Жаңалықтар

Байбарыс па, Бейбарыс па?

Шынтуайтына келгенде, қыпшақ мәмлүктерді басқалардан ерекшелендiрiп тұрғаны олардың түркiше аттары ед
Байбарыс па, Бейбарыс па?
Фото: facebook.com 14.11.2022 10:13 3722

Қазіргі заманда Таяу Шығыс деп аталатын аймақта орналасқан елдердiң – Мысыр, Сирия, Иордания, Ливан, Израиль, Палестина автономиясының жерлерi, Сауд Арабиясының Хиджаз жерi мен Ирақтың Евфрат өзенiнiң батыс жағындағы жерлерiн және Түркияның оңтүстiк шығысындағы бiршама жерлердi қамтыған Түркi мемлекетiн 132 жыл басқарған Қыпшақ династиясының негiзiн салушы Байбарыстың ресми толық аты-жөнi – қаһарлы патша, нағыз патша, айбатты арыстан, жеңімпаз, дін мен дүние тірегі Байбарыс бин Абдулла әл-Бундуқдари ас-Салихи ан-Наджми әл-Айуби әл-Ханафи ат-Турки – Мысыр (Египет), Шам (Сирия) және Хиджаз (Мекке менен Мәдина) сұлтаны.

Шам атауы түсінікті болуы үшін кей жерлерде Сирия деп көрсетіп отырмыз. Себебі ол кезде Шам деп қазiргi Сирия, Ливан, Иордания, Палестина, Израиль және Ирақтың Евфрат өзенiнен бергi жақтағы жерлердi, ал Рүм деп қазiргi Түркияның  жерлерiн атаған. Ал Хиджаз – Мекке менен Мәдина орналасқан мұсылмандар үшiн қасиеттi жерлер. Осы заманғы Сауд Арабиясы мемлекетiнiң Қызыл теңiз жағы.

Елiмiздiң тәуелсiздiкке қол жеткiзiп, егемен елге айналуы халқымыздың өткенiне жаңаша тұрғыдан қарауға, оң мен солды жаңа жағдайға сай түгендеуге мүмкiншiлiк тудырды. Тарихи әдiлеттiлiктi орнату тек жалпыда ғана емес, жалқыда да болу керек деген уәждi басшылыққа алсақ, сұлтан Байбарыс есiмiнiң елiмiздiң бұқаралық-ақпарат құралдары арқылы, ауызекi тiлде де бұрмаланып, қате түрде айтылып және жазылып келе жатқандығы – өкiнiштi жайт. Азды-көптi әдеби шығармалар, газет-журналдар беттерiндегi материалдар, әсiресе сұлтан туралы «Қазақфильм» туындысы халық санасына осы Бейбарыс деген қате атауды сiңiрiп жiберген.

Шынтуайтына келгенде, қыпшақ мәмлүктерді басқалардан ерекшелендiрiп тұрғаны олардың түркiше аттары едi. Мәмлүктердiң ислам дiнiн қабылдағандықтарына қарамастан өздерiнiң таза түркі аттарын әсте ұмытпаған, тастамаған. Олардың есiмдерiнен тәңiршiлдiк лебi есiп, дала перзенттерiнiң еркiндiкке деген ұмтылысы көрiнiп тұрады. Мысалы, Көкбөрi, Тәңiрбердi, Жауыршы, Қарасұңқар, Тұрымтай, Сатылмас секілді есімдерде өткеннiң қаншама айбынды елестерi бар десеңiзшi! Олар жат жұртта туған балаларына да қастерлеп сол аттарды берген. Мұсылманша аттары олардың ресми есiмдерi еді. Мысалы, Рукнуддин Байбарыс, Сейфуддин Ақтай және т.б.

Байбарыс – мәмлүктер арасында кең тараған есiмдердiң бiрi. Ортағасырлық тарихшылардың еңбектерiнде кездесетін бұл есiмдi қыпшақтардың саны оннан асады. Бүгiнгi таңда ғылыми-әдеби айналыста оның Байбарс, Бейбарс және Бибарс түрiндегi нұсқалары бар. Солардың қайсысы дұрыс? Әрине, бай, бей және би сөздерiнiң түбiрi бiр, бек сөзінен тараған. Бiрақ бiздiң алдымызға қойып отырған мақсатымыз басқа. Мақсат – болашақ сұлтан Едiл мен Жайық арасындағы кеңiстiктегi киiз үйдiң iшiнде шыр етiп дүниеге келгенде оған берiлген есiмдi қайта қалпына келтiру. Оның үстіне, 14 жасында Үрiмге сатылған Байбарыс, ислам дiнiне өткенде әке-шешесi берген атты сақтап қалған.

Араб тiлдi тарихнамаға жүгiнсек, ортағасырлық тарихшылардың басым көпшiлiгi Байбарыс атын Байбарс деп жазып, оны араб тіліне аударғанда  الأمير الفهد  - әмiр барыс деген мағынаны бiлдiредi деп көрсетедi.

Дегенмен араб тiлiндегi қысқа дауысты дыбыстар арнайы белгiлермен белгiленiп, жеке әрiптiк таңбалары болмағандықтан, бұл тiлге енген бөтен тiлдердiң сөздерi бұрмаланып, жазылуында және оқылуында үлкен алшақтық туады. Көптеген тарихшылардың еңбектерiнде сұлтан аты қысқа дауысты дыбыстары белгiленбей жазылды. Сондықтан бұл сұлтан атын Бейбарс, Бибарс деп әр қилы оқуға жол ашты. Ал тарихшылардың кейбiреуi, мысалы: Ибн Тәңiрбердi (1441 ж. т.) өзiнiң «ан-Нуджум аз-захира фи мулук Миср уа әл-Қаһира» (Мысыр мен Каир патшаларының iшiндегi жарқыраған жұлдыздары) деген атақты еңбегiнде, ан-Нуайри (1331 ж.қ.б.) «Ниһаяту-л-араб фи фунун әл-адаб» (Әдеп өнерiндегi ынтаның шегi) еңбегiнде Бибарс деп жазады.

Ал мәмлүк дәуiрiне қатысты жазба мұралар мол сақталған Түркияға келсек, түрiк зерттеушiлерiнен Ф. Сунер «Turk devletleri tarihinde Sahis Adlari» (Түркi мемлекеттерi тарихындағы адам есiмдерi) (Стамбул, 1999) атты еңбегiнде барлық бай сөзi бар есiмдердi бай деп келiп, Байбарысқа келгенде бей-ге ауысады.

Негізі, ғылыми қолданыста, оның ішінде ағылшын, француз, немiс тiлдерiндегi еңбектерде Байбарыс атауы қабылданған. Мәмлүк дәуiрiне қатысты әдебиеттерде Baybars деп жазылады.

Сұлтан есiмiнiң орыс тiлдi зерттеулер беттерiнде алғашқы рет 1884 жылы Санкт-Петербургте орыс шығыстанушысы В. Тизенгаузеннiң «Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды» еңбегiнiң мәмлүктер дәуiрi туралы жазылған араб және парсы тiлдерiндегi еңбектердiң Алтын Ордаға қатысты тұстары алғашқы рет орыс тiлiне аударылып берiлгенде Бейбарс, 1890-1907 жылдары жарық көрген «Энциклопедический словарь Брокгауза  и Ефрона» сөздігінің 1891 жылғы ІІІа томында Бибарс түрiнде берiлген.

Кейбiр ғалымдар сұлтан атының этимологиясына онша көп мән бермеген секiлдi. Мысалы, кеңес шығыстанушысы М. Фильштинский 1975 жылы Мәскеуде жарық көрген «Жизнеописание султана Бейбарса» атты араб тiлiнен аудармаға жазған алғы сөзiнде Бейбарс деп, «История арабской литературы X–XVII веков» (Москва: Наука, 1991) деген еңбегiнiң «Жизнеописание султана аз-Захира Байбарса» атты бөлiгiнде Байбарс деп жазады.

Осы олқылықты байқаған В. Тизенгаузен 1884 жылы жоғарыда аталған еңбегiнде: «За правильность многих других татарских имен я не ручаюсь вследствие странной неурядицы, которую мы находим в этом отношении у различных писателей или, правильно, в различных рукописях, передающих имя одного и того же лица на всевожможные лады. Установление настоящей имени каждого из этих лиц будет зависеть уже от дальнейших разысканий», – деп бұл мәселені арнайы атап өткен.

Мәмлүк дәуiрiне қатысты атаулар, кезiнде өз қолымыз өз аузымызға жетпегендiктен, қазақ тiлiне орыс тiлi арқылы кiргендiгi белгiлi. Бейбарс, Айбак, Аксункур, Балпан, Октай, Тагрибирди және т.б. түрде ғылыми-әдеби айналысқа енген атаулардың дұрысы Байбарыс, Айбек, Ақсұңқар, Балапан, Ақтай, Тәңiрбердi екендiгi даусыз.

Негізі мәмлүк сөзi мамлюк, мамлук деген формалардан гөрi дыбысталуы жағынан ана тiлiмiздiң үндестiк заңына толық бағынып, қазақ құлағына жағымды естiледi. 

Бұл жерде сұлтан атына байланысты шым-шытырық арасында «Қазақ совет энциклопедиясы» (Алматы, 1973) ерекше орын алып тұрғанын айта кеткен жөн. Осы үлкен сөздiктiң 2-томының 82-бетiнде сұлтан аты майлы әрiптермен Байбарыс деп жазылған. Осы мақаланың авторы нақты дәлелсіз сұлтан есiмiн интуитивтi түрде дұрыс жазған. Еуропаша варианты Бейбарс, Бибарс деп те көрсетiлген, сұлтан туралы мағлұмат iздеген адам оны  энциклопедиядан тек бай сөзi арқылы табады.

Осы орайда қазақ тiлiнде жүзден астам бей-ден басталатын сөздердiң көпшiлiгi парсы тiлiнен енген бей терiске шығару қосымшасының көмегiмен жасалған сөздер екендiгiне назар аударғымыз келедi. Мысалы; беймаза, бейшара, бейбақ, бейуақ…

Сонымен, сұлтанның атының Бейбарс және Бибарс түрлерiнiң шығуына араб әлiппесiнiң кiрме сөздердi таңбалаудағы әлсіздiгi (қысқа дауысты дыбыстардың таңбаланбауы), тарихшылардың сұлтан атының этимологиясына жете мән бермегендiгi, оның iшiнде, қате атаудың тарауына мәмлүктерге қатысты атаулар қазақ тiлiне басқа тiлдер арқылы келгендiгi басты себеп болды.

Жоғарыда айтылғандарды тұжырымдай келе, сұлтанның дұрыс аты Байбарыс деп санаймыз.

Бiрiншiден, сол кездегi қыпшақ, жалпы алғанда түркi есiмдерiн зерттеп қарағанда бай сөзi, көбiнесе ХIХ-ХХ ғасырлардағыдай емес, адам атының басында келiп отырған. Мысалы, Байбарыстың замандастарының аттарын ғана мысалға келтiрсек: Байғара, Байдара, Байтуған, Байтемiр, Байсары және т.б.

Екiншiден, ортағасырлық тарихшылардың басым көпшiлiгi өз еңбектерiнде сұлтанның атын Байбарс деп көрсетiп отырған. Байбарыстың замандастары тiрi кезде жарық көрген қыпшақ Ибн Меңлiнiң «ат-Тадбират ас-султания фи синағат әл-инша әл-харбия» (Соғыс өнерi iсiндегi сұлтанның шаралары) атты қолда бар қолжазбада сұлтан аты Байбарс деп асты-үстi белгiлермен анық жазылған.

Әрине, жазба деректер бiздiң заманымызға жеткенше бiрнеше рет қайта көшiрiлiп жазылды, бiрнеше хатшылардың қолынан өттi, олар, қасақана болмаса да, жете мән бермегендiктен шындықты бұрмалайтын өзгерiстер еніп кетуі мүмкiн. Сондықтан Байбарыс вариантының дұрыстығының бұлтартпас дәлелi 1265 жылы Каир қаласында сұлтанның бұйрығымен салынған мешiттiң iшiнде тұр деп санаймыз. Осы мешiттiң қақпасы және күмбезiнiң iшiне темiрден құйылған екi тақтайша орнатылған, онда: «Бұл мүбарак күмбездi салуға иемiз сұлтан, айқын патша, дүние мен дiн тiрегi, жиһангер, ислам мен мұсылмандардың сұлтаны, мұсылмандар әмiрлерiнiң еншiлесi Байбарыс ас-Салихи хиджраның 666 жылы бұйрық бердi», – деген жазу бар.

Арабша Байбарс деп жазылған. Транскрипциясы: Б-а (фатха) -й-б-а (фатха) -р-с. Есiмнiң бiрiншi б әрпiнiң үстiндегi қысқа а дыбысын бiлдiретiн сызықша фатха көрiнiп тұр. Сұлтанның оқты жанары түскен, көзi тiрiсiнде жасалған тақтадағы сұлтан есiмiнiң дұрыстығына ешбiр күмән келтiруге болмайды.

Қорыта келгенде, қазақ даласының перзентi сұлтан Байбарыс түркiнiң қара шаңырақ иесi Қазақстан үшiн бұл күндерi беймәлiм Бейбарс емес, өз заманының және кейiнгi тарихшылардың еңбектерiнен өзiне лайық орын алған, тарихта терең iз, артына мол материалдық мұра қалдырған даңқты тарихи тұлға. Сондықтан бабамыздың атын дұрыс айту және жазу – тарихи шындықты қайта қалпына келтiру ғана емес, оның аруағына деген құрмет пен тағзым белгiсi деп санаймыз. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға