, құрылысшы, сатушы болып жұмыс істеді. Дегенмен бұл жұмыстардан айтарлықтай табыс таппады.

Спортта әлеуметтік лифт бар ма?

Әлеуметтік желіде Қазақстанның спортқа көп қаржы бөлетінін, бірақ нәтижесі төмен екені жиі сөз болады. Күні кеше Парижде аяқталған ойындарына дайындық үшін Қазақстан 660 миллион доллар жұмсаса, 8 алтын алған Өзбекстан 160 милллион доллармен шектелген.  Мұндай мысалдарға психолог Серікгүл Сәлидің жауабы бар болып шықты. Ол Олимпиада ойындарына қатысатын жас спортшыларға кеңес беріп, үлкен алаңдарға психологиялық тұрғыдан дайындағанын айтады.

Әлеуметтік жағдайы жақсы, қарны тоқ адам үлкен додада жеңіске жетпейді. Ал бізде болса, мемлекет тарапынан спортшыларға толық жағдай жасалу керек, сонда ғана олар жеңеді деген жансақ түсінік бар. Нағыз таланттар мен рухты, жігерлі, мықты спортшыларды дайындау керек, сонда ғана жеңіс төрінен көрінеді. Ең бастысы спортта жемқорлық болмау керек. Қазақстанда спортқа өте көп қаржы бөлінеді. Сондықтан ақша алу үшін спортқа жақындайтын адамдар көбейіп кетті. Бүгінде бас бапкер болып тағайындалудың өзі үлкен атақ пен даңқ әкеліп жатыр, - дейді Серікгүл Сәли.

Ал әлеуметтанушы Нұрболат Әйекешов үнемі әлемдік додаларда әлеуеті жоғары, алдыңғы қатарлы елдердің ғана спортшылары үздіктердің қатарынан көрінетінін алға тартты.

Бүгінде барлық салада әлеуметтік лифт бар. Кино, музыка, шоу бизнес саласымен қатар спорттан да байқауға болады. Жалпы әлеуметтік лифт дегеніміз элитаға түсу ғой. Лифттің ішіндегі бір түрі ол – атақ. Бүгінде әлемде спортшылар атағын, жетістіктерін пайдала отырып, бренд жасап, бизнес көзіне айналдырып отырғаны жасырын емес. Бұның өзі спорттың елдің әлеуетіне қаншалықты әсер ететінін көрсетеді емес пе?!, - дейді Нұрболат Әйекешов.

Психолог Серікгүл Сәли бүгінде спорт ақша табудың көзіне айналып бара жатқандай деп отыр.

Бүгінде спорт ақша табудың бір жолына айналды. Бізде талантты бапкерлер көп, бірақ олар көтерілмейді. Атақ пен ақша қуған бапкерлер ғана көтеріліп жатыр. Шындығын айтқанда, талантты жастар, спортшылар, бапкерлер бар, бірақ қолдау жоқ. Жалпы спортта жансақ дүниелер өте көп. Мәселесен, ұлтқа бөлу, ақшасы бар, жоқ деп бөлу, танысы бар, жоқ деп қарау. Сондықтан спортта да әлеуметтік лифт барын көруге болады, - дейді психолог.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға