Жаңалықтар

Байбол Ержан: Әрбір діни сарындағы алауыздықтың алдын алу керек

Байбол Ержан: Әрбір діни сарындағы алауыздықтың алдын алу керек
Фото: cabar.asia 21.05.2023 22:34 1821

Адамзаттың дамуында діннің айрықша рөлі бар. Десе де, діни алауыздық талай елдің іргетасын шайқап отырғанын тарихтан жақсы білеміз. Сондықтан да әрбір мемлекет  дін саласындағы саясатқа баса назар аударып келеді. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бұған қарамастан елімізді түрлі конфессия өкілдері тату-тәтті өмір кешіп жатыр. Десе де, шетін мәселелер жоқ деп те айта алмаймыз.  Еліміздегі дін саласындағы саясат жөнінде Еl.kz тілілшісіне сарапшы Байбол Ержан Құрманғалиұлы сұхбат берді.

Ол – Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі, экономика ғылымдарының бакалавры, мемлекеттік және жергілікті басқару ғылымдарының магистрі.  Исламдық қаржыландыру, ҚР-ның дін саласындағы саясатын іске асыру мәселелері жөнінде зерттеулері бар.

Еl.kz:  Қазір елімізде саяси, экономикалық реформалар жүріп жатқаны белгілі. Осының аясында дін саласындағы саясаттан не өзгеріс күтеміз?

Байбол Ержан: Қай салада болмасын, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформаларының басты мақсаты – азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру мен жан-жақты дамуы үшін мүмкіндіктерді кеңейту, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру. Дін саласындағы мемлекеттік саясатқа келетін болсақ, ол – ішкі саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Және қоғам мен мемлекеттің дамуына ықпал жасауы үшін жүргізіледі.

Өз кезегінде, Мемлекет басшысының тапсырмасымен әр саладағы саясатты қалыптастыру, оны іске асыру және бақылау сияқты функциялар Үкіметтен  орталық мемлекеттік органдарға, яғни министрлерге беріліп жатыр. Сәйкесінше,олардың дербес жауапкершілігі артуда.

2019 жылдан бері дін саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырушы уәкілетті орган – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі. Оған былтырғы жылдың 2 қыркүйегінен бастап дипломат әрі тарих ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі – Дархан Қыдырәлі басшылық етеді. Оның басшылығымен Түркі академиясы халықаралық ұйым мәртебесіне қол жеткізді. Бұл оңай шешілетін шаруа емес, еліміз үшін – үлкен жетістік. Сондықтан мұндай мемлекеттік және қоғам қайраткері Қазақстанның дін саласындағы саясатына сапалы реформа жүргізетіне, жақсы өзгерістер енгізетіне сенімдімін.

Министр ғалым адам болғандықтан, бір жылға жуық уақыт ішінде дін саласының ұзақ жылдар бойы қордаланып қалған проблемаларына ғылыми тұрғыдан терең талдау, жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізді деп пайымдауға болатын шығар. Өйткені мемлекеттік органдардың маңызды шешімдері ғылыми зерттеулерге негізделуі тиіс. Демек, көпке ұзамай Дархан Қуандықұлы осы саладағы саясатты жетілдіру бойынша, алдағы уақытта болуы тиіс өзгерістер туралы өзінің нақты жоспарын қоғамға таныстыруы мүмкін деп ойлаймын.

Еl.kz:  Дін саласындағы саясаттың осыған дейінгі жақсы қыры мен кемшін тұстарын таразылап айтып бере аласыз ба?

Байбол Ержан: Жақсы жақтары өте көп, жетістіктерді көрмеу мүмкін емес. Мәселен осыдан бір ғасыр бұрынғы жағдаймен салыстырып көрейік. 1920 жылдардан бастап дін саласындағы саясат дінмен күресудің кеңінен қолданылған әдісі болды. Ол діни қызметкерлердің сайлау құқығын айырудан басталып, діни қызметті шектеу, уақыф мүлкін тәркілеу, ғибадатханалар мен медреселерді жабу, діни әдебиеттер мен ғимараттарды жою, діни ұйымдарды қоғамдық өмірден шығару, молдалар мен басқа да діни қызметкерлерді кез-келген сылтаумен жазалауға дейін жетті.

Дінге қарсы науқанның тиімділігін жеткіліксіз деп есептеп, 30-жылдардан бастап тікелей репрессиялық шараларға, яғни зорлық-зомбылыққа көшті. Артынша 37-38 жылдары НКВД үштігі ату арқылы олардың көзін жойды. Қазіргі тілмен айтқанда, Кеңес билігі тарапынан діни бостандыққа қарсы жүргізілген саясат нағыз терроризмнің өзі болды. Адамдар наным-сенімдері үшін қудаланып, олардың еркін түрде құдайға құлшылық жасауына мүмкіндік берілмеді. Бұл нәубеттің салдары санамызға сініп, сарқыншағы әлі күнге дейін сезіледі.

Ал Тәуелсіздігімізге қайтадан қол жеткізгеннен бері ахуал күрт өзгерді. Конституция деңгейінде әркімнің наным-сенім бостандығына кепіл берілді. Қазіргі танда кез келген адам қандай да бір дінді ұстануға немесе ұстанбауға, емін-еркін құлшылық жасауына толық құқылы. Азаматтарымыздың діни білім алуына, діни мәселелер бойынша ойымен бөлісуіне, діни оқуға түсуіне, ғибадат орындарын ашуына, оларға баруына, діни рәсімдерге қатысуына, діни қызметкер болып діни қызметпен айналысуына, діни мақсатта сапарға шығуына Үкімет тарапынан барлық жағдай жасалған. Бұл, әрине, үнемі шүкіршілік ететін өте құнды жетістік. Бабаларымыздың да арманы еді. Әлемде оған жеткен де, жетпеген де елдердің, халықтардың бар екендігі белгілі.

Алайда, кемшін тұстарымыз да аз емес. Сол себепті де дін саласындағы ағымдағы ахуал – күрделі, тұрақты, бірақ ауыр жағдайда. Ал кемшіліктерді реттеп, проблемаларды шешу өз қолымызда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, ынта, жігер және жоғары кәсібилік керек. Жауапкершіліктен қорықпай, жұртпен тілдесе алуымыз тиіс.

Еl.kz: Әрине, еліміз көп ұлтты, көп конфессиялы болғанымен, өзге дін өкілдері мен ислам діні арасындағы алауыздық жоқтың қасы. Бар гәп – ислам дінінің ішіндегі ағымдардың арасындағы алауыздықты байқап жүрміз. Осылай десек, қателеспейміз бе?

Байбол Ержан: Бір қарағанда солай көрінуі мүмкін. Ал шын мәнінде, әр діннің, әр конфессияның ішінде талас-тартыстар мен келіспеушіліктер, тіпті араздықтар да болып тұрады. Мемлекеттік органдар азаматтардың және тіркелген діни бiрлестiктердің арасында өзара төзушілік пен құрметпен қарау қатынастарын орнатуға, жәрдемдесуге міндетті. Алайда олардың наным-сенімін және ішкі шаруаларын реттеуге құқылы емес.

Бірақ, мәселе басқада. Біздің елде әркім, яғни қандай да діннің өкілі болсын, ең алдымен заңдар мен тәртіпті бұзбауы міндетті. Ал бүгінгі танда 400 000-нан астам жазылушысы бар 5 қазақстандық тіркелмеген діни топ Қазақстан Республикасының дін саласындағы заңнамасын бұза отыра, әлеуметтік желінің бір ғана платформасына 4 мыңға жуық бейнематериал жүктеген. Олардың қаралым саны 56 миллионға жеткен. Өкінішке орай, басқа да фактілер бар.

Сондықтан бар гәп осында. Ашық түрде өрескел заң бұзушылықты үздіксіз жасау, ұзақ жылдар бойы шара қолданбау нені білдіреді?

Еl.kz:  Деструктивті діни ағымдармен күрестің жүріп жатқанына ұзақ уақыт болды. Мемлекет алғашқыда мәселені күштік құрылымдар арқылы шешуге ұмтылғанмен, ол нәтиже бермеді. Керісінше, қылмыс әлемінің өкілдерін сапына қосып алып, қарасын молайтқаны мәлім. Соңғы жылдары басқа тәсілді қолданғанын байқаймыз. Мәселен, пікірталас, үгіт-насихат арқылы. Мұның нәтижесі қалай?

Байбол Ержан: Нәтижесі ойдағыдай деп айтуға ыңғайы келмейді. Ал, мәселені күштік құрылымдар арқылы шешуге ұмтылғанның басты себептерінің бірі – жергілікті атқарушы органдарында, яғни әкімдіктерде дін саласындағы мамандардың болмауында. Сол үшін қажетті мамандарды даярлау мақсатында Үкімет кейбір мемлекеттік ЖОО-да тиісті кафедраларды құрды. Мысыр елімен келісімге келіп Мүфтиятқа қарасты Нұр-Мүбәрак университетін ашты. Оларға республикалық бюджеттен жыл сайын оқу гранттары берілсе, әкімдіктер Мүфтиятқа қарасты медреселерге жергілікті бюджеттен оқу гранттарын бөліп отыр. Қазір облыс орталықтарында, елордада, Алматы мен Шымкент қалаларында мамандар қамтылған деп жалпы айтуға болады. Бірақ жалақы мөлшері өте төмен. Яғни бар-жоғы 70-80 мың теңге болғандықтан, қызметкерлер тұрақтамайды.

Ауылдық, аудандық және аудандық маңызы бар қалаларда Мүфтияттың имамдары мен ұстаздарына да оңай болмай отыр. Өйткені олар да мемлекеттік бюджет есебінен даярланған мамандар болғанымен, діни қызметтерін қоғамдық негізде жүргізеді. Яғни еңбек шарты жасалып, жалақы төленбейді. Ал халық тарапынан діни мәселелер бойынша ағартушылық жұмыстарға сұраныстың жоғары екендігі белгілі. Алдағы уақытта да ол үрдіс арта бермек. Сол тұрғыдан қарайтын болсақ, әкімдіктер Мүфтияттың аталған қызметкерлерін тұрақты түрде ақылы ағартушылық жұмыстарына тартуы мақсатқа лайықты көрінеді. Мұндай әлеуметтік маңызы бар жобалар зайырлылық қағидаттарына мүлдем қайшы емес. Барлық тарапқа да ұтымды. Жақында ғана Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайтыны жайлы атап айтқан.

Соңғы 4 жылда осы проблеманы шешуге белсенді атсалысып жатырмын. Жетістіктер бар, бірақ кешенді түрде шешілмей отыр. Дамудың бірден-бір жолы кадрға байланысты екені түсінікті. Сондықтан адами капиталға инвестиция құю – басты міндетіміз деп білемін.

Есіңізде болса, биыл «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасында азаматтармызды қатерлі секталардан қорғаймыз деп аманат арқалаған. Осыған орай бұл өзекті мәселелерді шешу үшін «AMANAT» партиясының депутаттарымен, Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатамен жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Еl.kz:  Қазақстан алғашқыда дін бостандығын жария еткенімен, соңғы кездері кейбір орталығы шетелде орналасқан христиандық болсын, мұсылмандық болсын, діни ағымдарға, секталарға, олардың қызметіне шектеу қоя бастады. Бұл шара тек қана ел заңын бұзғандарға қолданды ма, әлде идеологиялық себептері де болды ма?

Байбол Ержан: Оның себебі біреу ғана: Қазақстан азаматтарының өмірі мен денсаулығына зиян тигізуі, мүлкіне залал келтіруі болды. Жалпы, адамдардың наным-сенім бостандығына деген құқығы іргелі, яғни тума құқыққа жатады және ол тек бір жағдайда ғана мемлекеттік билік тарапынан шектелуі, реттелуі мүмкін. Егер адамдардың өмірі мен денсаулығына анық зиян тигізсе, мүлкіне залал келтіретін болса. Бұл халықаралық норма және еліміз осы бағыттағы халықаралық келісім-шарттарды ратификациялап, оларды орындауға өзіне ерікті түрде міндет алған.

Еl.kz:  Соңғы кездері елімізде мұсылмандар мен тәңіршілер арасында айтыстарға куә болып жүрміз. Кейде шектен шығып жатады. Сенім еркіндігі болғаны жөн, бірақ осы кикілжіңдердің алдын алуға бола ма?

Байбол Ержан: Әрине, әрбір діни сарындағы алауыздықтың алдын алып, оның өршуіне, елімізде діни қақтығыстардың орын алуына жол бермеуіміз керек.

Объективті түрде қарасақ, кейбірулері мұсылмандардың ғана емес, христиандар мен яхудейлердің де дiни сезiмдерiн қорлауда. Ал, Ата заңымыздың 39-бабының 2-тармағына сәйкес, дінаралық немесе конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады.

Заң алдында жауапкершіліктің жоқтығын сезінген болса керек, өзіңіз байқағандай шектен шығып, дiни төзбеушiлiктi насихаттайтын, оны iс жүзiнде іске асыратын қоғамдық бірлестіктерді құруда. Олардың іс-әрекеттерінде Қылмыстық кодекстің 404-бабының 2-бөлігінде қарастырылған қылмыстың белгілері көрінеді.

Соңғы 2-3 жыл бойы сарапшылардың тарапынан бұл үрдістер туралы толыққанды ақпараттар уәкілетті және жауапты органдарға беріліп келеді. Сондықтан бұл мәселе бойынша жастарға биліктен үміт үзіп, ашуға бой беріп, эмоцияға салынып «өзінше билік етуге», орысша айтқанда «самоуправствоға» баруға болмайды, яғни қылмысқа қылмыс жасау арқылы жауап берілмеуі тиіс.

Бірақ проблеманың салдарымен күреспес үшін, уәкілетті орган әуелі ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстарын сапалы ұйымдастырып, заң бұзушылық фактілері бойынша жүйелі превентивтік шараларды дереу қабылдауы қажет.

Еl.kz:  Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға